Парижде 420, Алматыда 25 теңге - Электрсамокатты жалға алу тиімді ме

12 Маусым, 20:38
9
© Фото: Facebook/ Yerlan Aukenov
© Фото: Facebook/ Yerlan Aukenov

Алматыда кикшеринг (ағыл. kick scooter - самокат) жүйесі іске қосылады деп жоспарланып жатыр. Яғни бұл жүйе электрсамокаттарды жалға алуға мүмкіндік береді. Ал оның бағасы басқа елдерден әлдеқайда төмен екен. Электрсамокатты жалға алу құны минутына 25 теңге, ал оны бұғаттан шығару 100 теңге деп хабарланған. 

Tengrinews.kz тілшісі Еуропа және Америка елдерінде дамыған кикшеринг жүйесі туралы анықтап білді. Сондай-ақ кикшеринг жүйесінің басымдықтары мен кемшілік тұстарын да анықтадық.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов желідегі парақшасында еліміздегі кикшерингтің бағасы басқа елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен екенін мәлімдеді.

"Айтар болсақ электрсамокаттың құны Парижде - 420 теңге, Берлинде - 80 теңге, Амстердамда - 120 теңге. Бұл кикшерингтің бір минуттық құны. Негізі бастапқыда кикшеринг жүйесінде тұрақты орналасатын бекеттер болмаған. Салдарынан оларды кез келген жерге қалдырып, жаяу жүргіншілерге кедергісін келтіретін. Бұл мәселені туындырмау үшін Алматыда жалға беретін бекеттер іске қосылады. Бастапқыда 35 бекет және онда 300 электрсамокат болады. Ал оны бұғаттан шығару үшін тек ұялы телефондағы бағдарлама қажет. Сонымен қатар, электрсамокатты өткізу де қиын емес, оны бекетке қойып, кейін бағдарлама арқылы оны бұғаттауға болады", - деді Ерлан Әукенов. 

Алматы қаласының тұрғыны Жасұлан Мырзатаевтың электрсамокатты пайдаланып жүргеніне екі жыл болған екен. Оның айтуынша, электрсамокат оған қаржылық қиындық тудырмайды. Ол құрылғының тиімді тұстары көп екенін айтады. 

"Меніңше, электрсамокатты жалға алғанша, сатып алу керек. Ал егер бірден сатып алуға ақша жетпесе, оны несие немесе бөліп төлеу арқылы иеленуге болады. Сондай-ақ бірден электрсамокаттың жақсы үлгісін сатып алу керек. Негізі, құрылғыны зарядтауға да көп ақша кетпейді. Менің есептеуімше, 1 шақырымға 2 теңге төлейсіз. Негізі жалға алғаннан гөрі, жаңа үлгідегі, сондай-ақ қуаты күшті электрсамокатты сатып алған жөн. Мұндай құрылғы шамамен 150 мың теңге тұрады. Меніңше, электрсамокатты әрдайым жалға алып жүргеннен гөрі, сатып алғаным тиімді", - дейді ол.

Жасұланның сөзінше, электрсамокатты жалға алуға арналған бекеттердің кемшілігімен қоса артықшылықтары да бар. 

"Енді электрсамокатты жалға алуға арналған бекеттердің басымдықтарына тоқталар болсақ, ол, ең біріншіден, пайдалануға қолайлы. Электрсамокатыңды әрдайым өзіңмен бірге алып жүруің керек. Осы тұсы қолайсыз. Егер бір ғимаратқа кіргенде онда тек баспалдақ болса, құрылғыны көтеріп жүру қажет. Сондай-ақ жаңбырлы күні онымен қозғалу қиын. Себебі мұндай бағалы құрылғыға су тисе, кейін ол істен шығуы мүмкін. Сонымен қатар ең басты проблема - электрсамокаттың қуаты. Қуаты азайып немесе зарядтауды ұмытсаң, онда құрылғыны көлікпен тасымалдауға тура келеді. Электрсамокаттың көлеміне байланысты оны қоғамдық көлікте тасымалдау ыңғайсыз. Осы жоғарыда айтылған проблемалар үшін жалға алуға арналған бекеттердің басымдықтары бар деп ойлаймын", - дейді ол.

Мырзатаевтың сөзінше, кикшерингтің тағы бір басымдығы - электрсамокатты көшедегі бір бекеттен алып, кейін екінші бекетке қойып кетуге болады. Яғни, оны үйдің ішіне және басқа да жерлерге тасымалдаумен әуре болмайсыз. 

Айта кетейік, кикшеринг жүйесі 2017 жылдан бері сұранысқа ие. Бұл жүйе Еуропа елдерінде көп қолданылады. Сондай-ақ Берлин, Мадрид, Парижде электрсамокаттың парктері бар. Кикшеринг ең алғаш рет 2012 жылы Сан-Францискода іске қосылған. Қазіргі уақытта бұл жүйе Еуропа елдерінде өте жақсы дамыған. 

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (9)
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц