Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
29 марта 2021 09:28

Совхоз жұмысшысы, инженер. Әкімдер еңбек жолын қайда бастаған?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Порталымызда бұған дейін еліміздің ірі қалалары мен облыс әкімдерінің еңбек жолы туралы материал шыққан. Ол кезде бірқатар әкім аталмаған еді, одан бері кей әкім қызметінен кеткен. Tengrinews.kz тілшісі тағы бірнеше әкімнің еңбек жолын қандай мамандықтан бастағанын баяндайды. 


Порталымызда бұған дейін еліміздің ірі қалалары мен облыс әкімдерінің еңбек жолы туралы материал шыққан. Ол кезде бірқатар әкім аталмаған еді, одан бері кей әкім қызметінен кеткен. Tengrinews.kz тілшісі тағы бірнеше әкімнің еңбек жолын қандай мамандықтан бастағанын баяндайды. 

Бақытжан Сағынтаев - оқытушы


Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі 

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алған, экономика ғылымдарының докторы атағы бар.  

Еңбек жолын 22 жасында бастаған. Алматы халық шаруашылығы институты саяси экономика кафедрасының оқытушысы болған. Кейін бірнеше жыл ҚазҰУ-да тәлім берген, социология кафедрасының ассистентінен доцентіне дейін көтерілген.  

Ал мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі 1998 жылдан басталады. 35 жаста болған Сағынтаев Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған. Кейін еңбек жолында Премьер-министр кеңсесінің басшысы, ұлттық экономика министрі, өңірлік даму министрі, Павлодар облысының әкімі, премьер-министр лауазымдары болған. 

2019 жылдың 28 маусымынан бері Алматы қаласының әкімі. 

Амандық Баталов - инженер


Фото: Амандық Баталовтың Facebook-парақшасынан 

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов - мамандығы бойынша "инженер-гидротехник". Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде тәлім алған. 

Ол еңбек жолын өндірісте құрылыс инженері болып бастаған. Ұзақ уақыт құрылыс кәсіподағында қызмет еткен. 1989 жылдан бастап екі жыл Қазақ КСР Министрлер Кеңесі құрылыс материалдары өнеркәсібі бөлімінің жетекші маманы, бас маманы болған.

Содан бері мемлекеттік қызметте жүр. Тәуелсіздік алғаннан бері әкімдікте қызмет етіп келеді. Алматыдағы Бостандық ауданы әкімінің орынбасары, Жетісу ауданының әкімі, Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 

Ал 2014 жылдың 20 тамызынан бері Алматы облысын басқарады. 

Бердібек Сапарбаев - совхоз жұмысшысы


Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев оқуға түспес бұрын жұмыс істеген. 16 жасында Қызылорда облысындағы "Задаринский" совхозының жұмысшысы болған. Екі жылдан соң әскерге аттанған. 

Әскерден келген соң Алматы халық шаруашылығы институтына түсіп, экономист мамандығын оқыған. 

Оқуын бітірген соң 11 жыл бойы Қазақ КСР Қаржы министрлігінде жұмыс істеген. Қарапайым экономистен бөлім басшысының орынбасары қызметіне дейін көтерілген. 

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін де мемлекеттік қызметін жалғастырған. Еңбек жолында Қызылорда, бұрынғы ОҚО, ШҚО, Ақтөбе облыстарының әкімі болған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, премьер-министр орынбасары лауазымдарын атқарған. 

Былтырғы 10 ақпаннан бері Жамбыл облысын басқарады. 

Жеңіс Қасымбек - зерттеуші


Фото flickr.com

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек 1997 жылы Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын тәмамдаған, мамандығы - сәулетші-дизайнер. Оқу бітірген соң сол академияның зерттеушісі болған. 

Кейін "Темірбанкте" бас маман болып қызмет еткен. Мемлекеттік қызметте жүргеніне де бірнеше жыл болған. 30 жасында көлік және коммуникациялар вице-министрі болып тағайындалған. 2014 жылы осы ведомствоның басшысы болған, екі жылдан соң инвестиция және даму министрі атанған. 

2019 жылы ақпанда премьер-министр орынбасары қызметіне тағайындалса, сегіз айдан кейін Қарағанды облысының әкімі лауазымына ауысқан. 

Құмар Ақсақалов - бас инженер


Фото: pkzsk.info

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Мәскеудегі Горячкин атындағы ауылшаруашылық инженерлері институты білім алған, мамандығы - инженер-механик. 

Еңбек жолын Қостанай облысындағы "Крыловский" совхозында бас инженер болып бастаған. Артынша түрлі совхозда, колхозда еңбек еткен. 

1998 жылы Қостанай облысындағы Меңдіқара ауданы, төрт жылдан кейін Таран ауданының әкімі болған. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. 

2017 жылдың 14 наурызынан бері Солтүстік Қазақстан облысын басқарады. 

Мұрат Әйтенов - инженер


Фото: Шымкент әкімдігінің баспасөз қызметі

Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов Ресейде білім алған. 2004 жылы С. М. Штеменко атындағы Краснодар әскери институтын "ақпаратты қорғауды ұйымдастыру және технологиясы" мамандығы бойынша тәмамдаған. Одан бөлек Қарағанды экономика университеті мен М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде тәлім алған. Мамандықтары - инженер, заңгер. 

Әкім еңбек жолын сол 23 жасында бастаған. Алғашқы қызметі - аға инженер. Екі жыл бойы ҚР Қорғаныс Министрлігі жанындағы арнайы байланыс бөлімінде еңбек еткен. 

Кейін он жылдан аса уақыт бойы ҚР Президенті Іс басқармасында түрлі лауазымда болған. 

Әйтенов 2019 жылы тоқсанда Шымкент әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалған. Бұл қызметте бір айға жетпей жұмыс істеп, кейін Шымкент әкімі қызметіне кіріскен.

Гүлшара Әбдіқалықова - инспектор


Фото: Tengrinews.kz 

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін "экономист" мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын аймақтық халықты әлеуметтік қорғау басқармасында инспектор ретінде бастаған. 

Саяси жолында Президент көмекшісі, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі секілді лауазымдар бар. Премьер-министр көмекшісі, Қазақстанның бас хатшысы қызметтерін атқарған. 2019 жылы Мәжіліс депутаты атанған. 

Ал былтыр 28 наурызда Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды. Ол Қазақстанда облыс әкімі атанған алғашқы әйел болған еді.

Оңдасын Оразалин - оқытушы


© aktobe.gov.kz

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин сол жақтағы педагогикалық институтты тәмамдаған. Еңбек жолын сол институтта оқытушы болып бастаған. Кейін түрлі компанияда қызмет еткен. 

2000 жылы Ақтөбе облысындағы Мұғалжан ауданының әкімі қызметіне тағайындалған. 2006 жылы Президент Әкімшілігіне ауысып, 2019 жылға дейін сонда түрлі қызмет атқарған. 

Ал 2019 жылдың 26 ақпанынан бері Ақтөбе облысын басқарады. 

Инженер, балқытушы, оқытушы. Министрлер еңбек жолын кім болып бастаған?

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 448.12   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети