1. Главная
  2. Узнай
  3. Новости
  4. Новости Казахстана

"Қауіп төніп тұр". Нұр-Сұлтанда көпқабатты үйдің тұрғындары жанайқайын жеткізді

  • 11

Елорданың орталығында орналасқан көпқабатты "Гранд Алатау" кешенінің тұрғындары жанын шүберекке түйіп отыр. Олар үйдің апат жағдайында екенін айтады. Себебі тұрғын үй кешенінде кәріз жүйесі дұрыс жұмыс істемегендіктен лай су паркингтегі үйдің қабырғасынан ағады екен. Тұрғындар үйдің қабырғалары сыз тартып, сөгілуі мүмкін деген ойда. Сондай-ақ, олар мәселе мұнымен шектелмейтінін айтады. Тengrinews.kz тілшісі оқиғаның мән-жайын біліп көрді.

Есілдің жағасында орналасқан "Гранд Алатау" тұрғын үй кешені 2007 жылы пайдалануға берілген. Кешен 19, 28, 37, 43 қабатты төрт тұрғын үйден тұрады. Тұрғындар үйді салған компанияның құрылыс ережелерін бұзғанын тілге тиек етті.

"12 жылдан бері мәселені шеше алмай келеміз. Үй салушы техникалық-инженерлік құрылыс нормалары мен ережелері бұзып, осы объектіні тапсырды. Талапқа сай келмейтін дүниелер көп. Барлық тұрғын наразылығын білдіріп жатыр", - дейді Ләззат Камзина.

"Қауіп төніп тұр"

Камзина тұрғын үй кешеніндегі 19 қабатты үйде тұрады. Ол кеше өткен Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің халыққа есеп беру кездесуінде "Гранд Алатау" тұрғын үй кешенінің апат жағдайында тұрғанын айтқан.

"Мен бұл мәселеге қатысты сұрақты Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгіновке қойдым. Оған өте қауіпті жағдайда тұрғанымызды айттым. Тұрғын үй кешенінің астында өзен мен үйдің арасын бөліп тұрған бетон қабырға бар. Оған қауіп төніп тұр. Кешенде кәріз және нөсер кәрізі жүйесі дұрыс жұмыс істемейді. Егер мұндағы судың деңгейі көтерілсе, бұл қабырға бұзылайын деп тұр", - дейді тұрғын.

"Қауіпсіздік ережелерін сақтамаған"

Ләззат Камзина бұл мәселені шешу үшін қомақты қаражат керегін,
мұндай ақша пәтер иелері кооперативінде жоғын атап өтті.

Сондай-ақ, Камзина "Гранд Алатау" тұрғын үй кешеніндегі мәселе мұнымен шектелмейтінін жеткізді. Оның пікірінше, құрылыс компаниясы үйді пайдалануға бергенде қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамапты.

"Тіпті, өрт дабылы да жоқ. Құдай сақтасын, бірақ мұнда өрт болса, оның қайдан шыққанын дер кезінде анықтай алмаймыз. Өрт болған күннің өзінде тұрғындар тұнғышып өлуі мүмкін. Өйткені, осы тұрғын үйде желдету жүйесі де жұмыс істемейді. Себебі, инженерлік жүйелер дұрыс қосылмаған", - дейді ол.


Өрт сөндіру құралы жоқ

Осы орайда тұрғын үйде өрт кезінде шығатын есік жоқ екенін де атап өтті.

"Жоба бойынша өрттен шығатын 6 есік болуы шарт. Ал бізде ондай жоқ. Сондай-ақ қабаттарда өрт сөндіретін құрал да жоқ. Өрт болған кезде шығатын дәліздерді үй салушы сатып жіберген", - дейді Ләззат Камзина ашынып.

"Паркингте су жиналады"

Ілияс Ерденовтің бұл кешенде тұрғанына 6 жыл болыпты. Ол барлық мәселе паркингте екенін айтады.


Жұмыс істемейтін нөсерлік кәріз жүйесі

"Оның жағдайы сын көтермейді, онда үнемі су жиналады. Паркинг қабырғасынан аққан судың ізін байқауға болады. Бұл мәселені тұрғындар талай көтерді. Құрылыс компаниясының уақытында тиісті жұмыстарды жүргізбеуі салдарынан осындай проблема туындап отыр", - дейді тұрғын.


Сұлушаш Айдагулова

Мәселенің анық-қанығын білу үшін "Гранд Алатау" тұрғын үй кешеніне қызмет көрсететін "Жарқын Жағалау" ПИК төрайымы Сұлушаш Айдагуловамен тілдестік. Ол тұрғындардың шағымы негізсіз емес екенін, үйге қауіп төніп тұрғанын ашық айтты.

Сондай-ақ Айдагулова паркингтің төменгі қабатын көрсетіп, оның мүлдем сын көтермейтінін жеткізді.

"Жақын маңдағы лай сулар паркингтің қабырғасы арқылы төменге ағады. Себебі, кәріз жүйесі дұрыс істемейді. Салдарынан бұл аумақты су басады. Салдарынан үйдің іргетасына қауіп төндіруі мүмкін. Қалалық әкімдікке "Астана су арнасы" мекемесіне "мұндағы кәріз жүйесін баланысқа алу қажет" деп хат жаздық", - дейді ПИК төрайымы.

Тұрғын Ляззат Камзе құрылыс компаниясы кешендегі техникалық бөлмелерді сатып жіберуі мәселені ушықтырып тұрғанын айтады. Ал Сұлушаш Айдагулова бұған жылжымайтын мүлікті жалға берумен айналысатын "Индустрия инвестстрой" компаниясының қатысы бар болуы мүмкін екенін жеткізді. Осы орайда аталған компания директорының орынбасары Вячеслав Кимді әңгімеге тарттық.

"Мүддемізді тек заң аясында қорғап жүрміз"

"Гранд Алатау" тұрғын үй кешені 2007 жылы тұрғызылып, мемлекеттік қабылдау актісі бойынша пайдалануға берілді. Тұрғын үй мемлекеттің көмегімен салынды. Осының арқасында біз үлескерлік құрылысқа қатысу келісімшарты бойынша 2006 жылы кешеннен тұрғын емес үй-жайды алдық. Мұнда өрт қауіпсіздігіне қатысты мәселелер бар", - дейді ол ағынан жарылып.

Оның пікірінше, бұл мәселені үйге қызмет көрсететін ПИК шешуі қажет.

Сондай-ақ Вячеслав Ким компания заң аясында жұмыс істейтінін атап өтті. Ол тұрғындардың үстінне шағым түскенін, сот аясында бұл мәселеге құқықтық баға берілгенін айтты.

"Бұл тұрғын үй кешенінде бізге тиесілі тұрғын емес үй жайлар, офистер мен пәтерлер бар. Оларды сатып алдық. Тұрғындар біздің үстімізден шағым түсірген соң, тиісті құжатты сотта көрсеттік. Сот әрекетімізге құқықтық баға берді. Сот процестері 2010 жылдан бері жүріп келе жатыр. Әрбір адам құқын қорғау үшін сотта шағымдана алады. Біз ар-намысымызды сотта қорғаған жайттар болды. Мүддемізді тек заң аясында қорғап жүрміз", - деді компания директорының орынбасары.

Сонымен қатар, ол үй салушы компания "Гранд Алатау" кешенін салу барысында қандай жұмыстарды тиісті деңгейде жүргізбегенін тек сараптама қорытындысы арқылы білуге болатынын жеткізді. Вячеслав Ким бұл мәселеге өз компаниясының қатысы жоғын тілге тиек етті.

Өз кезегінде "Жарқын Жағалау" ПИК төрайымы Сұлушаш Айдагулова ендігі үміт Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінде екенін айтты.

"Нұр-Сұлтан қаласының әкімінің орынбасары Ермек Кизатов үйімізге техникалық аудитті жіберуге уәде берді. Мамандар тұрғын үй кешеніндегі әрбір үйді тексереді. Оларға үміт артып отырмыз. Қала әкімінің есеп беру кездесінде әкім біздің жанайқамызды естіген сияқты", - деп түйіндеді сөзін Сұлушаш Айдагулова.

Айта кетейік, 12 ақпан күні елордада Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің халыққа есеп беру кездесуінде өткен болатын. Онда тұрғындар "Гранд Алатау" тұрғын үй кешенінің апатты жағдайда тұрғанын айтып, шағып түсірген. Қала әкімі Алтай Көлгінов бұл мәселе бойынша комиссия құрылатынын атап өтіп, орынбасары Ермек Кизатов арнайы тапсырма берген болатын.