Швецияның коронавируспен күресудегі моделі барлық елге үлгі болуы керек. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері мәлімдеді. Алайда мамандар COVID-19-бен күрестегі швед моделінің салдарынан адам өлімі көп болды деп отыр. ДДҰ мақтаған Швецияның коронавирус инфекциясымен күрестегі негізгі моделі қандай? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісінің материалында.
Швецияның коронавируспен күресудегі моделі барлық елге үлгі болуы керек. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері мәлімдеді. Алайда мамандар COVID-19-бен күрестегі швед моделінің салдарынан адам өлімі көп болды деп отыр. ДДҰ мақтаған Швецияның коронавирус инфекциясымен күрестегі негізгі моделі қандай? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісінің материалында.
Статистикалық мәлімет қандай?
3 қырүйектегі мәлімет бойынша, 10 миллионға жуық халқы бар Швеция коронавирус жұқтырғандар саны бойынша 39-орында тұр. Елдегі науқастардың жалпы саны - 84 532 болса, оның ішінде 5820 адам қайтыс болған, аурудан айыққандар туралы мәлімет жоқ. 31 қаңтарда алғашқы жағдай тіркелсе, 26 ақпанда Гётеборг қаласында Италиядан келген ер адамнан COVID-19 анықталған. Елдегі коронавирустың тарауының негізгі ошағы Стокголь мен Емтланд провинциясы болған.
Швеция коронавируспен күрестегі негізгі моделі қандай?
Швеция - Батыс Еуропадағы қатаң карантин енгізбеген жалғыз ел. Жергілікті билік бұл шешімді тұрғындардың психикалық және физикалық денсаулығына зақым келтірмеу үшін, сондай-ақ экономикада дағдарыс болдырмау үшін қабылдаған.
Коронавируспен күрестің шведтік моделінің негізгі авторы - елдегі бас эпидемолог Андерс Тегнелл. Эпидемиологтың негізгі мақсаты - тұрғындар арасында инфекцияға қарсы жаппай табиғи иммунитет қалыптастыру мен экономикаға қолдау білдіру болған.
© Reuters
Шектеу шараларынан: үкімет 50 адамнан көп жиналатын іс-шара ұйымдастыруға тыйым салып, мекемелерден қызметкерлерін мүмкіндігінше қашықтан жұмыс істеуге жағдай жасауды сұраған. Сонымен қатар, жоғары оқу орындары жабылған. Сәуірде орта мектептер мен бала бақшалар жұмысын тоқтатпаған, дүкен, бар, мейрамханалар да өз жұмысын жалғастырған. Ал үйден шығу үшін арнайы рұқсаттың да қажеті болмаған. Жалпы жергілікті билік халықтың санасына, олар оқшаулану режимін өздігінен сақтайды деп сенген.
Швеция - шекаралары ашық болған және халықаралық қатынас тоқтатылмаған елдердің бірі. Шетелден, әсіресе коронавирус өршіп тұрған елдерден келген азаматтарды да карантинге жатқызу міндетті болмаған. Алайда "Новая газета" мәліметінше, көптеген Швеция тұрғынында іштей қорқыныш болған. Мысалы SL көлік компаниясының мәліметінше, сәуірде стокгольмдік метродағы адамдар саны екі есе азайған. Театрлар мен кинотеатрлар уақытша өз еркімен жабылған.
COVID-19-бен күрестің Швецияның бұл моделі ДДҰ-ның көңілінен шықты
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшысы Дэвид Набарро жаңа зеландиялық Magic радиостанциясына берген сұхбатында Швецияның коронавирус пандемиясымен күресі барысында жеңіл карантин режимін енгізу әдісін мақтады. Ұйым өкілі ел билігінің қабылдаған бұл шешімі дұрыс екенін және оны тұрғындар да дұрыс қабылдағанын айтады. Оның айтуынша, Стокгольм жергілікті халықтың санасына сүйеніп, қатаң карантин режимін енгізбеген.
"Швеция үшін ең бастысы билік пен халық арасындағы сенім болды. Ол бар кезде жақсы нәтижеге қол жеткізесің. Бұл қажет шараны саяси талқылауды тоқтату керек деген сөз емес, бірақ сенім жоғалмауы керек. Себебі ақыр соңында әрбір адамның жауапкершілікпен қарауы жағдайды бақылауда ұстауымызға себеп болады", - дейді сарапшы.
© Reuters
Дэвид Набарроның сөзінше, қатаң карантин режимі азаматтар мен шағын бизнестің табысының төмендеуіне алып соғатын "дөрекі құрал" болуы мүмкін.
Сарапшылар Швецияның коронавируспен күрес әдісін құптамаған
Түркиядағы Ибн.Халдун атындағы университеттің саясаттану және халықаралық байланыс кафедрасының профессоры Эрик Рингмар "Евразия эксперт" басылымына берген сұхбатында Швеция билігі қатаң карантин режимін енгізуі арқылы адам өлімінің алдын алуға болатын еді деген екен.
"Әрине, өлімнің алдын алуға болар еді. Алдын алуға болатын өлімнің алдын алмау - қылмыс. Егде жастағы адамдар көп зардап шекті. Сондықтан өзге елдердегідей карантин енгізу керек пе еді. Премьер-министр отставкаға кетуі керек. (...) Басты мәселе - шведтер әлі де бәрін дұрыс істеп жатырмыз деп өздерін сендіруінде", - дейді профессор.
© Reuters
Газета.ru мәліметінше, Швецияның вирусологы Лена Эйнхорн елдің тестілеу режимін сынға алған. Оның айтуынша, елде 1000 адамға шаққанда 20 тест қана жүргізіледі. Ал Швециямен көршілес Норвегия мен Данияда тестілеудің көлемі екі-үш есе артық.
"Егер сенде қандай да бір симптом анықталса, бес күндей үйде отырасың. Жұмыс берушіңе ескерт те үйде отыр. Ешкім келмейді. Коронавирус бойынша сенім телефоны бар, ол поликлиникалық бөлімшелерде. Сен хабарласасың, саған онлайн режимде ұсыныстарын айтады", - деген екен Ольга Скрипка есімді тұрғын емделу барысында.
Еске салайық, дүние жүзінде коронавирус жұқтырғандардың саны 26,1 миллионнан асты. Оның ішінде, 18 458 554 адам аурудан айықса, 867 мыңнан аса адам қайтыс болған.