Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
28 декабря 2018 11:44

Бишімбаевтың коттеджіндегі сауна қалай өзгерді

ПОДЕЛИТЬСЯ

© Tengrinews.kz © Tengrinews.kz

Кезінде экономика министрі қызметін атқарып, сотталған Қуандық Бишімбаевтың коттеджі енді Қосшының жалғыз мәдени ошағына айналды. Экс-шенеуніктің зәулім үйінің орнында жұмысын бастаған ауылдық клуб жайлы "Еуразия бірінші арнасы" сюжет түсірді.


Кезінде экономика министрі қызметін атқарып, сотталған Қуандық Бишімбаевтың коттеджі енді Қосшының жалғыз мәдени ошағына айналды. Экс-шенеуніктің зәулім үйінің орнында жұмысын бастаған ауылдық клуб жайлы "Еуразия бірінші арнасы" сюжет түсірді.

Тілшілер сюжетте бұрын бассейн, монша болған бөлмелерде жеткіншектер мен ақсақалдардың шахмат, дойбы ойнайтынын көрсетеді. Сот тергеуі кезінде түсінік бергендердің бірі 293 мың долларға салынған бұл үй аңшы стилінде жасалуы тиіс дегенді айтқан еді. 

Ал қазір қабырғада арқардың басы емес, мәдени ошақ екенін білдіретін символ ілініп тұр. Бөлмеде кішігірім сахна бар. Яғни, мұнда салтанатты жиындар да өтуі мүмкін.

Ал көрермендерге арналған орындықтардың барлығын алып тастағаннан кейін бұл бөлме хореография залына айналады екен. Яғни, келесі жылдан бастап, кәсіби жаттықтырушы балаларға бидің қыр-сырын үйретеді.


Бассейн көміліп, орнына айнала тізіп орындық қойылған

Үйдің бірінші қабатында би залымен бірге халықтық аспаптар оркестрі де болады. Жазда ғана суға толған бассейні болған кезекті бөлмеде шұңқыр жабылып, өнерпаздар отыратын орынға айналыпты. Бүгіннің өзінде домбыра-қобызда ойнауды үйренгісі келген 23 бала жазылып үлгеріпті.

Ал үйдің екінші қабатындағы бөлмелердің бірінде келесі жылдан бастап шахмат, дойбы, тоғыз құмалақ секілді үстел ойындарын үйретуге арналған үйірме орын теппек. Одан бөлек, мұнда қосшылық ақсақалдардың бас қосатын орны болмақ. Екінші қабатта сондай-ақ, вокал үйірмесі мен кітапхана бөлмесі әзірленген. 


Целиноград ауданының киелі жерлері туралы мәлімет ілінген

Есеп бойынша, мұнда 200 бала келіп, сабақтан тыс түрлі бағытта дәріс алмақ. Оларға 20 қызметкер қызмет көрсетеді. Клуб меңгерушісінің айтуынша, бұл клубқа жұмысшылар қатаң байқау арқылы қабылданады. 11 үйірмеге жауапты болу ниетін білдіргендер қатары көп екен. Айтуынша, қыркүйектен бері ғимаратты қалыпқа келтіру жұмыстары тоқтаусыз жүрген.


Кітапханада 900-ден аса кітап бар екен

"Коммуналдық желілерді қалыпқа келтіру бойынша біраз шаруа атқарылды. Целиноград аудандық бюджетінен қаржы бөлінді. Демеушілер де көмектесті. Жалпы сомасы 10 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Оның жартысын демеушілер көтеріп алды", - дейді Қосшы ауылдық клубының меңгерушісі Күлшат Досмағамбетова.


Телеарна сюжетінен скриншоттар

Қыруар қаржыға үйірмелерге қажетті жабдықтардан бөлек, бейнебақылау камералары да алынған. Журналистер экс-министр Бишімбаев ісі бойынша тәркіленген үйдің ішінде тек екі жасыл гүлзар қалғанын айтып өтті.

Еске салайық, Қуандық Бишімбаев былтыр қаңтарда жемқорлық қылмыс үшін күдікке ілініп, қамауға алынып еді. Биыл наурызда "топ болып алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі көлемде бірнеше рет пара алды" деген айыппен 10 жылға сотталған болатын.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 446.44   490.7   4.77 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети