ПОДЕЛИТЬСЯ
22 мая 2019 | 18:15
"Фара", "рычаг", "поворотник". Қазақ техника тілінде қашан сөйлейді
Автокөлік пен түрлі техникалар елімізге өткен ғасырдың екінші жартысында кіре бастағанымен, әлі күнге "фара", "коробка передач", "рычаг", "поворотник" сияқты толып жатқан өзге тілдің сөздерін әлі күнге сәтті аудара алмай келеміз. Он жыл бұрын шыққан техникалық терминдер сөздігі де көп қолданыла бермейді. Тengrinews.kz тілшісі қазақтың техника тілі неге ақсап тұрғанын мамандардан сұрады
ПОДЕЛИТЬСЯ
Автокөлік пен түрлі техникалар елімізге өткен ғасырдың екінші жартысында кіре бастағанымен, әлі күнге "фара", "коробка передач", "рычаг", "поворотник" сияқты толып жатқан өзге тілдің сөздерін әлі күнге сәтті аудара алмай келеміз. Он жыл бұрын шыққан техникалық терминдер сөздігі де көп қолданыла бермейді. Тengrinews.kz тілшісі қазақтың техника тілі неге ақсап тұрғанын мамандардан сұрады
"Сөздіктердің сапасы нашар"
Филология ғылымдарының докторы, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты терминология бөлімінің меңгерушісі Қарлығаш Айдарбектің айтуынша, 2009 жылы елімізде техникалық терминдер сөздігі жарыққа шыққан. Ол бірден қазақша, орысша, ағылшынша және немісше жазылған. Бес жылдан соң техника саласындағы терминдер сөздігі 30 том болып шыққан. Ал ол қазақ және орыс тілдерінде жазылған.
"Техника сөздерінің бірізге түсіре алмай жүруіміз сөздіктерге байланысты. Қарапайым "кольцо" деген сөзді біздің терминологиялық сөздіктерде бірнеше баламамен көрсеткен - сақина, балдақ, шығыршық. Ал кейін сөздің аудармасын қажет еткен адам интуитив түрде сол үш баламаның бірін қолдана салады. Бұл контекске байланысты. Негізі, техникалық терминдер сөздігі деп жалпылама беруге болмайды. Оның өзі бірнеше салаға бөлінеді. Автокөлік бөлшектеріне арналған бөлек сөздік жасап шығу керек. Сондай-ақ, әр сөздің нақты бір ғана аудармасы тұруы қажет", - дейді маман.
Сөздік жасауға ешкім жауапты емес
Оның айтуынша, елімізде сөздік жасап шығуға ешкім жауапты емес. Нақты бір сөздікті қажет еткендер арнайы тапсырыспен жасатып алады екен. Сондықтан, өз бетінше аударылған сөздіктердің сапасы нашар болып жатады.
"Мысалы, сәулет-құрылыс терминдерінің сөздігін Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы жасап шықты. Өйткені олар қазақ тілінде дәріс оқиды, сол кезде осы терминдердің қазақша баламалары керек болады. Сол себептен олар өздері үшін сөздік шығарды. Яғни, автокөлік терминдерінің сөздігі кім үшін өзекті, кімге қажет - солар жасайды. Не болмаса, осы тақырыпқа қызығып жүрген адам тапсырыс беріп жасатады. Терминдер солай ғана аударылады. Мұндай сәтте бұл аудармалардың сапасы нашар болады. Себебі әркім өз бетінше аударады. Соны қадағалау қажет", - дейді Қарлығаш Айдарбек.
"Коробка передач" - "беріліс қорабы" емес
Ал автоблогер Олжас Оқас өз видеоларында техникалық терминдер сөздігін пайдаланатынын айтады. Оның айтуынша, кейде сөздіктің көмегінсіз-ақ аударуға "келіп тұратын" сөздер болады. Мәселен, орыс тіліндегі "кузов" сөзін ол "қаңқа" емес, "шанақ" деп аударады екен.
"Одан кейін "подвеска" бар. Оның түбірі асу сөзінен шыққан. Біз "аспа" деп атаймыз. Осы секілді өз-ақ "сұранып" тұрған сөздер көп. Оларға қазір көрермендеріміздің құлағы үйреніп кеткен. Көбіне аударманы сөздің түпнұсқасы - ағылшын тілінен іздеген жөн. Мысалы, орыс тілінде көліктің "датчигі" болады. Ал ағылшындар оны "сенсор" деп атайды. Яғни, "сезу". Сондықтан, мен оны "сезгек" деп аудардым. Одан кейін "коробка передач" деп аталатын механизмді бізде "беріліс қорабы" деп аударып жүр. Бірақ мен халықаралық термин бойынша "трансмиссия" деп атаймын. Сол арқылы сөздік қорымыз да кеңейіп қалады", - дейді Олжас.
Оның пікірінше, он жыл бұрын шыққан техникалық терминдер сөздігі қазір ескірген. Жыл сайын жаңа техникалардың шығуына байланысты бұл сөздікте қазір қажет көптеген термин жоқ екенін айтады. Сондықтан, ол қазақша жаңа сөздік жасап шығуды ұсынды.
Сонымен қатар, Олжас Оқас халықтың қолданысындағы сөздерді де ескеру керек екенін мәлім етті.
"Мысалы, бізде әдеби тілде көлікті "жүргізеді". Ал халық ешқашан олай айтпаған. Қарапайым жұрт көлікті "айдайды". Меніңше, мұны қате деуге болмайды. Уақыттың өзі сұрыптап, халық қолданатын сөзді анықтап берді. "Көлікті айдаймын" деп айтсаң, кейбірі ол қате деп жатады. Бірақ осындай қолданыстағы сөздерді де әдеби норма қылған дұрыс", - дейді блогер.
"Сөздіктер техника тілін бірізге түсіруге көмектеспейді"
Оның айтуынша, сөздік жасау арқылы техника тілін бірізге қою мүмкін емес. Себебі қазір көп адам бір сөздің баламасын арнайы білу үшін сөздік ақтарып жатпайды. Сондықтан блогер техника тілін дамыту жолында өз ұсынысын айтты.
"Таяуда Талдықорғанда көшеде қасыма бір жігіт келді. Сөйтсем, оның 9 жастағы баласы менің YouTube-тегі жобамды қарайды екен. "Видеоларыңды күнде екі-үш реттен көреді. Балам қазір көлікті қазақ тілінде маған үйрете бастады. Бұл көліктің қозғалтқыш көлемі мынадай, шанағы мынадай деп айтып берді" дейді. Көрдіңіз бе, қазақ тілінде техника терминологиясы мен кітаптар қанша жерден том болып шыққанымен, оны көбі қолданбайды. Қазір ақпаратты визуал түрде алатын заман. Сондықтан, өскелең ұрпаққа ақпаратты берудің ең оңай жолы - видео. Егер қазақтың техника тілінде сөйлегенін қаласақ, видеоконтентті көбейту қажет, - деп қорытындылады Олжас.
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также