ПОДЕЛИТЬСЯ
03 марта 2019 | 10:17
Қазнетте ең көп таралған фейк жаңалықтар
Қазақстандықтардың әлеуметтік желілері мен мессенджерлерінде соңғы уақытта өте көп қауесет тарап жүр. Tengrinews.kz тілшісі елді елең еткізіп, әбігерге салған фейк жаңалықтардың ақ-қарасын ажыратып көрді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақстандықтардың әлеуметтік желілері мен мессенджерлерінде соңғы уақытта өте көп қауесет тарап жүр. Tengrinews.kz тілшісі елді елең еткізіп, әбігерге салған фейк жаңалықтардың ақ-қарасын ажыратып көрді.
"Қытайдан келген" пластмасса жұмыртқа
Айдың ортасында Өскеменде пластмасса жұмыртқалар сатылып жатыр деген ақпарат желдей есті. Бұл жұмыртқаларды Қытайдан әкеліп жатыр дегендер де болды. Осыдан кейін Шығыс Қазақстан облысында құзырлы орган өкілдері барлық дүкенді аралап шықты. Кейін Қазақстанның бас санитариялық дәрігері Жандардек Бекшин видеоны 100 пайыз фейк деп мәлімдеген.
Сөйтсек, бұл жұмыртқалардың жұмбағы оңай шешіледі екен. Қырғыз еліндегі "Ыстықкөл құс фабрикасы" кәсіпорнының директоры Сталбек Мәмбеталиев мұндай "резеңке" жұмыртқалар қатты суық жерде сақталса осындай қалыпқа енетінін көрсетті.
Бұл сөзін дәлелдеу үшін маман көп уақыт бойы тоңазытқышта тұрған жұмыртқаны алып, қайнатып көреді. Қайнаған жұмыртқаны ашып қараса, ішкі бөлігі резеңкеге ұқсап шыға келген.
Оның сөзінше, жұмыртқаны қолдан жасау мүмкін емес.
Стриптиз
Таяуда ғана полиция формасын киген шенділердің алдында стриптиз билеген қыздың видеосы Желіде таралды. Кадрлардан полиция қызметкерінің киімін киген ерлер мен әйелдер отырған мәжіліс залын көруге болады. Онда жартылай жалаңаш қыз кіріп, стриптиз билейді. Зал шармен безендірілген, ал сахнада 23 саны көрінеді. Видеода Ресей құқық қорғау органдары қызметкерлерінің шевронын байқауға болады.
Алайда бұл оқиға Қазақстанда болған деп таралды.
Өз кезегінде Қазақстанның Ішкі істер министрлігі өкілдері полицейлер алдында стриптиз билеген қыз түскен видеоның елімізде түсірілмегенін мәлімдеді.
"Кадрлардағы оқиға мемлекетіміздің аумағында болған жоқ. Біздің елге еш қатысы жоқ", - деді министрдің кеңесшісі, ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз.
БАҚ-тағы ақпарат бойынша, оқиға Бурятияда болған.
Моңғолиядағы бесем
Таяуда Қазнетте перзентханада бесемнің суреті жарияланған еді. Түркістан облысында бесем дүниеге келді деп тараған сурет жалған болып шықты. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл сурет уақыт өткен сайын Желіде жарияланып тұрады, алайда оның геомәліметтері өзгерген. Мысалы екі жыл бұрын дәл осы суретті Моңғолияда әлеуметтік желілерде кеңнен талқылаған екен.
5000 доллар тұратын жарқанат ұясы
Әлеуметтік желіде желдей есіп кеткен осы ақпарат елді елең еткізді. Тіпті осы тіршілік иесінің ұясында кезінде перғауындар ішкен мәңгі жас қылып сақтайтын дәрі бар десті. Мұны дәрілік зат ретінде арабтың байшыкеш шейхтері жаппай сатып алып жатыр дейді.
Артынша ақшаны сытырлатып санап, мол табысқа кенелдік дегендердің видеосы тарай бастады.
Ал кейін бұл жағдайдың рас-өтірігін ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті өкілдері айтты.
"Соңғы уақытта әлеуметтік желі мен БАҚ-та жарқанаттың ұясын қымбатқа сатып алатыны жөнінде жазбалар пайда болды. Арнайы түсіндіріп өткіміз келеді, жарқанаттар ешқашан ұя салмайды, олар үңгірлер мен ұңғымаларды, жертөле, ағаш қуысы мен құдықтарды паналайды", - деп жазды комитеттің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Фейсбуктегі парақшасында.
"Балаларға газды қосуды тапсыратын әйел"
Тағы бір фейк - WhatsApp желісінде тарады. Аудиожазбада бір әйел жеті жасар қыздан газды екі сағатқа қосып қоюы керектігін айтады.
Ол газ қызметінің жұмысшысы болып танысып, қыздан үйінде үлкендердің бар-жоғын сұрайды. "Жоқ" десе, газды екі сағатқа ашып қоюды сұрайды. Мұнысын ол "газ қондырғысын тексеріп жатырмын" деп сылтауратады.
Ал ҚР Ішкі істер министрлігі бұл аудиожазбаның жалған екенін мәлімдеді. "WhatsApp желісінде қаскөй әйелдің баладан қауіпті әрекет жасауды тапсырады. ІІМ бұл мәліметтің жалғанын екенін хабарлайды және әлеуметтік желілерде белгісіз біреулердің жалған хабарламаларына сенбеуге шақырады. "
Осылай, Министрлік қазақстандықтарға жалған ақпарат таратқандардың қылмыстық жауапкершілік арқалайтынын ескертті.
Показать комментарии
Читайте также