Ауылдан Алматыға күнде қатынайтын студенттің өмірінен бір көрініс

05 Сәуір, 11:23
5

Таңғы 05:30-да тұрып сабаққа немесе жұмысқа барып көрдіңіз бе? Не үшін сонша ерте, ол кезде адамдардың бәрі ұйықтап жатпай ма деген сұрағыңыз орынды. Дегенімен күнделікті осынша ерте тұрып, үйіне кеш қайтатын жандар бар. Жоқ, олар жұмысын сүйгеннен ерте барып алып, түн батқанша отырып, молынан ақша табатындар қатарынан емес. Ол экранға қарап отырған сіз бен осы материалды жазған біз сияқты қарапайым адамдар. Бүгін біз Алматы маңындағы қаладан 38 шақырым жердегі ауылдан күнде қатынайтын студенттің өмірінен бір көрініс жасап, кептелісті сізден де артық жеккөретін адамдардың барын көрсеткіміз келді. Облыс тұрғындарының Алматыға қалай қатынап жүргені туралы Tengrinews.kz материалынан оқыңыздар. 

Алдымен азырақ дерек келтірсек. Ресми мәлімет бойынша, Алматыға жақын маңдағы қалалар мен ауылдардан күнделікті 300 мың көлік кіреді екен. Әлбетте олар Алматыдан жұмыс тапқан жақын маңдағы ауыл тұрғындары. Шамалап алғанда мұнша көлік сағат 7:30 бен 9:30 аралығында кіріп, 17:30-дан 20:00 аралғында кері шығады. Орта есеппен әр көлікте 3 адамнан болды деп есептесек (бір ғана адам отырған көліктердің есесіне, 30-40 адам сиятын қоғамдық көліктердің барын ескерсек, есебіміз айтарлықтай әділ болу керек) Алматыға сырттан күніне 800 мың адам келетін болып отыр. 

Енді осылардың арасындағы бір студенттің күнделікті өмірінен көріністерді мысал етіп көрейік.

Таныс болыңыздар бұл - Санатжан Жұмағазинов, Алматы мемлекеттік көлік және коммуникациялар колледжінің 2-курсында оқиды. Тоғызыншы сыныпты бітіріп, қалаға келген. Алматы маңындағы жақындарының үйінде тұрады. Әрине оған жатақхана берілген, дегенмен, ата-анасы туысқандарының қарауында болсын деп ұлдарын соларға тапысырып кеткен.

Санатжанның әр күні таңғы 05:30-да басталады. Жуынып, киініп, таңғы асын ішкенше 40 минуттай жұмсайды екен. 

Ол үйден соңғы болып шығады, өйткені әпкесі мен жездесінің жұмысы ерте басталатындықтан Санатжан төсегінен тұрып жатқан уақытта кетіп қалады.

Есікті құлыптап шыққанан кейін көлік жүретін тасжолға дейін 10 минут уақыт жаяу жүруі керек.

Бұл жерде қалаға жолай көліктер көп, бірақ, бір бағытқа 400 теңге төлейтіндей қарапайым студенттің қалтасы қалың емес. Сондықтан ол қалаға дейін қатынайтын автобусқа отырады. 

Жолда мызғып алуға да болады, бәрібір 1,5 сағатыңды пайдалы жұмсай алмайсың. 

"Қазір қайта жақсы ғой, күн жылы. Қыста автобуста отыра алмайсың, суық. Аяқтың астындағы темірден де суық өтеді. Не отыра алмайсың, не тұра алмайсың. Қысқы үш айда ата-анамнан ақша алып, таксимен жүремін. Қар түскеннен бастап жолға жарты сағат уақыт артық жұмсайсың, жүріс қиындайды емес пе. Ал былай өз басыма 17 мың теңге шәкіртақым жетеді", - дейді кейіпкеріміз.

Иә, бұл кептеліс. Оның Алматы асып облысқа жеткелі қашан. Бұл көліктердің бәрін ұстап тұрған мына бір теміржол өткелі. Күнде жүретін автобус жүргізушісі пойыз өтетін уақытты жаттап алған. Сағат 07:00-ге дейін өтіп кету керек, ал егер өте алмасаң көлігіңді өшіріп қойсаң да болады. Шлагбаум жарты сағаттан кейін бірақ ашылады екен. 

Арада бір сағат өтіп, Саяхатқа да жеттік. Енді колледжге тезірек жетіп алу керек. 

Үзіліс арасында оқу орнындағы асханадан тамақтанып алады. Ол да жаттығу залына баратын күні ғана, жаттығу үшін күш керек дейді. Жай күндері түскі асы бір самсамен де шектеледі екен. Оқу орнындағы асхананың тағамдары тойымды әрі арзан болып шықты.

Мәселен мына бір ыдыстағы тамақ, нан және сусын небәрі 370 теңгеге беріледі екен. 

Колледждегі сабақ кейде ерте аяқталады, сағат 13:05 шамасында. Жаттығу залына дейінгі аралықтағы уақытта кітапханаға барып, ертеңгі күнгі сабағына дайындалады.

Бүгінгі кейіпкеріміз аралас жекпе-жекпен айналысып жүргенін айта кетейік. Осы залда 16:00-ден 18:00-ге дейін шынығады. 

Залдағы жаттығу аяқталып, жуынып, аялдамаға жеткенше сағат 19:00 болады. Дәлме-дәл емес әрине, шамалай алғанда.

Кешкі уақытта Саяхатта жолай көлік ұстап, үйіне асыққан облыс тұрғындары.

Ал мынау Жаңалық ауылындағы жалғыз бағдаршам, түнгі уақытта. Енді тасжолдан үйге дейінгі жолды жаяу жүріп өтсе болғаны үйде ыстық тамақ пен жылы төсек күтіп тұр. 

"Қыста жатақханаға көшіп кеткім келеді. Жаман суық кезде осынша уақыт жүрген. Жазда мұнда жақсы, демалыста шашлық жасаймыз. Кейде топтастарыммен қалада қыдырғың келеді, оған баратын жер алыс болған соң, ертеңінде сабаққа тұра алмай қаласың. Енді оған да үйреніп қалдым", - дейді Санатжан.

Получить короткую ссылку

Тегтер:

Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (5)
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц