1. Главная
  2. Узнай
  3. Спорт
  4. Спорт

Асы - қуырдақ, спорты - футбол. UFC-дегі үшінші қазақстандық туралы не белгілі?

  • 1
Сергей Морозов. Фото: instagram.com/morozclub777 Сергей Морозов. Фото: instagram.com/morozclub777

Бүгін қазақстандық тағы бір файтердің UFC-мен келісімшартқа отырғаны хабарланған. Сергей Морозов енді ең танымал промоушенде жекпе-жек өткізеді. Бұл жаңалықты жақында ғана UFC-мен келісімшарт жасасқан Жалғас Жұмағұлов бөліскен еді. Tengrinews.kz тілшісі Сергей Морозов туралы қызық деректер жинады.

19 жасына дейін футбол ойнаған

Морозов 1989 жылы 14 маусымда Ақтөбеде дүниеге келген. Сергейді аралас жекпе-жекте көрмеуіміз мүмкін еді. Себебі ол бала кезінен футболға ғана құмар болған. 19 жасына дейін бар уақытын осы спортқа арнаған.

"Футбол - спорттағы алғашқы махаббатым. Футболмен ұзақ уақыт айналыстым. Қала, облыстың құрамаларында ойнадым. Кейін Бірінші лигада өнер көрсететін "Ақтөбе-жас" командасында екі жыл доп тептім. 19 жасымда футболдағы карьерамды аяқтадым. Бұлай шешкен мен емес, бапкерлер. Олар менен футболшы шықпайды деп ойлады", - дейді Сергей KAZMMA Live Channel каналына берген сұхбатында.

Timeskz.kz сайтына берген сұхбатында аралас жекпе-жекке қалай келгенін айтады.

"Бұл әскери джиу-джитсудан Қазақстандағы алғашқы халықаралық жарыс болатын. Біреумен жанжалдасып қалдым, бірақ тойтарыс бере алмадым. Өз-өзімді қорғай алу үшін төбелесуді үйренемін деп ұйғардым. Содан жалғасып кетті", - дейді ол.


Фото: aktobetimes.kz 

Бес елде жекпе-жек өткізген 

Сөйтіп, Сергей Морозов ММА-дегі алғашқы жекпе-жегін 2008 жылы өткізген. Дебютін Ресейде жергілікті Андрей Михайловқа қарсы өткізіп, сабмишнмен жеңген. Октагонға келесі жолы төрт жылдан соң ғана оралған. 2012 жылы Нұр-Сұлтанда қазақстандық Мират Бекішевпен кім мықтыны анықтап, нокаутпен жеңген. Араға тағы екі жыл салып, Қытайда жергілікті Риджиригала Амуды техникалық нокаутпен қапы қалдырған.

2015 жылы Морозов M-1 Global халықаралық лигасымен келісімшарт жасасып, дебютінде Солтүстік Ирландия өкілі Энди Янгті техникалық нокаутпен жеңген. Бұл кезде оның рекорды 7-0 болды.

2016 жылы Сергей карьерасында алғаш рет жеңілді. Мәскеуде жергілікті файтер Павел Витрукке төрешілер шешімімен жол берді. Араға екі жеңіс салып, Морозов тағы жеңілді. Бұл жолы америкалық Джош Реттингхаузқа есе жіберді. Бірнеше жекпе-жектен соң Сергей титулға таласқан. Бұл жолы Мовсар Евлоевтен жеңіліп қалды. Бұл кездегі рекорды - 11-3.


Фото: instagram.com/morozclub777

Бүгінге дейін бес елде өнер көрсеткен - Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Оңтүстік Корея мен Қытай. Морозов үш жеңілісінде де Ресейде жекпе-жекке шыққан еді. 

Қарсыласына бесбармақ бермек болған

Морозовтың жеңістер сериясы 2018 жылы шілдеде басталды. Сол кезде грузин Зака Фатуллазадені техникалық нокаутпен жеңді. Артынша ресейлік Баир Штепин, қырғыз Бактыбек Дуйшобаевтан айласын асырған.

Былтыр маусымда екінші рет титул үшін жекпе-жекке шықты. Нұр-Сұлтанда ресейлік Александр Осетровті техникалық нокаутпен жеңіп, алғаш рет M-1 чемпионы атанды. Соңғы жекпе-жегін былтыр қазанда өткізген. Джош Реттингхаузбен екінші рет күш сынасты. Бұл жолы Морозов төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Қазіргі рекорды - 16-3. Кездесуден кейін ол қарсыласына тек құрметпен қарайтынын айтқан.

"Жекпе-жектен кейін құшақтасып, суретке түсіп, жақсы жекпе-жек үшін бір-бірімізге алғыс айттық. Себебі біздің кездесуіміз расымен де бәсекеге толы болды. Тек бірге тамақтанып үлгермедік. Джошқа бесбармақтың дәмін татқызғым келді, бірақ үлгермедік: олар бірден ұшып кетті", - деді Морозов UFCBet.ru порталына берген сұхбатында.


Фото: instagram.com/morozclub777

Сол жекпе-жектен кейін UFC туралы сыбыс шыға бастады. Сұхбаттарда да Сергей UFC-ге ауысу туралы мәлімдеді.

"Барлық бастама 2020 жылы болады. Әзірше ешкіммен сөйлеспедім, UFC-де дебютімді күтеміз. Алдымен сол жаққа жету керек, бізге қызығушылық танытып отыр. Бірақ маған UFC-ге түсу қиын емес, бұл үшін бізде бәрі бар", - деген еді ол Vesti.kz порталына берген сұхбатында.

Спорт үшін неден бас тартты? 

Морозовтың жекпе-жек алдында жасайтын ешқандай наным-сенімі жоқ. Тек жекпе-жек және жаттығу алдында қара кофе ішкенді жақсы көретінін айтады. Сондай-ақ ол спорт үшін көп нәрседен бас тартатынын да жасырмайды.  

"Отбасымды бір ай бұрын көрдім. Достарыммен де сирек кездесемін. Көп нәрсені жемейміз. Мысалы, маған балмұздақ ұнайды. Бірақ қазір балмұздақ жемеймін. Нәтиже үшін бәрінен бас тартасың. Калориясы көп тағамдарды жақсы көремін. Бесбармақ, қуырдақ, бургер ұнайды. Біздің жағдайда стресті қалай түсіресің, тәтті жесең жеткілікті", - дейді Сергей KAZMMA Live Channel каналына берген сұхбатында.


Сергей Морозов отбасымен. Фото: instagram.com/morozclub777

Спортшы жаттығу мен жиыннан бос кезде отбасымен уақыт өткізуге тырысатынын айтады.

"Бір қыз, бір ұлым бар, балабақшаға барып жүр. Олар кешке келіп жатқанда, менің жаттығуға кететін уақытым болады. Әйелімнің мойнында үлкен жүк бар. Онсыз жақсы нәтиже де болмас еді. Үй, бала - бәрі соның мойнында. Мен пәтер жалдаушы сияқты үйге келемін де, тамақ ішіп, ұйықтай саламын. Әйелім - менің сенімді серігім. Спортшы үшін маңыздысы - осы", - дейді Морозов.