31 января 2019 | 17:04

Гауһар Әлімбекова ісі: Сәкен Майғазиев, Бүркіт және Гүлзира Айдарбекова араша сұрады

Елді дүрліктірген хабардан кейін қазақ эстрадасындағы әріптестері Гауһар Әлімбекованың бұл оқиғасына қатысты пікір білдіріп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Елді дүрліктірген хабардан кейін қазақ эстрадасындағы әріптестері Гауһар Әлімбекованың бұл оқиғасына қатысты пікір білдіріп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Әншіге қолдау білдіргендердің арасында Гүлзира Айдарбекова, Сәкен Майғазиев, Бүркіт, Нұрлан Албан, Жазира Байырбекова, Ләйлә Сұлтанқызы, Айгүл Иманбаева, Айқын Төлепбергендер бар.

Реклама
Реклама

Отандық танымал әнші, "Жігіттер" квартетінің мүшесі Бағлан Әбдірайымов Instagram желісіндегі парақшасында жаны таза адамнан жамандық күтпейтінін айтып, қазақстандықтарды қолдан келген бар амалды жасауға шақырды.

"Алланың екінші есімі - Халық!!! Қаласақ, ханға түйе сойғызамыз... Гауһар әпкемдікі мүмкін қате шығар, бірақ үндемей отыра алмаймын. Жаны таза адамнан өз басым жамандық күтпеймін. Бізге керек, ұят болады. Араша түсіп, қолдан келер бар амалды жасайық... Алла жеңілдік берсін! (...)", - деп жазған Әбдірайымов.

Белгілі продюсер Гүлзира Айдарбекова Әлімбекованың жақын танысы болмаса да, қазақ халқының алдында жүргендіктен қолдау білдіруді сұрайды.

"Негізі қатты араластығымыз да жоқ, көрген жерде сәлеміміз түзу, бірақ көрмегелі де 5-6 жыл болып қалыпты. "Көп түкірсе көл болады" деген, ертең қай-қайсымыздың да алдымыздан не күтіп тұрғанын білмейміз. Нүрекең шот ашып, парақшасына салса, бәріміз қарап қалмайық. Өте ақкөңіл, жүрегі кең, ашық мінезді болатын, мүмкін бір қателік орын алып жатқан болар. (...) Жағдайы төмендерге, мүгедектерге Алла разылығы үшін деп көрсетпей беріп те жүрміз, сол себепті оданша неге мұқтаж жандарға бермеске деп даурықпауларыңызды сұраймын. (...)", - дейді Айдарбекова. Сондай-ақ, продюсер өнер адамдарын жинап, концерт ұйымдастыруды ұсынып отыр.

Әнші әрі продюсер Нұрлан Албан шамасы келгенше көмектесуге дайын екенін айтады. "Қауіп қайдан... Қатер қайдан?.." Қолдан келері болса, көмекке ұмтылайық, ӘРІПТЕС бауырлар!!! Шамам келгенінше, қол созуға дайынмын!!! (Жазуға сөз таба алмай отырмын!!!...)", - дейді әнші.

Танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы да әлеуметтік желідегі парақшасында елді дүрліктірген жағдайға ойын айтып, әншінің туыстарынан хабарласуын сұрап жатыр.

"Бұл қалай болғаны. Жо-жоқ бұл жерде что-то не то. Қоңыраттың ақболатымыз деп екеуміз мақтанатын едік. Мендегі бар нөмірдің бәріне хабарластым. Бәрі өшірулі...Гүлнәр (сіңлісі), кім бар бауырларынан маған хабарласыңыздаршы...", - деп жазған тележүргізуші.

Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева заңның бәріне бірдей екенін айтып, қазақстандықтарды сабыр сақтауға шақырды.

"(...) Ақша жиналар... Гауһар апамыз бостандыққа шығар... Бірақ өнер үшін жаралған нәзік жүрек бұл сынақты көтере алар ма екен?! Мынадай әуезді әндер енді ол жүректен шығар ма екен? Заң бәрімізге бірдей... Бірақ елдің еркелеріне деген құрмет қайда?! Қазақ ән өнеріне сіздей үлес қосқан қыздар аз! (...) Бұл қазақ өнері үшін ең қасіретті күн... "Бір тамшы көздің жасындай" мөлдіреп кете бардыңыз-ау, жаным апке.. Жылы төсегімізде жатып жанымыз ауырып жатыр... Сұп-суық қабырғалардың арасында жаурап жатқан шығарсыз.. Сәл шыдаңыз!  Халықтың ерекше ыстық ықыласын сезіну үшін осы сынақ керек те болған шығар. (...), - дейді ақын.

Эстрада әншісі Жазира Байырбекова да Гауһар Әлімбековаға қол ұшын бергісі келетін тыңдармандардың жиналғанын қалайды.

"Талантты сазгер, әнші әпкеміз Гауһар Әлімбекованың басындағы мән-жайды анық білмеген соң,  қасында жүрмеген соң xалыққа ешқандай ақпарат бере алмаймын. Соңғы кезде өте сирек, соңғы бір жылда бір рет қана кездесіп қалдық Гауһармен. Кеше түнде инстадан көріп жаным ауырды. Бұл жерге жарнама жасағандай болып отыра бермей, барлық әріптесімнің, Гауһарға қол ұшын бергісі келетін тыңдармандардың бір жерге жиналғанын қалаймын. (...) Ақыл айтып қана қоймай, "біз де көмектесеміз" деп жазып жатқан кең пейілді көрермендерге Алланың нұры жаусын!", - дейді Жазира.

Әнші Бүркіт болса бұл жағдайға кешіріммен қарауға болатынын айтып, қаражат жинап, көмек беруге шақырады.

"Бұндай xабар естіп, денем түршікті! Бұл қалай болды сонда? Гауһар Әлімбекованы қатты араласпасақ та, көріп тұратын жайымыз бар еді. Өмірде неше түрлі жағдай болады ғой, мүмкін бір қате кеткен шығар? Кім білсін? 6 жылға 40 000 доллар үшін сотталды деген деген xабар жеткенде, не ойларымды да білмей қалдым! Құдай-ау, миллион-миллиондап ұрлап, сосын кешірім сұрап, ақшаларын қайтарып беріп жатқандар да бар емес пе?! Неге соншама қатал боламыз? Меніңше, кешіріммен қарасақ жөн болар еді. (...) Не болса да, қандай жағдай болса да, Аллаһтан қайтсын! Бұл өмірде кім білсін, алдымызда не күтіп тұрғанын!", - деп жазған Бүркіт.

Әнші, актриса Айгүл Иманбаева да қандай қолдау болсын көрсетуге дайын екенін айтады. "Гауһар бұл да бір сынақ шығар. Алла жар болсын. Біз қандай да көмекке дайынбыз", - дейді актриса.

"МузАРТ" тобының солисі Сәкен Майғазиев қарсы тарап кешірім беріп, келісімге келген жағдайда әріптестерінің сол соманы жинап беруге бар күшін салатынын айтады.

"(...) Кешеден бері істің анық-қанығын, ақ-қарасын ажыратуға барымызды салып жатырмыз. (...) Қарсы тарап кешірім беріп, келісімге келсе, Гауһардың әріптестері сол соманы жинап беруге бар күшімізді саламыз деп ниеттендік. (...)", - деп жазған әнші.

Әнші Айқын Төлепберген болса өзінің де басынан осыған ұқсас жағдай өткенін айтады. Айтуынша, оны да алдап, ақшасын ұзақ уақыт бойы қайтармаған.

"Гауһар xанымды жақын танымаған соң алғаш жаңалықтардан көргенде мен де басқа ойда болдым. Себебі сот шешімін бостан босқа шығармайтыны анық. Бірақ мына хатты оқып, ойым өзгерді. Гауһарды да алаяқтың қақпанына түсіріп тұрғаны xақ. Оған қарамастан, Заң бойынша ақшаны қолына алған адам кінәлі болып саналатын шығар. Себебі 40 мың долларын беріп зардап шеккен адамды да түсінуге болады. Өзім тура осы жағдайдан өткенмін. Мені де алдап, ақшамды ұзақ уақыт бойы қайтармаған. Біздің қолымыздан келгені - Гауһар xанымның қарызын қайтаруға кішкентай болса да үлесімізді қосу", - деп жазған Айқын. 

Еске салайық, елімізге танымал әндердің авторы, әнші Гауһар Әлімбекова 30 қаңтарда алаяқтық үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. 

Кейінірек әншінің адвокаты Жұмағали Зинелов істің мән-жайын айтып берген еді. Адвокат сот үкімімен келіспейтінін және таяу арада апелляциялық сотқа арыз түсіретінін мәлімдеген болатын.

Айта кетейік, әншінің "Ақ келін", "Көктемге хат", "Жас келін", "Қыз сезімі", "Оралшы махаббат", "Ақмаралым" әндері жұртшылыққа кеңінен таралып, танымал болған. Оның әніне жазылған өлеңдерді танымал эстрада жұлдыздары орындаған.


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная