1. Главная
  2. Узнай
  3. Новости
  4. Новости мира

"Ақпаратты қасақана жасырған". Қытайды коронавирусқа байланысты кімдер сотқа берді? 23 апреля 2020, 12:43

Желтоқсанда Қытайда әлі ешкімге белгісіз вирус тарап, кейін оны 2,5 миллион адам жұқтырған болатын. Бүгінде 184 мың адам коронавирустан қайтыс
  • ПОДЕЛИТЬСЯ
  • Vkontakte
  • Facebook
  • Twitter
  • Одноклассники
  • Telegram
Новостью поделились: человек

© Reuters © Reuters

Желтоқсанда Қытайда әлі ешкімге белгісіз вирус тарап, кейін оны 2,5 миллион адам жұқтырған болатын. Бүгінде 184 мың адам коронавирустан қайтыс болып, әлем халқы оқшауланып жатыр. Осыған байланысты Қытайды коронавирус таратқаны үшін сотқа бергендер бар. Tengrinews.kz тілшісі Аспан асты елін қазіргі жағдай үшін кінәлап, сотқа бергендер туралы баяндайды.

Төрт америкалық бастаған шағым

Америкалық Флорида тұрғындары Логан Альтерс, Марта Рейс, Лоуренс Вуд, Стефан Клайн және Pitching Lab LLC компаниясы Қытай Халық Республикасы үстінен арыз жазған. Ұжымдық арызды Berman Law Group компаниясының адвокаттары Мэтью Мур мен Винсент Даффи дайындаған. Арыздың мәтіні Желіде жарияланды

Арызданушылар коронавирустың әлемге тарауына жалпы Қытай билігін ғана емес, оның кей ведомствосын да кінәлаған. Дәлірек айтқанда, ҚХР денсаулық сақтау істері бойынша мемлекеттік комитеті, ҚХР төтенше жағдайлар министрлігі, ҚХР азаматтық әкімшілік министрлігі, Хубэй провинциясының билігі мен Ухан қаласының әкімшілігі үстінен арыз жазылған.


© Reuters

Заң туралы жазатын Law ақпараттық ресурсының мәлімдеуінше, адвокат Мур Қытайдың вирус туралы дереу хабарламай, дүниежүзіне тараған инфекцияның нақты жағдайларын анықтай алмағанын айтқан. Арызданушылар Қытай немқұрайлы болды деп айыптады және "өте қауіпті іс-әрекеттері" үшін қатаң жауапқа тартылуы керек деп мәлімдейді.

"ҚХР және басқа да айыпталушылар COVID-19 қауіпті және пандемия тудыруы мүмкін екенін білді, бірақ олар баяу әрекет етті. Яғни, бастарын құмға тықты және/немесе оны өздерінің жеке экономикалық мүдделері үшін жасырып қалды", - делінген арызда.

Арызға 5 мың америкалық қосылды

"Голос Америки" агенттігінің мәліметі бойынша, Флоридадағы бұл бастама кейін бүкіл АҚШ-қа тарады. Нәтижесінде таяуда жоғарыда аталған арызға АҚШ-тың 5 мыңнан аса азаматы қол қойған. Енді ұжымдық арызды ұйымдастырушылар Қытай үкіметінен шығынды өндіріп алмақ.

Арызданушылар "вирустың бүкіл әлемге тарауына жол берген Қытайдың салғырттығы" кесірінен "ірі көлемде шығынға" ұшырағанын мәлімдеген.

Мамандардың есебі бойынша, АҚШ азаматтарының Қытайға қарсы жазылған арызы 1,2 триллион доллар болуы мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, коронавирустан келген шығындардың бәрі үшін Қытай жауапты, себебі олар "ДДҰ-дан ақпаратты қасақана жасырып қалған". Ал бұл Халықаралық медициналық-санитарлық ережені бұзу болып саналады екен.

Қытайдан 20 триллион доллар талап еткен

Америкалықтар мұнымен тоқтап қалған жоқ. Наурызда Қытай билігіне қарсы тағы бір арыз жазылды. Бұл жолы адвокат Ларри Клейман, Freedom Watch адам құқықтарын қорғаушы консервативті ұйымы және Техаста орналасқан Buzz фотостудиясы Қытай үстінен шағымданған. Соңғысы мектеп фотосуреттері мен спорттық сайыс түсірілімдеріне мамандандырылған, ол коронавирус кесірінен банкротқа ұшыраудың алдында тұр екен.

Арыз Қытай Халық Республикасы, Қытай әскері және генерал Чен Вэй, сондай-ақ Ухан вирусология институты мен оның директоры Ши Чженлидің үстінен жазылған. Арыздың мәтіні Klemchuk LLP заң компаниясының сайтында жарияланды. 


Фото klemchuk.com сайтынан

Америкалықтар Қытайдың байқамай немесе қасақана коронавирустың тарауына жол бергенін айтып шағымданған. Арызданушылардың пікірінше, бұл вирус - "биологиялық қару", сондықтан Қытай халықаралық құқық ережесін бұзғаны үшін жауап беруі керек екен.  

Арыз 17 наурызда сотқа тапсырылған. Шағымданушылар Қытайдан 20 триллион доллар талап етіп отыр.

Қытайды сотқа берген алғашқы штат

Қытайдың үстінен арыз жазғандардың басым бөлігі - америкалықтар. Бірақ бұл жолы айтпағымыз - жекелеген адам не ұйымдардың емес, америкалық штаттың арызы. Миссури штатының билігі коронавирустың тарауы туралы ақпаратты жасырып қалғаны үшін Қытайдың үстінен арыз жазған. Бұл арыз штаттың бас прокуроры Эрик Шмиттің сайтында жарияланған.

Арызда жазылған мәлімет бойынша, "Қытай билігі, Қытай коммунистер партиясы" 2019 жылдың соңында коронавирус туралы ақпараттың тарауына жол бермеген. Сондай-ақ, арызданушылардың айтуынша, Қытай билігі әлемге қауіп төндіретін вирус туралы білетін адамдардың бәрін ұстап отырған.


© Reuters 

Осы әрекеттің салдарынан Миссури тұрғындары қайтыс болып, штатқа экономикалық соққы жасалған.

Fox News телеарнасының мәліметі бойынша, коронавирустан 200 адам қайтыс болған Миссури Қытайды сотқа берген америкалық алғашқы штат болып отыр.

Италиялық қонақүй де Қытайды айыптайды

Ал кеше Қытайдың үстінен тағы бір арыз жазылғаны белгілі болды. Бұл жолы италиялық Кортина-Д"Ампеццо шипажайындағы De La Poste қонақүйі шағым түсірген. Олар Қытай Денсаулық сақтау министрлігін айыптап отыр.

Libro Quotidiano мәліметі бойынша, қонақүй Қытай билігін "Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына 2019 жылдың қарашасы мен желтоқсаны арасында коронавирустың тарауы мен адам өлімі туралы ақпаратты уақытлы бермегені үшін" айыптаған.

Беллуно қалалық сотына берілген арыздағы мәлімет бойынша, Қытай өз әуежайларынан ұшу кезінде қажетті тексеріс жүргізбеген, ал бұл италиялық туризмге үлкен шығын алып келген.


De La Poste қонақүйі. Фото booking.com сайтынан

Қонақүй адвокаты Марко Виньола Tgcom24 телеарнасына берген сұхбатында мұндай арызды басқа да туристік құрылымдар жаза алатынын айтқан. Коронавирус кесірінен Виньола клиенттері наурызда қонақүй тау шаңғысынан Әлем кубогының финалын қабылдау мүмкіндігінен айырылып қалған.

Қонақүй қысқы маусымның ортасында жабылып, бірнеше қызметкерін жұмыстан шығаруға және бірқатар келісімшартты бұзуға мәжбүр болған. Енді De La Poste қонақүйі 12 наурыздан бері жұмыссыз тұрған уақытта Қытайдан қаражатты өтіп беруді талап етіп отыр.

De La Poste - ХІХ ғасырда салынған қонақүй. Қысқы маусымда қонақүйдің екі адамдың нөмірі тәулігіне 200-400 еуродан беріледі. 



Join Telegram