ПОДЕЛИТЬСЯ
03 января 2019 | 15:47
Қазақ сәукелені өмірінде бір-ақ рет киген және ешқашан сыйға бермеген - Тарихшы
Қазақ халқы сонау заманнан бері бас киімге зор мән берген. Оны қадір тұтып, тәрбиелік маңызы зор деп түсінген. Қазақ киімдерінің арасында ерекше орын алатын ұлттық бас киімдердің бірі - сәукелеге тоқталар болсақ, ол тек бас киім емес, ұлттық құндылық болып саналған. Тіпті сәукеле кигізу дәстүрі деп атап өтілген.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақ халқы сонау заманнан бері бас киімге зор мән берген. Оны қадір тұтып, тәрбиелік маңызы зор деп түсінген. Қазақ киімдерінің арасында ерекше орын алатын ұлттық бас киімдердің бірі - сәукелеге тоқталар болсақ, ол тек бас киім емес, ұлттық құндылық болып саналған. Тіпті сәукеле кигізу дәстүрі деп атап өтілген.
Осы ретте тарихшы Жұлдыз Орманова Tengrinews.kz тілшісіне қазақ қыздарының сәукелені қандай жағдайда киетінін және оның құндылығы неде екенін айтып берді.
Орманова сәукелені қыздардың тек ұзатылатын уақытта және өмірінде бір рет қана киетінін айтады. Айтуынша, дәстүр бойынша, оны айырбастауға немесе басқа адамға киюге беруге де болмайды.
"Тарихта сәукеленің орны мүлде бөлек. Сәукеле кигізуді бөлек бір дәстүр деп айтса да болады. Яғни, қазақ қыз баламен қоштасу кезінде, қызын қияға қондырған кезде оған сәукеле кигізген. Оны киелі деп санап, қадір тұтқан, жылдар бойы сақтаған. Оны ешқашан да ешкімге сыйламаған. Сәукелені басқа біреумен, тіпті туысыңмен айырбастауға немесе басқа адамға киюге беруге болмайды. Себебі сәукелені қызы барған жерінде бақытты болсын деп, жақсы отбасыға түссін деп кигізген. Оны түрлі бағалы тастармен, әшекейлермен безендірген", - дейді Орманова.
© Этнографиялық сән театры және ұлттық киімдер этномұражайы
Бұдан бөлек, тарихшы бұрынғы замандағы және қазіргі уақытта киіліп жүрген сәукелелердің айырмашылығы жайлы айтып берді.
"Бүгінде қазақ қалыңдықтары көбіне еуропалық стильдегі сәукелелерді киеді. Заманауи сәукелелерге деген сұраныс артып жатыр. Яғни, ұлттық нақыштағы, қазақи элементтері қалып барады. Себебі басым бөлігі қымбат тастармен көмкергісі келеді. Амал не, қазір көбі сәукеле кимейді. Дегенмен сәукеленің тәрбиелік мәні зор екенін ұмытпау керек", - дейді Орманова.
© Этнографиялық сән театры және ұлттық киімдер этномұражайы
Тарихқа үңілсек, ертеде сәукеленің биіктігі 50-70 сантиметрге дейін барған. Сәукеленің негізгі бөліктері - тәж, төбе, құлақбау және артқы бойы. Оны асыл тас, алтын, күміс, меруерт, маржанмен өрнектеп, алтын жіппен әшекейлейтін болған. Осылайша, ХІХ ғасырдағы қазақ қалыңдығының киімі әлем халықтары арасындағы ең әдемі киім үлгілерінің бірі болған.
Қазақтар көбіне қалыңдықтың сәукелесіне жеңіл матадан, үлкен жамылғы таққан. Жамылғы қалыңдықтың бүкіл дене сымбатын жауып тұрған. Бұдан бөлек, қалыңдық сәукелесінің бірнеше түрі болғанын айта кету керек. Олардың кейбірі қымбат тастарымен ерекшеленген. Алайда сәукелелердің басым бөлігінде және міндетті түрде "құлақ бау" мен "артқы бау" тағылған.
Осыдан-ақ, қазақ халқының қай заманда да баскиімге ерекше көңіл бөліп, құрметпен қарағаны байқалады.
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также