05 июня 2019 | 10:30

Ақтөбедегі терактіге 3 жыл: Оқиғаның хронологиясы

Осыдан 3 жыл бұрын, 2016 жылдың 5 маусымында радикал дін ағымындағы 40-тан аса ер адам Ақтөбеде теракт жасады. Бүкіл әлем мұсылмандарының тағатсыздана күтетін Рамазан айына бір күн қалғанда болған оқиға бүтін Қазақстанды есінен тандырды. Қалың жұрттың қабырғасын қайыстырған оқиғаның сұмдығы мен мән-жайын Tengrinews.kz тілшісі еске түсіреді.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Осыдан 3 жыл бұрын, 2016 жылдың 5 маусымында радикал дін ағымындағы 40-тан аса ер адам Ақтөбеде теракт жасады. Бүкіл әлем мұсылмандарының тағатсыздана күтетін Рамазан айына бір күн қалғанда болған оқиға бүтін Қазақстанды есінен тандырды. Қалың жұрттың қабырғасын қайыстырған оқиғаның сұмдығы мен мән-жайын Tengrinews.kz тілшісі еске түсіреді.

Ақтөбенің бірнеше ауданында атыс болды деген хабар шамамен сағат 16:00-де әлеуметтік желілерде тарала бастайды. "Паллада" қару-жарақ дүкенінің маңында атыс естілгені хабарланды. Айналдырған екі сағаттың ішінде желіде шын-өтірігі аралас көп ақпарат тарап кетіп, ал дәл екі сағат өткенде елдің Ішкі істер министрлігі бірінші ақпаратты таратты. 

Реклама
Реклама

Полиция өкілдері Ақтөбеде сағат 14:28-де радикал дін ұстанушы бір топ адамның "Паллада" қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасағанын растайды. Дабылды қосып үлгерген сатушыны террористер сол жерде пышақтап өлтірген. Шақыртуға "Жедел Күзет" ЖШС жекеменшік күзет ұйымының екі қызметкері бірінші болып жеткен. Олардың бірі оқиға орнында қаза тауып, екіншісі жарақат алған. 

Осыдан кейін дүкенге жеткен полиция жасағына да қаскөйлер оқ жаудыра бастаған. Атыстан үш полицей жарақат алған. Ал қылмыскерлер олардың қызметтік көлігін тізгіндеп алған. Дүкеннен олар 18 қару алып шыққан. Оның 14-і аңға шығатын тегіс ұңғылы қару да, үшеуі шолақ мылтық. Сондай-ақ олар үш газ тапаншасын, оқ-дәрілерін және пышақтарын алып шыққан.

18 дана қару 32 пышақ 1500 шамасында оқ-дәрі

Дүкеннен шыққан бетте қарулы қаскөйлер екіге жарылады. Алты адамнан тұратын бір топ полицейлердің қызметтік көлігімен "Пантера" деген тағы бір қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасайды. Онда кездейсоқ кірген сатып алушы екі адамның бірі қаза болып, екіншісі жарақаттанған. 

Дәл осы "Пантера" дүкенінің алдына келген полиция қызметкерлері атыс қаруын қолданып, олардың үшеуінің көзін жояды, тағы біреуі жарақат алып, қолға түссе, қалған екеуі қашып үлгерген. Олар кейін қала шетінде табылып, атыс барысында көзі жойылған.

Ал екінші топ автобусты басып алып, жолаушыларын шығарып жіберген. Сол бойда террористер Ұлттық ұланның № 6655 әскери бөлімінің қақпасын соғып кіріп, бөлім территориясында әскери жасақпен және жедел жеткен полиция қызметкерлерімен атыса бастайды. 

Сол жерде күш құрылымдарынан тойтарыс көрген олардың жартысы қамалып, жартысы қашып кеткен. Атыс барысында қылмыскерлердің бірі өлтіріліп, тағы бірі жарақат алған. Қылмыскерлердің мақсаты бөлімшеге кіріп, ондағы атыс қаруына қол жеткізу болған. Бірақ сол жерде әскерилер дайындығын көрсетіп, оларға белсенді тойтарыс берген. 

Ұлттық ұланның үш әскери қызметшісі қаза тауып, алтауы жарақат алған. Әскери бөлімшеде сонша адамның құрбан болғанын сол кездегі ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов былай деп түсіндірген еді:

"Әскери бөлімге барған 17 қаскөйдің қару-жарақ дүкенінен алған қаруы көп болды да, ал әскерилердің сүңгі пышағы ғана болған. Ішкі жасақ түгелдей қарусыз болған. Қылмыскерлер бас-көз жоқ, кірген де ата берген, бірінші болып зардап шеккендер кіргізу пунктіне жақын жүргендер еді".

Артынша іздеу шаралары жүріп, "Паллада" дүкенінің маңынан полицейлер осы қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен бес адамды ұстайды. 

Ал түнгі операция кезінде тағы бес қылмыскер атыс кезінде өлтіріліп, екеуі ұсталады. Сол күні-ақ қылмыскерлердің аты-жөндері анықталады. Дереу Ақтөбе облыстық контртеррористік операция тәртібіне өтеді. Ал елдің барлық құқық қорғау органдарының жеке құрамы күшейтілген тәртіптегі қызметке көшкен.

Бұл оқиғалар болып жатқанда Ақтөбеде қоғамдық көліктер жұмыс істемей, көңіл көтеру мекемелері жабылған Интернет те дұрыс жұмыс істемеген. Құқық қорғау органдары қалалықтарды көшеге шықпауға SMS хабарламасы арқылы шақырады. 

Қазақстандықтар 5 маусымда кешкі уақытта оқиға жайлы түрлі видео мен сурет тарата бастайды. Осы кезде қоғам белсендісі Мұрат Әбенов қазақстандықтарға сурет пен видео таратуды доғаруды ұсынады. 

"Қаншалықты қызу таратсақ, мұның артында тұрған арам пиғылды күштерге пайда әкелуіміз мүмкін. Сурет пен видео таратуды доғарайық. Тұжырым жасауға асықпайық әрі жауды іздеу жайлы мәліметтерді таратпайық. Бұл қылмыстың басында тұрғандар қалалықтардың осындай реакциясын алдын ала есептегеніне сенімдімін. Олар халықты үркітіп, солай өз мақсатына жету үшін қолданып кеткісі келеді. Оларға көмектесудің не қажеті бар?", - деп жазды ол желідегі парақшасында.

Сол күні кеште билік эшелонында Ақтөбе жайлы бірінші болып пікір білдірген сол кездегі Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев болды. "Қасиетті Ораза қарсаңындағы Ақтөбедегі теракт - қаскөйлердің арсыздығы мен қатыгездігінің көрінісі. Оларды жазалауға ең қатаң шаралар қолданылып жатыр", - деп жазған еді Тоқаев Twitter желісінде.

Кешке жақын саясаттанушы Ерлан Қарин күш құрылымдарының Ақтөбеде бұдан да сұмдық жайттардың болуы мүмкін деген қауіптердің алдын алғанын мәлімдеді. Оның пікірінше, мұншалықты көп адам күш құрылымдарының жұмысын тоқтатып, билікке қауіп төндірер еді, халықты үркітер еді, алайда арнайы қызметтер жағдайды өз бақылауына алып, дер кезінде лайықты тойтарыс бере білген. 

Бұдан кейін сағат 16:00-де қаланың әр жерінде шағын төрт террористік топ жасырынған. Түнгі уақытта сол топтардың бірі полиция қызметкерлерінің блокпостына шабуылдаған. Атыс кезінде үш полицей жарақат алып, екі террористің көзі жойылады. Тағы бір топтағы сегіз адам жолдан "ГАЗель" көлігін ұстап алып, тағы бір топтың төрт содырымен бірігіп, олардың басып алған жеңіл көлігімен бірге қаладан шығып кеткен. Олар Кирпичный ауылының маңында тоқтайды. Сол түні Ақжар - Родниковка тасжолындағы полицейлердің блокпостын байқайды. Олардың қаруын алу мақсатында террористер шабуыл жасайды. Атыс кезінде бір қаскөй өлтіріліп, тағы біреуі зардап шегеді. Өздеріне жақындап келген жатқан қарулы топты көрген тәртіп сақшылары шегінеді.

"Нива" көлігін басып алған содырлар енді Қызылжар ауылына аттанады. Полиция олардың артынан қалмай жол бойында атысады. Содырлар жасырынбақ болып, "Нұр Сити" тұрғын үй массивінде салынып жатқан бір үйге кіріп алады.

Ал ертесі, 6 маусымда олар тоғызыншы қабаттан табылады. Полицейлердің берілу туралы ұсынысына олар қарсы болған. Арнайы операция барысында алты террорист өлтіріліп, біреуі ауруханаға жеткізіледі. 

Бұл күні сол кезде байланыс және ақпарат министрі болған Дәурен Абаев Ақтөбедегі жағдайда ҚР ІІМ-нің жедел ақпарат таратуының арқасында ақпараттық вакуум болмағанын мәлімдеді. 

Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ақтөбедегі жағдайды дінмен байланыстырмауға шақырды. Террористер бейбіт халықты үркіткісі келген дейді олар.

Кейін Қалмұханбет Қасымов бұл атысты теракт деп атау керек екенін мәлімдейді. 

"Осылайша, 12 адам қаза тауып, алтауы жарақат алды. Енді 6-7 адамды іздестіріп жатырмыз", - деп мәлімдеді таңғы уақытта Қасымов үкімет отырысында. Сол отырыста сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімов оқиғаны Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бақылауында екенін мәлімдейді.

Ал Ақтөбе облысының сол кездегі әкімі Бердібек Сапарбаев қалада жағдайдың тұрақты екеніне сендіреді.

Полиция таратқан мәлімет бойынша, теракт салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер: "Жедел күзет" фирмасының бір күзетшісі, "Паллада" дүкенінің 1 сатушысы, "Пантера" дүкеніне келуші, "Паллада" дүкеніне келген бір адам, 18 содыр және 3 әскери қызметші

Қалған содырларды іздеу жалғасып, 10 маусымда бірақ табылады. Олар "Отырар" дүкенінің маңындағы үйлердің бірінен табылған. Олар да берілгісі келмей, арнайы операция кезінде бес содырдың көзі жойылады.

11 маусымда Ақтөбеде өз туыстарының үйінде жасырынған тағы екі адам ұсталады. 12 маусымда тағы үшіншісі ұсталады. Осылайша антитеррористік шара өткізу барысында қарулы жиһадқа шыққандардың көзі жойылады.


© gorodpavlodar.kz

Айта кетейік, бұл қанды оқиға бойынша сот алдына 29 адам келді. Олардың 9-ына террористік актіге қатысты деген айып тағылды. Қалған 18-іне дайындалып жатқан теракт жайлы хабарламады, ал екеуіне қылмысты жасыру дерегі бойынша айып тағылды. Сот барысында сотталушылар өз ісіне өкініп, өмір бойына бас бостандығынан айырмауды сұраған. Алайда Бақыт Қуанышбаев, Асхат Иманғалиев, Әнуар Садихов, Жаңабай Қуанышбаев, Әлібек Ақпанбетов, Арсен Таңатаров және Асхат Рахметовтердің теракт жасағаны дәлелін тауып, олар өмір бойына бостандығынан айырылды. Ал тағы екі адам 20 және 22 жылға сотталды.

Сот кезінде әскери бөлімшеге шабуыл жасалған сәтте әжетханада жасырынған екі әскери де ішкі қызметті атқарудың жарлығын бұзды деген айыппен, 4,5 және 3,5 жылға сотталған. Олар әскери шенінен де айырылған. Ал дайындалып жатқан қылмыс жайлы хабар бермеген 18 адам түрлі жазаға кесілді - 2 жылдан 5 жылға дейін. Кейін отбасының барына және ісіне өкінгеніне байланысты олардың жазасын жеңілдету туралы өтініш түсірілген. Сот іс материалдарын ыждаһатпен зерттеген сот алқасы соттың үкімі заңды деген ұйғарымға келген.

Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
news135
Отправить
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии

Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram Последние новости
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная