Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
11 мая 2021 14:36

Адам шығыны, күлге айналған үйлер. Риддердегі өрттің хронологиясы

ПОДЕЛИТЬСЯ

Шығыс Қазақстан облысында алапат өрт болып, салдарынан бір әйел қаза тапты. Зардап шеккендер ауыр жағдайда ауруханада жатыр, ал кей тұрғын баспанасынан айырылды. Tengrinews.kz тілшісі Риддерде болған өрттің хронологиясын баяндайды. 


Шығыс Қазақстан облысында алапат өрт болып, салдарынан бір әйел қаза тапты. Зардап шеккендер ауыр жағдайда ауруханада жатыр, ал кей тұрғын баспанасынан айырылды. Tengrinews.kz тілшісі Риддерде болған өрттің хронологиясын баяндайды. 

Кеше әлеуметтік желіде алапат өрттің видеосы тарай бастады. Шығыс Қазақстан облысында Риддер маңындағы орман өртеніп жатқаны хабарланды. 

Сол кезде жергілікті тұрғындар өрт ауылға қарай бағытталып бара жатқанын айтқан еді. Сондықтан ауыл тұрғындары өздігінен үй жануарлары мен техникаларын эвакуациялай бастады.

Сол сәтте Риддер орман шаруашылығының жанындағы Лесхоз кентінің тұрғындары ШҚО ТЖД-ға шамамен екі гектар алқапта құрғақ шөп өртеніп жатқанын хабарлаған. 

Тұрғындар қорқынышы бекер болмапты. Сағат 18:00-ден өте өрт ауылды да шарпығаны хабарланды. Сол кезде Лесхоз елді мекеніндегі 14 үй өртеніп жатқан

Оның алдында орманның 2 гектар жері жанып жатыр десе, бұл жолы өрт аумағы 310 гектарға жеткен

Төтенше жағдайға сол кезде 100 өрт сөндіруші мен 20 техника жұмылған. МИ-8 және МИ-2 тікұшақтары да алынған. 


Фото: ТЖМ

Бірақ өрт қарқыны үдеп, 35 үй мен 9 шаруашылық құрылысын жалын шарпыған. Бұл кезде сағат тілі түнгі 22:00-ден асқан. 

Сол сәтте төтенше жағдайға байланысты көмекке мұқтаж жандар үшін жедел желі нөмірі іске қосылды. Көмекке мұқтаж адамдар 8(7232) 55-38-19 нөміріне қоңырау шала алады. Жедел желі нөмірі бойынша психологтар жұмыс істейді. ШҚО бойынша ТЖД Дағдарыс орталығында жедел штаб құрылғаны айтылды. 

Алапат өртті сөндіруді секундына 20 метрге жететін қатты жел қиындатқан. 


Фото: ТЖМ

Амал не, төтенше жағдай адам шығынысыз болмады. Полицейлер шатырдан 1948 жылы туған әйелдің мәйітін тапқан. Тағы екі адам жансақтау бөліміне түсті

"Жедел жәрдем желісі бойынша Лесхоз кентінен 1949 және 1980 жылы туған екі ер адам күйік шалып, жергілікті ауруханаға, жансақтау бөліміне жеткізілгені туралы ақпарат түсті. Полиция қызметкерлері шатырдан 1948 жылы туған әйелдің мәйітін тапты, мән-жайы мен деректер нақтыланып жатыр", - деді ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли.

Көп ұзамай, түнгі 22:00-ден өте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл оқиғаға қатысты тапсырма берді. Ол өңір әкімдігіне зардап шеккен тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуді тапсырды. 

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өрттен зардап шеккен Лесхоз кентінің тұрғындарына көмек көрсетіп, баспанамен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл мәселені Президент өз бақылауында ұстап отыр", - деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook желісінде.


Фото: ТЖМ

Ал бүгін таңғы 7:00-де Лесхоз аулында өрт сөндірілгені туралы хабарланды

"Лесхоз аулындағы өрт сөндірілді. Құтқарушылар Лихачев көшесіндегі 10 тұрғынды эвакуациялады", - деді облыстық ТЖД өкілдері.


Фото: ШҚО ТЖД

Бірақ орман аумағында өрт әлі сөнбеген. Жұмыс әлі жалғасып жатыр. Таңғы 9:00-дегі ақпарат бойынша, өртеніп жатқан орманның аумағы - 310 гектар. 17 500 текше метр су құйылған.

Бүгін 11:30-ға қарай ШҚО-дан жаңа хабар келді. Дәлірек айтқанда, Риддердегі алапат өртке кінәлі деген күдікті ұсталды. Кеше полицейлер осы жағдайға байланысты тергеу бастаған еді. 

Ұсталған адам туралы ШҚО Полиция департаментіндегілер толығырақ айтып берді. Қылмыстық іс ҚР ҚК 204-бабының екінші бөлігі ("Бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру") бойынша қозғалған.  

"Осы қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деген күдікті ұсталды, ол бұрын сотталмаған, жұмыс істейтін Риддер қаласының 35 жастағы тұрғыны", - деді ШҚО полиция департаменті басшысының орынбасары Елдос Закимов.

Осы баптың санкциясы екі мың АЕК (5 миллион 834 мың теңгеге дейін - автор) мөлшерінде айыппұл салу немесе екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.


Фото: ТЖМ

Ал кейін ауылда өрт толығымен сөндірілген соң нақты залал белгілі болды. Талғат Уәлидің сөзінше, өрт ауылдың бес көшесін шарпыған, бұлар - Комиссаров, Сосновый бор, Коммунальная, Лихачев және Жуковский көшелері. Бұл көшелерде 59 үй бар, оның 37-сі өртеніп кеткен. Осы 37 үйде 83 адам тұрады екен. Оның 13-і жатақханаға, қалған 68-і туыстарының үйін паналаған. Тағы екі адам ауруханада жатыр. 

"Бүгін ШҚО әкімдігі Риддер ауданында қалалық ауқымдағы ТЖ жариялайды. (...) Елді мекен ішінде өрт толығымен жойылды. Орман өртінің периметрі бойынша ашық жану байқалмайды", - деді Талғат Уәли. 


Өрттен кейін. Видео кадры

Сондай-ақ, ол материалдық залалды өтеу бойынша сұраққа жауап берді. 

"Материалдық шығынды анықтау үшін зардап шеккен тұрғын үй нысандарын тексеру жөнінде комиссия ұйымдастырылды. ШҚО әкімдігі ТЖМ-ге залалды өтеу туралы ұсыныс айтса, Төтенше жағдайлар министрлігінің басшылығы республикалық бюджеттен ақша бөлуді қарауға дайын", - деді ресми өкіл.

Оның сөзінше, қазіргі уақытта жекелеген учаскелерде ағаш діңдері сөндіріліп жатыр. 

"Кешке қарай біздің күштер мен құралдарымыз өртті толығымен сөндіреді деп үміттенеміз. (Шоқтанып тұрған жерлер қайта өртке айналуы мүмкін бе? - автор.) алдын ала айту мүмкін емес. Сөндіру барысында анық болады. Қатты жел тұрмаса, күтпеген жағдай болмайды деп үміттенеміз", - деді Уәли.

Как вам дизайн сайта Tengri News?
Пройти опрос
Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 449.3   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети