31 мая 2018 | 10:21

Ашаршылықтың себебі мен салдары. Хронология

Ашаршылық - қазақ үшін әрқашан күрделі мәселе. Зарлаған ана, шырылдаған бала, өлексе сасыған қазақ даласы - ауылды кеңестендіру саясатының нәтижесі. Бұл зобалаң Ресейдің Поволжье аймағын, Украина мен Қазақстан халқын жайлады. Ауыр кесапаттың себебі, салдары және зерттелу мәселелері жөнінде Tengrinews.kz сайтынан оқыңыздар.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Ашаршылық - қазақ үшін әрқашан күрделі мәселе. Зарлаған ана, шырылдаған бала, өлексе сасыған қазақ даласы - ауылды кеңестендіру саясатының нәтижесі. Бұл зобалаң Ресейдің Поволжье аймағын, Украина мен Қазақстан халқын жайлады. Ауыр кесапаттың себебі, салдары және зерттелу мәселелері жөнінде Tengrinews.kz сайтынан оқыңыздар.

Аштық неден басталды?

Реклама
Реклама

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, ҚазҰҒА құрметті мүшесі Талас Омарбековтің айтуынша, Қазақстандағы ашаршылықтың басты себебі - ет дайындау кампаниясын жүргізу.

"1924 жылы коммунистік партияның 14-съезі болды. Бұл индустрияландыру съезі деп аталды. Ресейде жаңа зауыт-фабрикалар салу көзделді. Өйткені батыстағы бақталас капиталистік елдерді қуып-жеткісі келіп, осы индустрияландыру саясатын қолға алды. Бұл саясат 5 жыл бойы жүргізілді. Бұл Қазақстан немесе Кавказ сияқты шеткері аймақтарында емес, Ресейдің еуропалық бөлігінде жүргізілді. Өйткені компартия шеткері аймақтарға ешқашан сенген емес. Оларда жұмыс күші жоқ, маман жұмысы жоқ деп ойлады. Сөйтіп, "ДнепроГЭС", "Сталинград трактор зауыты" сияқты ірі-ірі зауыттарды салды, бірақ ол зауыттарға шикізатты, руданы Қазақстаннан, Оралдан, Сібірден тасыды", - дейді тарихшы.

Тарихшының айтуынша, ең бастысы - осы зауыт-фабрикаларда жұмыс істеп жүрген адамдарды етпен қамтамасыз ету керек болды. Сондықтан Қазақстанға ет дайындайтын акционерлік қоғамдар жіберілген.

"Осы қоғамдардың өкілдері Қазақстанға келіп, 1928 жылдан бастап қатты жұмыс істеді. Содан Қазақстанда туған кез келген бұзауды контрактацияға отырғызды, яғни қазақ шаруасы бұзауды 12 айлыққа дейін сақтауға міндеттелді. Құнажын болған соң оны етке өткізуі тиіс. Бұзау өлетін болса, халық жауы ретінде, үкімет саясатына қарсы адам ретінде сотталады. Осының салдарынан малдың басы күрт кеміп кетті. 1930 жылдан 1933 жылға дейін 40 миллион бас малдан төрт миллионы ғана қалды. Соның 15 миллионы орталыққа, яғни Ресейдегі қалаларға жеткізілді, ал қалған тоғыз миллионы ғана Қазақстан ішінде ішкі тұтынуға қалды. Міне, осылайша жартылай көшпелі халқынан малды сыпырып алды. Малдан айырылған қазақтың ары қарай не болғанын біле беріңіз", - дейді ол. 


Талас Омарбеков. © Tengrinews.kz

Қазақстанда бидай егетін шаруалардан да астықты жинап алды. 1928 жылғы қаңтардан бастап астық дайындау басталды, тек бізден ғана емес, бүкіл елден жинады. Солардың алғашқысы Сібір еді.

"Сталин жалпы өмірінде бір-ақ рет сыртқа шыққан. Осы қаңтар айында Сталин Сібірге пойызбен барады. Сібірдің Рубовское деген қаласына дейін барды. Сонда барлық кулакты теміржолға шығарып, тізіп, олардың алдында сөз сөйлеп, астығын сыпырып алды. Содан Сталин Красноярда "Восточное совещание" деген жиналыс өткізді. Голощекиннің сол жақтан берген телеграммасы архивте тұр. Сонда барлық артық астықты жинап алыңдар деген бұйрық берілді. Сонымен астықты да, етті де жинап алғаннан кейін халық ашықпағанда қайтсін", - дейді Талас Омарбеков. 

"Сталин қазақты ұлт деп қарамады"

Тарихшының айтуынша, Сталин қазақ деген халық барын Алашорда қайраткерлерінен ғана білген.

"Сталин тұрмақ, Ленин де болған жоқ Қазақстанда. Әлихан Бөкейхановты, Тұрар Рысқұловты, Сұлтанбек Қожановты көріп барып қана ойланды. Ал жалпы бүкіл қазақты 40 миллион малдың артында жүрген жабайы, сауатсыз, қатарға қосылмаған деп ойлады. Сол кезде оларға мал да бір, қазақ та бір болды. Сол кездегі қазақты қазіргі журналистер өзге ұлттармен бірдей  болған деп ойлайды. Қазақты халық қылып қояды. Компартия қазақты халық деп ойлаған жоқ. Сондықтан, өлсе өле берсін деп ойлады. Бұлардың малын ала береміз, бұларда 12 ай сайын мал өсе береді деп, малы бітпейтіндей көрінді. Қазақта мал саны 40 миллион бас дегенге Сталин сенбеді. Қазақ аштан өледі деген сөз айтылмаған да, бұл мәселе көтерілмеген де", - дейді ол.

"Қырғыз деген атаудан зорға құтылдық"

"Бір қаның қайнайтыны, қазақты ол кезде халық, ұлт деп қараған жоқ. Көп уақыт бойы бізді "қырғыз" деп атап келді. 1920 жылы тамызда Қазақстанға автономия бергенде бізге "Қырғыз автономия республикасы" деген атау берді. Қырғыз деген атаудан 1936 жылға қарай зорға құтылдық", - дейді ғалым. 

Бұған себеп сол кездегі биліктің біз бен қырғыздарды ажырата алмауы еді. Екеуін де бір деп ойлаған. Екі халықты кейін бірін "қара қырғыздар" десе, бізді "қырғыз қайсақтар" дейтін болды.

Ешкімнің кіруге рұқсаты жоқ архив

Талас Омарбековтің айтуынша, нәубет жылдары жайлы нақты мәлімет Мәскеудегі орталық статистикалық басқарма архивінде сақтаулы. Оның сөзінше, бұл архивке қазақстандық ғалымдардың ешқайсының кіруге рұқсаты жоқ екен.

"Мен бұл архивке Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан барып қана кіре алдым. Мен онда барып, 37-жылғы санақ материалдарын іздедім. Яғни ашаршылыққа дейін халық саны қанша болғаны және зұлматтан кейінгі саны қанша болғаны жайлы толық мәлімет бар. Оның ішінде концлагерьде қанша адам болғаны, Қытайға қанша адамның кеткені туралы мәліметтер бар", - дейді ғалым. Оның айтуынша, санақ басқармасының маңызы - ондағы санақ жүйелері батыстағыдай компьютермен жабдықталғандығында. 

Сонымен қатар, тарихшы ел айта бермейтін тағы бір Халық шаруашылығы архивіне де назар аудару қажет екенін айтты. "Халық шаруашылығы архивін қазір Ресейдің мемлекеттік архивіне қосып жіберді. Халық шаруашылығы архиві әлгі санақ басқармасымен тығыз байланыста болған. Осы архивтер сандық көрсеткіштердің болуымен маңызды", - деді Талас Омарбеков.

Сонымен қырылған қазақ саны қанша?

Талас Омарбеков 1997 жылы Президент аппараты жанындағы партия тарихи институтындағы аға ғылыми қызметкері болған жылдары Елбасының қабылдауында болғанын айтты. 

"1997 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы бізді қуғын-сүргін жылдарына байланысты қабылдаған. Сонда қазақтан шыққан тұңғыш антрополог және еліміздегі антропология мектебінің негізін қалаушы Оразақ Смағұлов, тарихшы Болат Көмековпен бірге Президенттің қабылдауында болдық. Ол кезде резиденция әлі Астанаға көшпеген. Сонда Елбасы қандай проблемаларымыз барын сұрады. Мен ашаршылықтан қанша қазақтың қырылғанын анықтайын деп дерек іздеп жүргенімді, деректің көбі Мәскеуде екенін айттым. Сөйтіп, көмекшісі маған Мәскеудің барлық архивіне рұқсат қағазбен іссапарға жіберді. Ол кезде Ресейдің президенті Ельцин еді. Президентімізді Ресейде жақсы қабылдайды, Осылайша мен көп архивтен құпия деректерді алып шықтым. Бұл - Архив Народного хозяйства, Архив Октябрской революции, Марксизм-Ленинизм институтының архиві болды. Осының барлығына кіріп-шықтым. Ашаршылық жылдары қанша адамның қаза тапқаны жайлы мәліметті Сол Халық шаруашылығы архивінің Санақ басқармасынан алдым. Бұған дейін біздің тарихшылар 1,7 миллион адам қырылған деп келді. Негізі үш жылдың ішінде бірнеше миллион адам қырылған. Қытайға 1 миллион адам қашып кетті дегендер де болды. Сөйтсек, Қытайға кеткендердің саны 100 мыңға да жетпейді екен. Бұл Қытайдың барлау органдарынан архивке жеткен құжаттарынан белгілі болды. Шыңжаңда 1930 жылы елге паспорт бере бастаған, сол кезде адамдар тіркелген. Сонда біздің жақтан өткендердің саны тіркелген", - дейді тарихшы.


© Tengrinews.kz

Тарихшының айтуынша, бұл архивте бірінің етін бірі жеген каннибализм деректері бар.

"Мысалы үшін, Шуда әкесінің басын кесіп алып, көшеде шашынан ұстап сүйретіп жүрген есі адасқан бала туралы дерек те бар. Моланы қазып, тамақтанғандар туралы мәліметті де көрдік. Адамның етін жеген адамның психологиясын ойлай беріңіз енді, бұл кезде халық ештеңе ойлаған жоқ. Бар ойы "қалай аман қаламын", "қайдан тамақ табамын" болды", - дейді Талас Омарбеков.

12 жылда бір келетін жұт

Ашаршылық дегенде 1930-1932 жылдарды ғана ойлаймыз. Алайда қазақ даласында 12 жылда бір келетін жұттың да болғанын айтқан абзал. Алғашында малы өліп, кейін ашаршылық жайлаған жылдар Ақ қоян, Көк қоян жылы деп аталып та кеткен. Соған дәлел ретінде Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов 1922 жылы 20 жылдардағы аштық жөнінде "Тәні саудың - жаны сау" атты мақаласынан үзінді келтірейік:

"...Өткен қыста аштық болды. Ашыққан адам бірінің етін бірі жеді. Өліктің етін жегені былай тұрсын, өлмеген тірі адамдарды малша ұрлап, малша сойып жеді. Қалаларда түн болса, көшеде жүруге болмады. Мезгілсіз уақытта көшеде жүрген адамдарды жылқы сияқтандырып бұғалық салып, буындырып ұстап, сойып жейтін болды. Анасы баласының етін жеуге жетті... Аштықтан адамның тәні азып еді, жаны да азып, ес кетіп, адамгершілік жоғалып, адам хайуаннан да жаман болып кетті...".

Вопрос от редакции
Что вы об этом думаете?
news135
Отправить
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии

Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram Последние новости
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная