1. Главная
  2. Узнай
  3. Новости
  4. Новости Казахстана

"Қонақ шақыруға болмайды". Алматыдағы карантин талаптары қандай?

Фото: Тұрар Қазанғапов Фото: Тұрар Қазанғапов

Алматы қаласында тұрғындарға сыртқа шығуға, саяжайға баруға рұқсат берілді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Сыртқа шығуға болады"

Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің айтуынша, тұрғындар далаға шығу үшін арнайы талапты орындауы керек. Себебі, ол коронавинус инфекциясының таралмауы үшін маңызды.

"Алматы тұрғындары таңғы сағат 06:00-ден кешкі 21:00-ге дейін аулаға және демалыс алаңына шыға алады. Бірақ арнайы санитарлық талапты сақтауымыз керек. Бұл - коронавирус инфекциясын жұқтырмау үшін маңызды. Балалар ойнайтын орындар және аулалар күнделікті тазаланып, дезинфекция жүргізілуі қажет. Бұл жұмысты ПИК және тұрғын үй кешенінің иелері жүргізеді", - деді ол "Алматы" телеарнасында өткен баспасөз мәслихатында.

"3 адамнан артық жиналуға болмайды"

Сондай-ақ тұрғындар далаға шыққан кезде бетперде тағып, арақашықтықты сақтауы қажет.

"14 жасқа дейінгі балалар ата-аналардың бақылауымен сыртқа шыға алады. Олар үйдің ауласынан тысқары жерге шықпауы керек. Бір орында 3 адамнан артық жиналуға болмайды. Тұрғындар 2 метр арақашықтықты сақтауы шарт. Бұл талапты ересектер де сақтауы қажет", - деді Жандарбек Бекшин.

Бас санитар дәрігер балаларға аулада футбол, баскетбол ойнауға рұқсат берілмейтін атап өтті. Өйткені, бұл індетті жұқтырудың қаупін арттырады. Сондықтан тұрғындар адамдар көп шоғырланған жерге бармағаны жөн.

"Қарапайым ережелерді сақтаңыздар"

Осы орайда Жандарбек Бекшин тұрғындарға жеке бастың тазалығын сақтауға кеңес берді.

"Үйге келген соң міндетті түрде қолыңызды сабынмен мұқият жуыңыз. Далада жүрген кезде қалтаңызда антисептик болғаны жөн. Егер аулада адамдар көп болса, басқа уақытта сыртқа шығыңыз. Осындай қарапайым ережелерді сақтау арқылы біз коронавирус инфекциясынан аман боламыз", - деді ол.

"Саяжайға баруға рұқсат берілді"

Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов қала тұрғындарына өз саяжайына баруға рұқсат берілгенін атап өтті.

"Бұл Алматы облысындағы саяжайларға да қатысты. Саяжайға бару үшін қосымша өтініш берудің қажеті жоқ. Олар саяжай меншігін растайтын құжат пен жеке куәлігін көрсетсе жеткілікті. Сондай-ақ міндетті түрде медициналық бетперде тағуы қажет әрі антисептик болғаны жөн. Саяжайға көршілер мен қонақ шақыруға тыйым салынады. 3 адамнан артық жиналуға болмайды", - деді ол.

Сонымен қатар, Қожағапанов жасы 65-тен асқан алматылықтарға үйде болуға кеңес берді. Ол жедел штаб саяжайға баратын азаматтардың жүріп-тұруын барынша жеңілдеткенін, тұрғындар өз көлігімен тиісті жеріне бара алатынын жеткізді.

"Жеке көлігіңізбен саяжайға баруға рұқсат беріледі. Автобус парктері саяжайға барушыларды блокбекетке дейін жеткізеді. Кейін олар Алматы облысындағы қоғамдық көлікпен, жеке көлігімен немесе таксимен тиісті жеріне бара алады", - деді Ерлан Қожағапанов.

"Тұрғындарды қайта карантинге жатқыза алмаймыз"

Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасарының айтуынша, қаланың сыртында 27 мың саяжай бар.

"Саяжайдан келген 27 мың адамды қайта карантинге жатқызу қиын. Мен саяжайға барған қала тұрғындарына карантин мерзімі аяқталғанша сонда болуға кеңес беремін. Бірақ біз олардың жүріп-тұруына шектеу қоймаймыз", - деді ол.

"Олар тест тапсырмайды"

Оның сөзін Жандарбек Бекшин толықтырды. Ол саяжайдан келген тұрғындар коронавирусты анықтауға тест тапсырмайтынын жеткізді.

"Менің ойымша, біз барлығын жеңілдеттік. Тұрғындар саяжайдан қайтқан кезде құжат көрсетудің қажеті жоқ. Саяжай иесі қала тұрғыны ретінде шаһарға кіре алады. Тест тапсырмайды. Кейін қайта саяжайға баруға мүмкіндігі бар", - деді Алматы қаласының бас санитар дәрігері.

"Карантин ережесін бұзғандар жауапқа тартылды"

Алматы қаласы полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов шаһарда 19 наурызда каратин жарияланғанына қарамастан заң талабына бағынбаған азаматтар болғанын айтты.

"Карантин режимі енгізілгелі бері полиция халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Соған қарамастан 1965 адамның үстінен әкімшілік хаттама толтырылды. Оның 577-сі абақтыға қамалды, 1 054 адамға айыппұл салынды, 344 адамға ескерту жасалды. Блокбекеттерден заңсыз өту бойынша 397 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 169-ы қамауға алынды", - деп түйіндеді сөзін полиция департаментінің басшысы.

Айта кетейік, осыған дейін Нұр-Сұлтан қаласында карантин талабы жеңілдегенін хабарлағанбыз

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде төтенше жағдай режимі ұзаратынын мәлімдеді.