Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
14 октября 2020 13:02

"Күресті жалғастыруы керек". Әлем елдері Бішкектегі митинг туралы не деп жатыр?

ПОДЕЛИТЬСЯ

5 қазанда Қырғыз астанасы Бішкекте басталған митинг дүние жүзі елдерінің назарында болды. Бүгінге дейін елде біраз өзгерістер болды. Қырғыз еліндегі жағдайға байланысты түрлі болжам да айтылды. Tengrinews.kz тілшісі Бішкектегі митингіге қатысты әлем елдерінің пікірін жинады.


5 қазанда Қырғыз астанасы Бішкекте басталған митинг дүние жүзі елдерінің назарында болды. Бүгінге дейін елде біраз өзгерістер болды. Қырғыз еліндегі жағдайға байланысты түрлі болжам да айтылды. Tengrinews.kz тілшісі Бішкектегі митингіге қатысты әлем елдерінің пікірін жинады.

Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан

9 қазанда Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан республикаларының президенттері Қырғыз Республикасындағы оқиға туралы бірлескен мәлімдеме жасады.

"Бауырлас Қырғыз Республикасында болып жатқан оқиғалар бізді қатты алаңдатып отыр. Қырғызстан халқын осы қиын күндерде парасаттылық танытуға, елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қайта қалпына келтіруге шақырамыз. Қырғызстандағы тыныштық – өңірлік қауіпсіздік пен Орталық Азиядағы орнықты дамудың маңызды факторы. Орталық Азиядағы ынтымақтастықты одан әрі жандандыру мақсатында біз Қырғызстан халқының бірлікке, бейбітшілікке, дербес дамуға және өркендеуге деген ұмтылысын үнемі қолдаймыз", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, кеше, 13 қазанда Тоқаев Twitter желісіндегі парақшасында Қырғызстан президенті Сооронбой Жээнбеков туралы пікір білдірді.

"Президент Сооронбай Жээнбеков - мемлекеттің легитимді басшысы. Сондықтан оның қақтығыстарды тоқтатып, елдегі ахуалды қалыпқа келтіруге бағытталған әрекеттерін қолдаймын. Қазақстан үшін Қырғызстандағы тұрақтылық стратегиялық серіктес әрі одақтас ретінде маңызды. Бауырлас Қырғыз еліндегі жағдайдың біртіндеп конституциялық жолға қайтқаны қуантады. Біз барлық саяси күштерді қақтығыстардың алғашқы сәтінен-ақ сабырға шақырдық", - деп жазды Тоқаев Twitter желісіндегі парақшасында.

Қырғызстандағы көтеріліс: билікке кімдер келді?

АҚШ

Бүгін АҚШ Қырғызстанды конституциялық тәртіпті қалпына келтіруге шақырды. Бұл туралы АҚШ-тың Қырғызстандағы дипломатиялық миссиясының мәлімдемесінде айтылған.

"Демократиялық прогресс барысында кедергі келтіріп тұрғаны - ұйымдасқан қылмыстық топтардың саясат пен сайлауға әсер ету әрекеті. (...) Америка Құрама Штаттары президент Сооронбай Жээнбековтің, саяси жетекшілердің, азаматтық қоғамның және заңгер ғалымдардың елдің саяси өмірін Конституциялық тәртіпке қайтару әрекеттерін қолдайды. Азаматтар мен олардың басшылары ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлықтың саясатқа әсеріне қарсы күресті жалғастыруы керек. Түпкі мақсат Қырғызстан Конституциясы мен заң үстемдігін сақтау болуы тиіс", - делінген хабарламада.

Ресей

Ресей президенті Владимир Путин де Қырғызстандағы саяси дағдарысқа байланысты пікір білдірді. РФ басшысы елдегі жағдай бейбіт жолмен шешіледі деп үміттенетінін айтты. 

"Дұрыс демократиялық саяси процесс қалыптасады деп сенеміз. Біз жанжалдың барлық тарапымен байланыстамыз және мен елдегі ішкі саяси жағдай тұрақталғаннан кейін біз Қырғызстанмен барлық жоспарымызды жүзеге асырамыз деп үміттенемін", - деді Владимир Путин

Беларусь

Ал Александр Лукашенко Қырғызстан мен Беларусьтегі митингіні салыстыратындарға жауап берді.

"Соңғы кездері Беларусьтегі жағдайды Қырғызстандағы "сәтті" төңкеріспен салыстыра бастаған. Мен бұл мүлде кәсіби емес салыстыру екенін атап өткім келеді", - дейді Лукашенко.

Оның айтуынша, Қырғызстандағы биліктің әлсіз болуына басқа да проблемалар әсер еткен: кландық күрес, олигархтар, шамадан тыс жемқорлық.

"Мұның барлығы биліксіздіктің көрінісі. Билік жоқ кезде ертең елдің басын айналдырып, үнемі оны бөлетін олигархтар мен кландар пайда болады", - деді Беларусь басшысы.

Қырғызстанның экс-президенті

Қырғызстандағы жаппай тәртіпсіздіктерге байланысты елді 2005-2010 жылдар аралығында басқарған, бүгінде Беларусьте тұрып жатқан Құрманбек Бакиев те пікір білдірді. Елдегі саяси ахуалға байланысты ойын айтудан бас тартты.

"Туған Қырғызстанымдағы жағдайлар маған ауыр тиді. Менің кез келген сөзімді жойқын күштер қақтығысты өршіту үшін қолдана алатынын ескере отырып, мен дәл қазір оған қатысты пікір білдіре алмаймын", - деді экс-президент. 

Еске салайық, 5 қазанда Қырғыз елінде басталған митинг жаппай тәртіпсіздіктерге ұласты. Сол уақыттан бері елде біраз өзгеріс пен жаңа кадрлық тағайындаулар болды. Митинг кезінде көптеген адам жарақат алып, бір адам қаза тапты. 

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл! 

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 443.77   490.7   4.81 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети