1. Главная
  2. Узнай
  3. Новости
  4. Новости Казахстана

"Ай сайын 10-12 мың теңге төлеп отырасыз". Блогер баспаналы болудың ең оңай жолын айтты

Баспана блогері ретінде танылған Дәулет Төлеутайұлы көптен бері тұрғындар арасында тренинг өткізіп, үй алудың оңай жолдары туралы айтып жүр. Одан бөлек ол Instagram желісіндегі оқырмандарымен бірге бірнеше отбасына баспанаға сыйлаған. Tengrinews.kz тілшісі Дәулетпен баспана жөнінде әңгімелесті.

Ол өз әңгімесінде жастарға баспаналы болудың екі жолын айтты.

"Жастарға жылдам баспаналы болудың екі бағдарламасын айтар едім. Біріншісі - "Жалдамалы пәтер", бұл бағдарлама 29 жасқа дейінгі отбасыларға арналған. "Жалдамалы пәтер" бағдарламасы әзірше Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтанда іске асырылып жатыр. Сол үш қаладан менің бірнеше оқырманым үйлі болды. Бұл жерде мына жағдайларды түсіну керек: жалақы 40 айлық есептік көрсеткіштен кем болмауы керек. Бұл - 111 мың теңге. Одан алым салығын алып тастаған кезде қолға алатын жалақыңыз 88 800 теңгеден асса, "Жалдамалы пәтерге" өтініш беруге болады. Жалдамалы пәтер 5 жылға беріледі, бастапқы жарна керек емес. Бес жылда ай сайын 10-12 мың теңге төлеп отырасыз", - дейді блогер.

Оның сөзінше, тағы бір жолы - пилоттық жоба ретінде жүзеге асып жатқан "Алматы жастары" бағдарламасы. Бұл арқылы 35 жасқа дейінгі адамдардың үй алуға мүмкіндіктері бар.

Сонымен қатар, Дәулет Төлеутайұлы жалақысы 40 АЕК-тен аз отбасыларға да тоқталды.

"Ал енді жалақысы 88 мың теңгеден аз отбасылар да бар. Елімізде "Бақытты отбасы" деген бағдарлама бар. Ол үш категорияға арналған - көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар және мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар. Отбасы жалақысы 2 минимал күнкөріс деңгейінен көп болса, яғни, 65 336 теңгеден көп болса, осы бағдарлама бойынша баспана алуыңызға болады. Егер бұл шарттарға сай келмесеңіз, онда үй кезегіне тұру керек", - деді ол.

Блогердің баспана мәселесіне қатысты кеңестерін сұхбаттың толық нұсқасынан көруге болады:

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Қазақстанда тұрғындардың басты мәселелерінің бірі - баспана. Елімізде баспана бойынша көптеген бағдарлама жасалса да, кей отбасыға пәтер алу қолжетімсіз болып тұр. ⠀ Баспана блогері Дәулет Төлеутайлы @dauletten көптен бері түрлі тренинг өткізіп, баспаналы болудың жолдарын айтып жүр. Одан бөлек оқырмандарымен бірге бірнеше отбасыға ақша жинап, баспана әперген. ⠀ Осы тақырыптар жөнінде блогермен өткен сұхбатымызды ұсынамыз. Тілші: @ardakkultay

Публикация от Kaz.Tengrinews (@kaz.tengrinews)

Оқи отырыңыз:

"Өзі пәтер жалдап жүріп, елге ақыл үйретеді" дейтіндер бар - Баспана мәселесін жазатын блогер

"128 миллион теңге түсті". Блогер мұқтаж жандарға осымен сегізінші үйге ақша жинап берді

"100 миллион теңге". Блогер алты күнде алты отбасына баспанаға ақша жинап берді