1. Главная
  2. Узнай
  3. Новости
  4. Новости Казахстана

COVID-19 жұқтырған оралдық дәрігер коронавирустың өзге аурулардан ерекшелігін айтты

Әділбек Нұрымбет. Фото: facebook.com/adilbek.nurimbetov.9 Әділбек Нұрымбет. Фото: facebook.com/adilbek.nurimbetov.9

Оралдағы № 4 емханасының дәрігері Әділбек Нұрымбет коронавируспен қалай күрескенін және дәрігерлерді тыңдаудың неге маңызды екенін түсіндірді. Бұл туралы дәрігер Facebook желісінде жазды. 

Ол науқастарды емдеу шарасына сәуір айының аяғына таман шақырылыпты. 

"Дәрігер, оның ішінде инфекционист болған соң, тікелей борышым ғой деп дайындалып бардым. Барар алдында емханада COVID-19-ға ПЦР тапсырып алдым. Таза болған соң жұмысқа кірісіп кеттім. Қорғаныш киімдерін киіп, сақтық шараларын сақтап жүрдік. Пациенттерді емдеп, барынша түсіндіріп жүрдік. Сол сәуір айының аяғында бірнеше медициналық қызметкердің (дәрігерлер, медбике, санитар қызметшілері) коронавирус жұқтырғаны анықталды. Менен де алған. Таза болып шықты. Солармен тікелей қатынаста болдыңдар деп бізді провизорлық стационарға жатқызып тастады", - дейді ол.

Содан үш күн өткенде дәрігердің дене қызуы 37.3 градусқа дейін жоғарылапты.

"Басым, белім, буындарым қатты ауырғаны соншалық, жаным көзіме көрінді. Түнімен құсып шықтым. Ертеңіне менен тағы коронавирусқа анализ алды. Анализ қорытындысында менде коронавирус бары анықталып, жұқпалы ауруханаға әкеп жатқызды. Қызуым 37,2-37,3 градус айналасында болды. Басым, буындарым, белім ауырғаны күшеймесе басылмады. Басымды көтере алмадым. Шынымды айтсам 5 күн нәр татпадым. Тамаққа тәбетім мүлдем болмады. Өзім инфекционист болып жұмыс жасағанда қанша вирустық ауруды емдей жүріп, арасында тұмаумен өзім де ауырдым. Бірақ дәл осындай ауруды көрген емеспін", - деп бөлісті ол әсерін.

Әділбек Нұрымбет дене қызуы 38,0-38,5 градус болғанда да парацетамол ішіп, жұмысын жалғастырып жүре беруші едік дейді. Ал мына ауруда 5 күн басын көтере алмапты. Оған жөтел мен кеудедегі қатты ауырсыну қосылыпты.

"Өкпені КТ түсіргенде екі жақты пневмония анықталды. Қосымша тағы ем қосылды. 15 күн дегенде толық өзіме келдім. 24 күн жатып, екі рет анализ тапсырып, анализім таза болған соң бүгін ауруханадан шығып отырмын. Карантин басталғанда келіншегімді балалармен ауылға жіберген болатынмын. Келіншегімнің аяғы ауыр", - деген ол коронавирус жұқтырғанын әуелі әке-шешесіне де, келіншегіне де айтпапты. 

"Тек байланыста болғаным үшін карантинде жатырмын деп айтып келдім. Себебі олар не істей алады. Құр босқа уайымдағаннан басқа. Тек бүгін шыққан соң ғана ауырып емделгенімді, уайымдаудың қажеті жоқ екенін айттым. Соның өзінде уайымдап жатыр. Фейсбук бетіне жазбағаныым да сол еді. Естіп қойса уайымдар деп. Айтайын дегенім Коронавирус басқа жұқпалы ауруларға ұқсамайды. Өте ауыр өтеді, және ұзақ емделуді қажет етеді", - дейді дәрігер. 

Әділбек Нұрымбет өзімен бірге провизорлық стационарға жат дегенді тыңдамай, үйіне кетіп қалған адамның оқиғасын баяндады.

"Қандай ауру болса да 7-9 күннен аспайтын. Менің қасымда жатқандар да, бірге түскен медқызметкерлерде де менікіндей жағдай болды. Интоксикация, пневмония. Сондықтан бұл ауруға немқұрайды қарауға болмайды. Мен жатқанда бір жігіт түсті. Коронавируспен (жұқтырған адаммен) байланыста болған. Анализ алғанда анализі таза болып шыққан. Байланыста болғаны үшін 14 күн провизорлық стационарға жат дегенді тыңдамай, айқайласып үйіне кетіп қалған. 5 күннен соң бүкіл отбасымен келіп түсті. Барлығында температура, жөтел, интоксикация. Қазір барлығы жақсы. Бірақ қатты ауырған кезімді ойласам, жүрегім ауырып кетеді. Абайлайық бауырлар", - деп жұртты сақтыққа шақырды ол.