1. Главная
  2. TengriTV
  3. Новости

Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы: Саяси дода туралы не білу керек?

Смотрите онлайн ⚡ Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы: Саяси дода туралы не білу керек? ✅ Телевизионные сюжеты про самые важные события и актуальные новости на Nengri TV.
Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы: Саяси дода туралы не білу керек?

10 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісі мен мәслихаты депутаттарының сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Сайлау конституциялық мерзімге сәйкес, 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді. Tengrinews.kz тілшісі сайлау күні қойылатын шектеулер мен ережелерді түсіндіреді.

Биылғы сайлауға 5 партия қатысады, жалпы 312 кандидат бар: "Ауыл" партиясынан - 19 адам, Nur Otan - 126 адам, "Адал" партиясынан - 16 адам, "Ақ жол" партиясынан - 38 адам, Қазақстан Халық партиясынан - 113 адам. Кандидаттарды тіркеу 10-30 қараша аралығында жүргізілді.

Партия тізімдерінде 90 әйел адам мен 222 ер адам бар. 29 жасқа дейінгі 19 кандидат бар. Ең жасы - 1995 жылғы кандидат, ең үлкені - 1950 жылғы кандидат. Барлық кандидаттың орташа жасы - 46,7.

Сайлау процесі онлайн түрде өтпейді. Ол әдеттегідей қағаз бюллетендер арқылы дәстүрлі түрде өтеді.

Биылғы сайлауға 398 халықаралық бақылаушы қатысады. Оның ішінде:

10 халықаралық ұйымнан - 322 бақылаушы (ТМД Парламентаралық Ассамблеясы - 48; ТМД - 179; Ислам Ынтымақтастық Ұйымы - 4; ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы - 42; ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы - 9; Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы - 15; Түркітілдес мемлекеттердің Ынтымақтастық Кеңесі - 7; Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымының Парламенттік Ассамблеясы - 7; түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы-9; ЕО-ның Қазақстандағы өкілдігі - 2);

31 шет мемлекеттен - 76 бақылаушы (Иордания, Қырғызстан, Мальдив, Молдова, Түркия, Әзірбайжан, Армения, Индонезия, Өзбекстан, Ресей, Румыния, Үндістан, Филиппин, Венгрия, Испания, Норвегия, Франция, Швейцария, Польша, Чехия, Италия, Эстония, Украина, Германия, Бельгия, Палестина, Ұлыбритания, Моңғолия, Швеция, Канада, Финляндия) қатысады.

Партиялар туралы қысқаша: 

"Адал" партиясы: төрағасы - Серік Сұлтанғали. Мақсаты - адам, Қазақстан азаматы, оның қажеттіліктері, мәселелері, құқықтары мен әділдігі. Партия атынан 12 ер адам мен 4 әйел адам үміткер. 

Nur Otan: төрағасы - Нұрсұлтан Назарбаев. Мақсаты - саяси жұмыс әдістерімен азаматтық қоғамның дамыған институттары, қазіргі заманғы бәсекеге қабілетті саяси жүйесі бар экономикалық мықты, демократиялық, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет құруға қол жеткізу. Партия атынан 126 кандидат қатысады.  

"Ауыл" партиясы: Төрағасы - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев. Партияның мақсаты - жахандану жолына түсіп, барлық жаңа технологияларға есігін айқара ашқан, сөйте тұра өзінің ұлттық рухын, мәдени-рухани әлеуетін, дәстүрін, тілін, дінін сақтап қалған, сонымен қатар әрбір азаматы жоғары дәрежеде өмір сүріп жатқан еркін, мықты, дамыған Қазақстанды тұрғызуға атсалысу. Партия атынан 15 ер адам мен 4 әйел адам үміткер. 

"Ақ жол" партиясы: Төрағасы - Азат Перуашев. Мақсаты - әрбір азаматтың еркін дамуы, оның құқықтары мен бостандықтарын сақтау, барлық қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыру, сондай-ақ қазақстандық қоғам мен мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік және саяси прогресіне қол жеткізу үшін қажетті жағдайлар жасау. Партия атынан 38 адам депутаттыққа үміткер. 

Қазақстан Халық партиясы: Мақсаты - шынайы халық үкіметі, әлеуметтік әділеттік, рухани бостандық пен ғылыми-техникалық ілгерілеу және ғылыми-техникалық қағидаттар негізінде өркендеген экономика қоғамына ұмтылу. Бұл партия кандидаттар саны бойынша Nur Otan-нан кейінгі екінші орында: барлығы - 113 кандидат. 

Шетелдегі қазақстандықтар қай жерде дауыс бере алады?

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 53 елде 66 сайлау учаскесі ашылады.

"Шетелдегі сайлау процесіне уақытылы және толық дайындалу үшін Қазақстан азаматтарынан алдын ала жақын жердегі сайлау учаскесімен байланысуды және сайлаушылар тізіміне енгізу үшін деректерді ұсынуды сұраймыз", - деді СІМ өкілдері.

Партиялар пікірсайысы қалай өтті?

30 желтоқсанда Саяси партиялар "Хабар" телеарнасы эфирінде өткен сайлауалды пікірсайысқа Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, ADAL саяси партиясының өкілі Елдар Жұмағазиев, "Ауыл" партиясының төрағасы Әли Бектаев, "Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашев, Қазақстан халқы партиясының төрағасы Айқын Қоңыров қатысты.

Сұрақ-жауап кезінде Қазақстан халқы партиясы Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекке сұрақ қойды. Ол Nur Otan мүшесінен жоғары білімді неге тегін қылмайтынын сұрады. Бауыржан Байбек егер жоғары білім тегін болса, бұл жоғары білім сапасының төмендеуіне әкелетінін, елден кететіндер көбейетінін және сауатсыз дәрігерлер, мұғалімдер пайда болатынын айтты. 

Елдар Жұмағазиев те сұрағын Бауыржан Байбекке қойып, шағын және орта бизнестегі салықты азайту мәселесін көтерді. Байбек Жұмағазиевтің ұсынысы дұрыс емес екенін, салықты азайтқан кезде көптеген әлеуметтік мәселе шешілмейтінін, халықтың әл-ауқаты өспейтінін айтты.

Ал "Ауыл" партиясының төрағасы Әли Бектаев "Ақ жол" партиясына сұрақ қойды. Ол дамыған елдерді мысалға келтіре отырып, "елімізде қанша қаражат бөлінсе де бизнестің экономикалық үлесі 30 пайыздан аса алмай тұрғанына" наразы болды. 

Перуашев бұған партия атқарған жұмыстар арқылы жауап берді. Ол Парламентке "Ақ жол" депуттары атынан түрлі заң жобасына 7 мыңнан аса ұсыныс жасалғанын, үкіметке халықты алаңдататын проблемалар бойынша 426 сауал жолданғанын айтты. 

Ал Перуашев сауалын Бектаевқа жолдады. Ол "Ресей саясаткерлері қазақ жеріне көз алартқан кезінде "Ауыл" партиясы неге үнсіз қалғанын" сұрады.

Бектаев "Ақ жол" партиясы қойған сұрақтың негізі жоғын айтып, сынап тастады. Ол Перуашев бұл сұрақты қояр алдында партиясының әлеуметтік желідегі парақшаларын қарамағанын, 15 желтоқсанда партиядан ұсынылған депутаттардың депутаттық кандидаттары атынан Зейін Әліпбек, кейін партияның атынан оның төрағасы ретінде өзі де арнайы үндеу жасағанын айтты.

Кезек бойынша соңғы сұрақты Бауыржан Байбек Қазақстан халқы партиясының төрағасы Айқын Қоңыровқа қойды. Байбек "партия сегіз жыл бойы парламентте отырып, қаражат алып, ешқандай жұмыс істемей, қалайша "Халықтық кеңес" құратынына" наразы болды. 

Қоңыров бұған жауап ретінде "Халықтық кеңес" қалай құрылғанын айтып берді. Ол "Халықтық кеңес" ашылған кезде қоғамдық қабылдауға түсетін жүктеме азайғанын айтты. Айқын Қоңыровтың сөзінше, халық Nur Otan партиясының бірнеше мүшесі кіретін Қоғамдық кеңеспен кері байланыс жоқ болғандықтан байланыспай кеткен. Ал "Халықтық кеңес" азаматтардың ұсынысы бойынша, қосымша көпір ретінде ашылған екен. 

Сайлауға байланысты Бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысына сәйкес мына ережелер қабылданды:

- дауыс берушілер ғимаратқа келген кезде дене қызуы термометрмен тексеріледі;

- сайлаушылар үшін қозғалыс маршруты бойынша қашықтық белгілері мен көрсеткіштері болуы керек;

- әр үш сағат сайын сайлау комиссиясының мүшелері маскасын ауыстыруы керек;

- қолды дезинфекциялауға арналған санитайзерлер болуы шарт; 

- жиһаздар мен техникалық құралдардың арақашықтығы 1,5-2 метр болуы керек;

- 1,5-2 метр әлеуметтік қашықтық сақталуы керек;

- Адамдардың дене қызуы көтерілген жағдайда (37 градустан жоғары) оқшаулайтын бөлме болуы керек. 

Одан бөлек, қалалық сайлау комиссиясы мен бақылаушылар учаскелерде тәулік бойы жүргендіктен міндетті түрде коронавирусты анықтайтын тесттен өтуі керек. Жалпы 5840 адам тест тапсырған. Соның ішінде, 7 қаңтарда сегіз қызметкерден COVID-19 анықталды. Енді коронавирус анықталған қызметкерлердің орнына басқа адамдар алынады.

Сайлау учаскелеріне балаларды ертіп келуге тыйым салынады. Бұл туралы 29 желтоқсанда еліміздің бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов айтты. Оның айтуынша, сайлау учаскесінде маска мен қолға арналған антисептик қолдану керек. Бюллетенді алғаннан кейін оны комиссия мүшелерінің қолына табыстауға болмайды. Ал сайлаушы дауыс беру кезінде тек өз қаламын қолдануы керек. Қаламы жоқ жағдайда беріледі.

Сонымен қатар, бас мемлекеттік санитар дәрігер сайлау учаскесінде комиссия мүшелері үш сағат сайын ауыстыра алатындай маска жеткілікті болуы керегін айтты.

Сайлау туралы фейк хабарлама тарады

Біз Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауы туралы не білу керегін, ережелер мен партиялар туралы қысқаша мәліметті тізіп бердік. Бірақ, одан бөлек, Желіде сайлау туралы фейк хабарламалар да тарап үлгерді. Мысалы жақында Қостанай облысында жабық сайлау учаскелерінде мерзімінен бұрын дауыс беру басталып кеткені туралы хабарлама тарап кетті. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Александр Малашко мерзімінен бұрын сайлау туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!