ОЦЕНИТЕ РАБОТУ АКИМА
12 августа 2019 | 17:28

Абайдың бейнесі сақталып қалған екі фотосуреттің тарихы

ПОДЕЛИТЬСЯ

Бүгінде Абайдың "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік қоры-музейінде Абай Құнанбайұлының екі фотосуреті ғана сақталған. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне Семейдегі мемлекеттік музейдің ғылыми қызметкері Қуат Қиықбай айтып берді.


Иконка комментария блок соц сети

Бүгінде Абайдың "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік қоры-музейінде Абай Құнанбайұлының екі фотосуреті ғана сақталған. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне Семейдегі мемлекеттік музейдің ғылыми қызметкері Қуат Қиықбай айтып берді.

Музей қызметкерінің айтуынша, бұл түпнұсқа суреттерді музейге Мұхтар Әуезов тапсырған екен.

"Бірінші суретте Абайдың Ділдәдан туған тұңғыш баласы Ақылбай және Абайдың өзі және Әйгерімнен туған ұлы Тұрағұл. Сурет 1896 жылы Семей қаласында түсірілген. Түпнұсқа. Ұзындығы мен ені 9-13 сантиметр. Картон қағазға мұқият жапсырылған. Абай музейіне 1941 жылы 6 ақпанда №40 қабылдау акт бойынша өткізілген. Фотоны тауып-сақтап Абайдың жаңадан құрылған Семейдегі музейіне өткізуші - Мұхтар Әуезов.

Ол өзінің Алматыдағы мекенжайын көрсетіп қол қойған. Абай музейінің негізгі қор кітапшасында: "Абай с сыновьями Акылбаем и Турагулом (подлинник). Снято 1896 году в г. Семилалатинске фотографом Н. Г. Кузнецовым. В дар музею Абая от Мухтара Омархановича Ауээова" деп жазып, фотосуреттің түсірілген жылын, түсірушінің аты-жөнін, Мұхтар Әуезовтың ұлы ақынның музейіне сыйға тартқанын анықтап ашып көрсөтіп белгілеген", - дейді Қуат Қиықбай.


Ақылбай Абайұлы, Абай Құнанбайұлы, Турағұл Абайұлы. Семей.1896 жыл.

Оның айтуынша, суретті фотограф Н.Г. Кузнецов түсірген.

"Екінші сурет - Абайдың отбасымен 1903 жылы түскен суреті. Мұнда Абай өзінің Жидебайдағы үй ішімен түскен қалпында бейнеленген. Бірінші қатарда Пәкизат - бөрік киіп отырған қыз бала мен Әубәкір. Бұл екеуі - Ақылбайдың балалары. Оспан бұл екеуін бауырына салып өсіріп, өз баласы ретінде көрген. Ортада отырған - Абай. Екінші қатарда - Мағауия, Еркежан және Әубәкірдің әйелі Камалия. Алдыңғы қатарда отырған - Турағұл", - деп сипаттайды қызметкері.


Абай отбасымен, 1903 жыл. 1-қатарда: Пәкизат, Турағұл Абайұлы, Әубәкір Ақылбайұлы. Отырған Абай Құнанбайұлы. 3-қатарда: Мағауия Абайұлы, Еркежан, Кәмәлия (Әубәкірдің әйелі).

"Фотосуретті түпнұсқадан 1959 жылы қайта түсіріп, көшірме турінде Абай музейіне берген - Мұхтар Әуеэов. Түп нұсқасы Алматыдағы Мұхтар Әуезов музейінде сақтаулы. Фотосуреттің ұзындығы - 23 сантиметр, ені - 13 сантиметр. Ұлы ақынның бұл тарихи екі фотобейнесі узақ жылдардан бері музей экспозициясына қойылып, көрсетіліп келеді. Көптиражды жол көрсеткіш кітаптарға, мерзімді басылымдарда жарық көріп жүргені белгілі", - дейді Қуат Қиықбай.

Еске салайық, мұның алдында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы заңға қол қойған болатын. Оның алдында Президент 2019 жылғы 1 қазанға дейін Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспарды бекітуді тапсырған еді.

Осыған байланысты қазір Instagram және Facebook желілерінде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының өлеңдерін оқу науқаны жүріп жатыр. Бұл challenge-ді Желі қолданушылары таратып жатыр. Challenge #abai175 хештегімен белгіленген. Бүгінге дейін эстафетаны қабыл алған еліміздің шоу-бизнес жұлдыздары мен шенеуніктері ұлы ақынның туындыларынан үзінді оқыды. Ресейлік композитор Игорь Крутой да Димаш Құдайберген жолдаған эстафетаны қабылдап, Абайдың бір өлеңін оқыған еді.

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Курс валют

 498.59   521.12   4.87 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети