Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
07 октября 2019 15:57

"Соққысы шошытты". Головкин - Деревянченко жекпе-жегі жайлы бокс әлемі не дейді?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақстандық Геннадий Головкин мен украиналық Сергей Деревянченко жекпе-жегінің нәтижесі бокс әлемінде көптеген сұрақ туғызды. Бірі GGG әділетті жеңді десе, кейбірі тең есеп не Сергейдің жеңісі тіркелуі керек еді деп санайды. Tengrinews.kz тілшісі белгілі спортшылар мен сарапшылардың Головкин - Деревянченко жекпе-жегі жайлы пікірін жинап шықты.


Қазақстандық Геннадий Головкин мен украиналық Сергей Деревянченко жекпе-жегінің нәтижесі бокс әлемінде көптеген сұрақ туғызды. Бірі GGG әділетті жеңді десе, кейбірі тең есеп не Сергейдің жеңісі тіркелуі керек еді деп санайды. Tengrinews.kz тілшісі белгілі спортшылар мен сарапшылардың Головкин - Деревянченко жекпе-жегі жайлы пікірін жинап шықты.

"Деревянченко тек құрметке лайық"

Орта салмақта WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы Деметриус Андраде кездесудің әдемі болғанын айтты.

Енді ол екі боксшымен де жекпе-жек өткізуге ниетті.

"Деревянченкомен жұдырықтасқым келеді, GGG-мен де. Бұл әдемі кездесу болды. Сергей Деревянченко тек құрметке лайық", - деді Андраде.

Айта кетсек, Андраде жазда Головкин канадалық Стив Роллсты жеңген кезде де қазақстандықты жекпе-жекке шақырған еді.

"Канелоны" жеңе алатын жалғыз адам"

Аралас жекпе-жек шебері қазақстандық Қуат "Найман" Хамитов украиналық боксшыға мақтау сөзін аямады. Оның пікірінше, Головкиннің басты қарсыласы Сауль Альваресті тек Деревянченко жеңе алады.

"Деревянченко - "Канелоны" жеңе алатын жалғыз адам! 100 пайыз чемпион!", - деп жазды Хамитов Instagram желісіндегі парақшасында.

Айта кетсек, "Найман" 2017 жылы Головкин мен Дэниэл Джейкобс жекпе-жегінен кейін GGG-ге карьерасын аяқтауға кеңес берген еді.

"Корпусқа жасалған соққы оны шошытып жіберді"

Британиялық бұрынғы боксшы, бүгінде сарапшы болып жұмыс істейтін Мэттью Маклиннің ойынша, осы жекпе-жектен кейін "Канело" Головкинмен трилогия өткізуге келіседі.

"Осы жекпе-жектен кейін "Канело" трилогияға келіседі деп ойлаймын. Бүгін Головкин кәрі көрінді. Деревянченкодан ештеңе тартып алғым келмейді, ол керемет кездесу өткізді. Бүгінгі жекпе-жекте GGG 37 жасына лайық көрінді. Бұл тамаша текетірес болды. Геннадий алғашқы бірнеше раундты жақсы бастады. Бесінші раундта корпусқа жасалған соққы оны шошытып жіберді. Жекпе-жектің ортасында Головкин шегіне жұдырықтасты, бірақ шаршай бастады. Осы жеңілістен кейін Деревянченконың акциясы өсіп кеткені сөзсіз", - деді Маклин Sky Sports-қа берген сұхбатында.

"Шал" көбірек раунд алғанына күмән жоқ"

Жартылай ауыр салмақта WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы Александр Гвоздиктің бапкері Тедди Атлас Головкиннің әділетті жеңгенін айтады.

"Деревянченко өте қолайсыз қарсылас болып шықты, бірақ ол GGG-дің карьерасындағы ең қиыны емес. "Шал" көбірек раунд алғанына күмән жоқ. Кездесу қабақ жарылғаны үшін тоқтамағанына қуаныштымын, себебі рефери боксшылардың басы соқтығысып, жарақат содан болды деді. Неге бейнеқайталауды қарамасқа?

Деревянченкодан ештеңе тартып алғым келмейді, бірақ адамзат табиғаты осындай, нокдаунға түскесін ғана жеңіліс туралы ойлай бастайсың. Сылтаусыз, Сергей тамаша жұмыс атқарды. Ал төрешілер жоғары деңгейде жұмыс істей алмады", - деді Атлас Twitter-парақшасында.

"Головкин жеңіске жеткен жоқ"

Ал суперауыр салмақта сынға түсетін Джаррел Миллердің пікірінше, Геннадий Головкиннің жеңісі әділетсіз болды.

Америкалық боксшы украиннің жеңіске жеткенін айтты.

"Головкин бұл жекпе-жекте жеңіске жеткен жоқ. Деревянченко оған 1-2 раунд берді. Сергей бірінші раундта құлады, бірақ қарсыластан жақсырақ жұдырықтасты, сәтті қимылдады. Бұл тамаша жекпе-жек болды, бірақ онда Сергей жеңді", - деді Миллер.

"Деревянченконың жеңісімен аяқталуы керек еді"

Екінші орта салмақта IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы Тевин Фармер кездесудің кем дегенде тең есеппен аяқталуы керек деп санайды.

"Тең есеппен немесе Деревянченконың жеңісімен аяқталуы керек еді деп ойлаймын. Бірақ бұл жақын жекпе-жек болды. Головкин нақты нені дұрыс істемегенін дәл айту қиын, бірақ бұл жекпе-жек бәрібір жақын өтуі тиіс еді.

Мұндай деңгейде саябақтағы серуенге ұқсас жекпе-жектер болмайды. Деревянченкоға жұмысын жалғастыруға кеңес беремін, оның уақыты міндетті түрде келеді", - деді Фармер.

"Басымдықты алғасын босаңсып қалды"

Америкалық Delcotimes.com журналисі Джек МакКаферри жеңіс Головкинге әділетті берілді деп есептейді.

"Бұл өте керемет жекпе-жек болды. әрине, Головкин тезірек бітіріп тастай алатын еді, бірақ басымдықты алғасын босаңсып қалды. Ол өз мінезін көрсеткен Деревянченконы "құрта" алмады. Көп раунд бәсекелестікпен өтті, бірақ жеңіс Головкинде деп ойлаймын. Бір жағынан, украиналықтың орнында тәжірибелілеу боусшы болғанда, Головкиннің жеңіліп қалуы да мүмкін еді", - деді сарапшы.

Бірақ ол боксшылар арасында реванш болады дегенге сенбейді.

"Олардың реваншы өтеді деп ойламаймын. Бұл Джейкобсқа қарсы жекпе-жекті еске түсіреді. Кездесу өте әсерлі болды, бірақ Головкинге Деревянченкомен екінші жекпе-жек қажет емес", - деді МакКаферри.

"Тамаша жұмыс, сэр"

Екінші орта салмақта WBO чемпионы Билли Джо Сондерс қазақстандық боксшыны жеңісімен құттықтады.

"Головкинді 37 жасында жоғары деңгейде жеңіске жетіп жүргенімен құттықтағым келеді. Ісіне деген адалдығы үшін оған құрметпен қарау керек. Тамаша жұмыс, сэр", - деп жазды Сондерс Twitter-парақшасында.

Еске салайық, жекпе-жектің 12 раундынан кейін төрешілер бірауыздан жеңісті Головкинге берген (114-113, 115-112, 115-112). Сондай-ақ, қазақстандық боксшы украиналыққа реванш беруге дайын екенін айтқан болатын.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 446.44   490.7   4.77 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети