Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
11 марта 2021 10:29

Пандемия жарияланғанына тура бір жыл. Адамзат өмірі қалай өзгерді?

ПОДЕЛИТЬСЯ

© Reuters © Reuters

Осыдан тура бір жыл бұрын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус инфекциясын пандемия деп жариялаған. Осы бір жыл ішінде шектеу көбейіп, адамзат өмірі өзгерді. Tengrinews.kz тілшісі осы кейінгі бір жылда дүние жүзі мен Қазақстанда қандай маңызды оқиғалар болғанын баяндайды.


Осыдан тура бір жыл бұрын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус инфекциясын пандемия деп жариялаған. Осы бір жыл ішінде шектеу көбейіп, адамзат өмірі өзгерді. Tengrinews.kz тілшісі осы кейінгі бір жылда дүние жүзі мен Қазақстанда қандай маңызды оқиғалар болғанын баяндайды.

Карантин көктемі

Коронавирус 2019 жылы желтоқсанда тарай бастағанымен, пандемия 11 наурызда жарияланды.

"Коронавирустан болған пандемияны ешқашан көрмедік. Бұл коронавирус себеп болған алғашқы пандемия. Сондай-ақ, біз бақылауға алуға болатын пандемияны да ешқашан көрмедік. Біз күн сайын барлық елді нақты әрекеттерге шақырамыз", - деген еді пандемия жарияланған күні ДДҰ басшысы Тедрос Гебреисус.

Ол кезде вирус дүние жүзіне тарап үлгерген. Былтырғы 11 наурызға дейін COVID-19 114 елден табылып, 100 мыңнан аса адам вирус жұқтырған еді. Төрт мыңнан аса адам қайтыс болған. Бірақ сол 114 елдің ішінде Қазақстан болмады. Біздің елімізде коронавирус алғаш 13 наурызда табылды.


© Reuters 

Пандемия жарияланған кезде Еуропа коронавирус ошағына айналған. Дәлірек айтқанда, Италия мен Испанияда вирус жұқтырғандар көп болды. Елде кинотеатрлар жабылып, шектеу шаралары енгізілді. Жалпы, наурызды карантин айы деуге болады. Себебі бұл айда барлық елде карантин, шектеу шаралары енгізілген.


© Reuters 

Көптеген ел ішкі карантин шараларынан бөлек, жаппай шекарасын жауып тастады. Бәрі азаматтарын елге оралтып, шекараны жауып, коронавируспен бөлек-бөлек күресті. Кейін әр елдің бөлек әрекет етуін сынға алғандар да болды.

Карантин салдары айтыла бастады

Сәуір аяғында кей ел карантинді әлсірете бастады. Бірақ көп шектеу сақтаулы қалды. Балалар қашықтан оқыды, барлық жерде оқшаулану режимі болды, көшеге себепсіз шығуға да шектеу қойылды.

Осы тұста карантин салдары байқалды. Мысалы, Желіде Венеция өзені карантинге байланысты тазарып, медузалар пайда болып, аққу мен дельфиндер оралғаны туралы ақпар тарады. Көптеген қалада ауа тазарғаны хабарланды. Карантиннің екінші айында ауасы лас саналатын Алматыда да жағдай жақсарған.


Венеция. © pixabay.com 

Бірақ карантиннің кері әсері де болды. Көптеген нысан жабылған соң, жұмысынан айырылғандар көп болды. Бәрі үйінде отырды, сол сәтте БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш үйде оқшаулануға байланысты отбасылық зорлық-зомбылық артқанын мәлімдеді. Ажырасу да көбейгені туралы ақпар тарады.

Ал Қазақстанда қашықтан оқитындарды жаңа мәселе күтіп тұрды. Елімізде интернет дауы басталды. Көптеген ауыл тұрғыны интернет нашар екенін айтып шағымданды.

Жазда коронавирус тоқтамады

Коронавирус енді тарап жатқанда көбі "COVID-19 жазда әлсірейді", "пандемия аяқталады" деп сенген. Бірақ жазда вирус тарауы күшеймесе, әлсіремеді. Алысқа бармай, Қазақстанды мысалға келтіруге болады. Жазда Қазақстанда күн сайын 1500-нан аса адамнан вирус анықталып отырды. Соған байланысты елімізде 1,5 ай бойы локдаун болған еді.

Одан бөлек, жазда коронавирус белгісі бар пневмония тарай бастады. Көп адам жазда ауырып шықты. Пневмония статистикасы Қазақстанда былтырғы 1 тамыздан бері есептеледі.


Фото: elements.envato.com

Коронавирус көбеюі Қазақстанда ғана емес, дүние жүзінде болған құбылыс. Мысалы, маусымның бір ғана аптасында дүние жүзінде миллион адам коронавирус жұқтырған. Соған қарамастан жазда көп ел шекарасын аша бастады. Туризм ашылып, елден елге саяхаттайтындар көбейді. 

Коронавирустың жаңа штамдары пайда болды

Кейін коронавирустың жаңа штамдары пайда болды. Желтоқсанда "ұлыбританиялық" штамм шыққаны хабарланды. Вирустың мутацияланған түрі әдеттегі коронавирустан адамнан адамға 70 пайызға тез жұғады."Ұлыбританиялық" штамм БАӘ, АҚШ, Франция, Жапония, Индонезия және басқа да елдерге анықталған.

Ал артынша АҚШ-тың Калифорния штатында адам ағзасынан екі штамм бірігуінен пайда болған гибрид коронавирус штамы табылды. Әзірге гибрид штамды жұқтырудың бір ғана жағдайы белгілі. Бірақ сарапшылар тексерілмеген науқастарда жұқтыру дерегі болуы мүмкін деп қорқады. Олар гибрид штамм ұлыбританиялық штамға қарағанда тезірек таралуға мүмкіндік беретін мутацияны алып жүреді деп алаңдайды.


© Тұрар Қазанғапов 

Кейін коронавирустың оңтүстікафрикалық штамы шықты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл штамм SARS-CoV-2-нің "қарапайым" түріне қарағанда тез жұғатынын растады.

ДДҰ төтенше жағдайлар бөлімінің техникалық тобының жетекшісі Мария ван Керкховенің сөзінше, бұл аурудың ауырлығына әсер етпейді.

"Бұл штамм ұлыбританиялық түрі секілді тез жұғады", - деді ол.

Қазіргі уақытта дүние жүзінің әр елінен коронавирустың жаңа штамдары анықталып жатыр.

Жаппай вакцинация басталды

Ал былтыр желтоқсанда дүние жүзінде вакцинация кезеңі басталды. "Спутник V", AstraZeneca, Pfizer/BioNTech секілді вакциналар тіркелді.

Коронавирустан ең қатты зардап шеккен АҚШ-та жаппай вакцинация былтыр 14 желтоқсанда басталды. Бұл елдің дәрігерлері Pfizer/BioNTech вакцинасын қолданып жатыр.

Ұлыбританияда да вакцинация желтоқсанда басталған. Бұл ел бірден бірнеше вакцинаны қолданып жатыр. Басында ел үкіметі Pfizer/BioNTech вакцинасына рұқсат берген. Артынша дүние жүзінде алғаш болып AstraZeneca екпесін қолданды. Бір ай ішінде Ұлыбританияда бір миллионнан аса адамға вакцина салынған.


© Reuters 

13 қаңтарда Ресейде жаппай вакцинация басталды. Оған өздері әзірлеген "Спутник V" және "ЭпиВакКорона" вакциналарын қолданған. Ал Қазақстанда 1 ақпаннан бастап "Спутник V" вакцинасы дәрігерлерге, қазір мұғалімдерге салынып жатыр. Жаппай вакцинация сәуір-мамырда басталуы мүмкін.

Айта кетейік, осы бір жыл ішінде дүние жүзінде 118 миллион адамнан коронавирус табылған. Оның 66,7 миллионы аурудан жазылған. 2,61 миллион науқас қайтыс болған.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 443.77   490.7   4.81 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети