Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
28 марта 2019 17:08

Головкиннің ізімен. Америкалықтар неге қазақ боксшыларына жанкүйер

ПОДЕЛИТЬСЯ

Соңғы жылдары қазақ боксшылары құрлық асып, көптеген елде жетістікке жетіп жүр. Соның ішінде АҚШ-тағы отандастарымыз жиі көзге түседі. Америкадағы кәсіпқой боксшылар арасында қазақтың былғары қолғап шеберлері ел намысын абыроймен қорғап жатыр.


Соңғы жылдары қазақ боксшылары құрлық асып, көптеген елде жетістікке жетіп жүр. Соның ішінде АҚШ-тағы отандастарымыз жиі көзге түседі. Америкадағы кәсіпқой боксшылар арасында қазақтың былғары қолғап шеберлері ел намысын абыроймен қорғап жатыр.

Калифорния штатының Лос-Анджелес қаласында тұрып жатқан қазақ журналисі Уәлихан Қосанбай Тengrinews.kz тілшісіне бұл елдегі боксқа деген қызығушылық, қазақ боксшыларының жетістігі мен өмірі жайлы баяндап, еліміздегі бокспен салыстырды. 

Уәлиханның айтуынша, Америкада кәсіпқой боксты ұйымдастыру жоғары деңгейде. Сондықтан бұл елде бокс кештеріне көп жарнама жасау қажет те емес.

"Танымал боксшылар жұдырықтасатын үлкен кештерге жарнаманың қажеті де жоқ. Ал ортаңқол боксшылар жұдырықтасатын болса, бірінші кезекте әлеуметтік желілерді іске қосады. Бұл жақта YouTube, Instagram, Facebook, Twitter өте жақсы қолданылады. Барлық жарнама осы жақта таратылады. Қазақстандағыдай билбордтарда үлкен жарнамалар қойылмайды. Мұнда бокс кештері бұрыннан ұйымдастырылып жүргендіктен, жанкүйер жинау аса қиын емес. Өйткені әр боксшының өз фан-секторы болады. Солар-ақ залды толтырып береді", - дейді ол.


© msg.com

АҚШ-тың оңтүстік бөлігінде - Калифорния, Аризона немесе Невада штаттарында мексикалықтар өте көп. Сондықтан бұл жақтағы кештерге мексикалық боксшыларды қоюға тырысады. Ал елдің солтүстік жағында қара нәсілділер көп тұратындықтан, мұнда афроамерикалық боксшылар жиі шығады. Нью-Йорктегі бокс кештеріне еуропалықтарды қойып жатады екен. Себебі мұнда туристер көп болады.

Журналистің айтуынша, Америкада жұлдыздар қатыспайтын кештерде де жанкүйерлер толы болады. Бірақ мұнда шағын кештерде жанкүйер жинау маңызды саналмайды.

"Негізі бұл жақта бокс ұйымдастыру екіге бөлінген. Біріншісі, жанкүйерлерге арналған, екіншісі - телевизияға. Жанкүйерлерге арналған кештерде танымал боксшылар шығады. Василий Ломаченко, Александр Усик секілді боксшылар жұдырықтасатын болса, оларға жанкүйер жинау оңай. Ал ортаңқол боксшылардың кештері жанкүйер талап етпейді. Себебі, жаңа айтқанымдай, әр боксшының өз фан-секторы бар. Кештердің өтетін орны да үлкен емес. Әрі кетсе 500-600 адам ғана сияды. Бұл кезде назарды телевизияға аударады", - дейді Уәлихан.

Қазақстанда бір бокс кешінің жарнамасын 3-4 ай бұрын бастаса, Америкада 1-2 апта қалғанда жарнамалайды екен.


Қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтановпен

АҚШ-та кішігірім кештердің билет бағасы 30 доллардан басталады, ең қымбаты - 500 доллар. Ал үлкен кештерде билет құны 150 доллардан бастап, 50 мың долларға дейін жетуі мүмкін.

Уәлиханның сөзінше, Америкада жұдырықтасып жүрген қазақ боксшылары қолдаусыз қалмайды.

"Бұл жақта жергілікті боксшы не шеттен келген боксшы деп бөлмейді. Олар бәріне әділ қарауға тырысады. Кім жақсы жұдырықтасып жатса, соған тілеулес болады. Бір ғана ерекшелік - мексикалық жанкүйерлер. Олар тек өз боксшыларын қолдайды. Америкадағы көптеген бокс кештеріне қазақ жанкүйерлері келе алмай жатады, сондай кезде америкалықтар, не басқа ұлт өкілдері қазақтарға жақсы қолдау көрсетеді", - дейді журналист.

Мейірім Нұрсұлтанов, Мадияр Әшкеев, Асхат Уәлиханов, Сағадат Рақманқұл және Бобыржан Момынов секілді боксшыларымыз қазір Калифорнияда тұрып жатыр. Олар бәрі бір залда жаттығады. Сонымен қатар, Жәнібек Әлімханұлы да Калифорнияда жаттығу өткізеді.

"АҚШ-та жүрген қазақ боксшыларының бірлігі мықты. Бір-бірімен көрші тұрады. Жаттығуда да өзара спарринг өткізіп, кей кезде бір-біріне бапкер де болып кетеді. Бәрінің басын қосып отырған - Мадияр Әшкеев. Көп мәселені Әшкеев шешіп береді", - дейді Қосанбай.


Нұрсұлтановтың АҚШ-тағы жекпе-жегі алдында

Оның айтуынша, Қазақстандағы бокс кештеріне шоу жетіспейді. Бірақ соңғы уақытта промоутерлер бұған көңіл бөле бастағанын байқалады. Америкалық бокс кештерінің бел ортасында жүрген ол Қазақстанда өтетін жекпе-жектерге не жетіспейтінін айтты.

"Алматыда өткен соңғы кешті көрдім. Suleimen Promotions ұйымдастырған кеште шоу болды. Айдос Ербосынұлы мен Садриддин Ахметов халыққа шоу сыйлай алды. Кешке жанкүйер тарта білу керек. Қазақстандағы бокс кештерінде телетүсірілімге де көп мән беру қажет. Кадрды дұрыс ракурстан алып, боксшының аренаға келе жатқанын түсіріп, келген соң флэш-сұхбат алса, жақсы эфир шығады. Естуімше, Қазақстанда бір кешті өткізуге қыруар ақша кетеді. Өйткені, промоутерлер "Алматы-Арена", "Дәулет" секілді үлкен ареналарды таңдап алады. Ал Америкада спорт кешендеріне қатты назар аудармайды. Шағын жерде де өткізе салады. Бірақ телетүсірілім жақсы жұмыс істейді. Ал Қазақстанда үлкен ареналарды алып алады да, жанкүйер жинай алмай жүреді. Тіпті, билеттерді тегін де таратып жатады", - дейді Уәлихан.

Журналистің пікірінше, жас боксшыларға мұнда менеджер мен промоутер табу қиын. Кейбірі оңай тауып, артынша алданып қалатын кездер болады екен. Өйткені бұл жерде менеджер мен промоутердің жұмысы екі түрлі. Промоутер бокс кештерін ұйымдастырып береді, ал менеджер сол жерге өз боксшысын ұсынуы керек.

"Біздің жас боксшылар соны білмей, алданып қалуы мүмкін. Келісімшарт ағылшынша жасалады, біздің жігіттер бұл тілді білмеуі ықтимал. Сондықтан, еңбек келісімін толық оқып шыға алмайды да, кейін промоутерлер жекпе-жек бермей қойса, заң жүзінде олардан кете алмай қалады. Сондықтан промоутермен нақтылап алу керек: жылына неше жекпе-жек өткізеді, жалақы қанша болады, оның қанша пайызы менеджерге кетеді, чемпиондық белбеу үшін қашан жұдырықтаса алады. Міне, осы мәселелерді шешіп алу керек. Ең бірінші кедергі - осы. Боксшылардың Қазақстанда жүріп ағылшын тілін меңгеріп алғаны жөн", - деп кеңес берді ол.


Головкиннің бапкері Абель Санчеспен

Сондай-ақ, ол промоутердің көзіне түсу үшін не істеу қажет екенін айтты. Уәлиханның сөзінше, боксшылар спаррингтерде өз мүмкіншіліктерін жақсы көрсетуі керек. Промоутерлер соған көңіл бөліп, қалай жұдырықтасатынын, техникасын байқайды. Сонымен қатар, кәсіпқой бокстағы жеңістер статистикасы да маңызды.

Промоутерлер әлеуметтік желіні де тексереді екен. Боксшының желідегі танымалдығын, жарнамасын да қарайды. Өз командасына шақырудан бұрын, тексеру үшін бір жекпе-жек береді. Сол кездесуде жеңетін болса, өз командасына алады.

"Бір байқағаным, қазақ бокс мектебі өте мықты. Біздің жігіттер тактика, техника жағынан өте жақсы жұдырықтасады. Ал америкалықтар шоуға құмар болған соң, көбі төбелеске үйреніп кеткен. Рингке шығады да, оңды-солды ұра береді, одан ешкім құламайды, бірақ жанкүйер риза. Ал біздің боксшылар әдемі, ақылмен өнер көрсетуге тырысады. Енді қажет кезінде төбелесіп алуды да меңгеріп келе жатыр. Айырмашылық - мектепте. Мұнда шоу көрсетуің керек, америкалық жанкүйерлер "сұмдықты" жақсы көреді. Бір боксшының мұрны қанаса, соған арқасы қозып кетеді", - дейді ол.


WBA Super, WBO, The Ring чемпионы Василий Ломаченкомен

Әңгіме соңында Уәлихан әлемге танылған Геннадий Головкиннің жетістігін қайталай алатын қазақ боксшыларына тоқталды.

"Негізі, қазір кәсіпқой бокста жүрген боксшыларымыздың бәрі де Головкиннің жетістігін қайталауға қауқарлы. Бұл боксшыларға ғана емес, промоутер мен менеджерлерге де байланысты. Головкиннің ізін жалғастыруы мүмкін осындай ТОП-3 боксшыны айтайын: Мейірім Нұрсұлтанов, Жәнібек Әлімханұлы, Батыр Жүкембаев. Олардың техникасы мен тактикасы мықты, промоутерлері де жақсы",  - дейді ол.

Автор: Есет Төлеш

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 444.26   490.7   4.83 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети