11 октября 2019 | 16:11

Түркия Сирияда не үшін әскери шабуыл бастады?

Таяуда Түркия президенті Режеп Ердоған Сирияның солтүстік-шығысына әскер кіргізетінін хабарлаған. Бұл сириялықтарға ғана емес, әлем елдеріне де күтпеген жаңалық болды. Ал бұған дейін Түркияға қарсы ұйымды қолдаған АҚШ-тың өзі бұл соғысқа араласпайтынын мәлімдеген еді. Түркия мен сириялық күрдтер арасындағы қақтығыс себебі Тengrinews.kz материалында.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Таяуда Түркия президенті Режеп Ердоған Сирияның солтүстік-шығысына әскер кіргізетінін хабарлаған. Бұл сириялықтарға ғана емес, әлем елдеріне де күтпеген жаңалық болды. Ал бұған дейін Түркияға қарсы ұйымды қолдаған АҚШ-тың өзі бұл соғысқа араласпайтынын мәлімдеген еді. Түркия мен сириялық күрдтер арасындағы қақтығыс себебі Тengrinews.kz материалында.

Түркияға әскери операция не үшін қажет?
Реклама
Реклама

Сирияның Түркиямен шекараласатын солтүстік-шығысында сириялық күрдтер қоныс тепкен. Мұнда бәрін күрдтердің Халықтық өзін-өзі қорғау жасағы бақылайды. Ал түріктер тарапы бұл жасақты террористік ұйым деп санайды.


© REUTERS

Сондықтан Анкара ұйымды өз шекарасынан ығыстырып тастауға тырысып жатыр. Түркия үкіметі Сирияның солтүстік-шығысында күрдтер жасағы кіре алмайтын 32 шақырымдық "қауіпсіздік аймағын" жасауды қолға алды.

Ердоған "Қауіпсіз аймаққа" Түркияда тұрып жатқан 2 миллион сириялық босқынды көшіріп алып келуді жоспарлап отыр. Қазір Түркияда Сириядан қашқан 3,6 миллион босқын бар.

Халықтық өзін-өзі қорғау жасағы күрдтер басқаратын Сирия демократиялық күшіне (СДК) кіреді. Олар дүйсенбіде өз аймақтарын қорғап қалу үшін соғысатындарын мәлімдеді.

Түркия сириялық күрдтерге неге шабуылдамақ?

Сирияның солтүстік-шығыс аймағын Сирия демократиялық күші басқаратынын айттық. Оларды АҚШ тікелей қолдап отыр. Америкалықтардың қолдауымен күрд жасағы Сирияның солтүстік-шығысындағы Ислам мемлекетін жеңіп, сол бөлікті өз бақылауына алған.

Ал Түркияда сириялық күрдтердің жасағына ұқсас Күрдістан жұмыс партиясы (КЖП) бар. КЖП 1984 жылдан бері Түркияның оңтүстік-шығысында күрд автономиясын құру үшін күресіп жатыр. Түркия, АҚШ және кей еуропалық ел КЖП-ны террористік ұйым деп таныған.


© REUTERS

Ирак Күрдістаны секілді сириялық күрдтер де өз автономиясын құруға талпынып жатыр. Түркия билігі оны көрген түркиялық күрдтер де сондай автономия құруға ниеттенеді деп қорқады.

Түркия операциясына АҚШ не дейді?

2018 жылы желтоқсанда АҚШ президенті Дональд Трамп Сириядағы Ислам мемлекетінің тас-талқан болғанын айтып, сириялық күрдтерге көмектескен екі мың америкалық әскери қызметкерін қайтаруға бұйрық берген.

Бірнеше күннен соң Трамп Twitter желісіндегі парақшасында түркиялық әскерилер күрдтерге шабуылдаса, "Түркия экономикасын құлатамын" деп уәде берген. "20 миль (32 шақырым) қауіпсіздік аймағын құрыңдар", - деп кеңес берген еді АҚШ президенті Түркияға.

Бұл кеңес Режеп Ердоғанға ұнап, ол түркиялық күштің "қауіпсіз аймақ" құра алатынын айтқан болатын.

Биыл тамызда АҚШ пен Түркия тарапы қауіпсіздік аймағының механизмін талқылап, бір идеяға келген.

6 қазанда Ақ үй өз әскерін Сирияның солтүстігінен алып кететінін хабарлады.


© Reuters

"Жақын арада түркиялық күштер Сирия солтүстігіне бұрыннан жоспарланған операциясын бастайды. АҚШ қарулы күштері бұл операцияны қолдамайды да, қатыспайды да. АҚШ күштері бұл аймақта болмайды", - делінген Ақ үй хабарламасында.

Күрдтердің пікірінше, америкалық тараптың бұл шешімі "арқадан ұрған пышақ" болған.

Шекарада қазір қандай жағдай болып жатыр?

Сирия мемлекеттік телевизиясының хабарлауынша, Түркия әскері Рас-әл-Айн қаласына әуеден шабуылдаған, сондай-ақ әл-Маджрафа ауылы, сол маңдардағы Сирия демократиялық күшінің позициялары да түркиялық шабуылдан зардап шеккен.

Ikhbariya телеарнасының мәліметінше, Рас-әл-Айн тұрғындары қаладан қаша бастаған. Ал СДК жасақтары Түркияның шекараға жақын Нусайбин мен Джейланпынар қалаларына, Түркияның сириялық әл-Маликия қаласындағы позициясына оқ жаудырған.

CNN Turk ақпаратына сенсек, тараптар жарылғыштармен қатар, артиллерия да қолданған. Түркиялық тарапты одақтас араб топтары қолдап жатыр. Сирия ұлттық әскері Түркияға көмек ретінде 14-18 мың әскери қызметкерін берген. Қазірдің өзінде екі тараптан да адам шығын болғаны хабарланып отыр.


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная