Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
01 сентября 2020 17:58

Президент жолдауы мен коронавирустың әлсіреуі. Күннің басты жаңалықтары

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақстандықтар бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауын қызу талқылап жатыр. Сондай-ақ, бірнеше айдан бері алғаш рет елімізде бір тәулікте коронавирус жұқтырғандар саны 100-ге жетпеді. Tengrinews.kz тілшісі 1 қыркүйектегі басты жаңалықтарға шолу жасайды. 


Қазақстандықтар бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауын қызу талқылап жатыр. Сондай-ақ, бірнеше айдан бері алғаш рет елімізде бір тәулікте коронавирус жұқтырғандар саны 100-ге жетпеді. Tengrinews.kz тілшісі 1 қыркүйектегі басты жаңалықтарға шолу жасайды. 

Коронавирус әлсіреп келеді

Соңғы бір тәулікте Қазақстанда 77 адамнан коронавирус табылды. Бұл соңғы бірнеше айдағы ең төмен көрсеткіш саналады.

Аймақтар бойынша (жалпы/симптомсыз):
Нұр-Сұлтан қаласы - 3 / 0
Алматы қаласы - 3 / 1
Ақмола облысы - 7 / 4
Алматы облысы - 1 / 0
Атырау облысы - 9 / 7
Шығыс Қазақстан облысы - 17 / 2
Батыс Қазақстан облысы - 3 / 0
Қарағанды облысы - 14 / 1
Қостанай облысы - 6 / 1
Павлодар облысы - 2 / 2
Солтүстік Қазақстан облысы - 9 / 0
Түркістан облысы - 3 / 0.

Осылайша, елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 105 872-ге жетті. Оның ішінде 96 899 науқас аурудан жазылса, 1523 науқас қайтыс болған.

Ал 1 тамыздан бері есептелетін коронавирус пневмониясына қатысты деректер мынадай: 25 714 адам ауру жұқтырған, 290 адам көз жұмған.

Тоқаев бірқатар тапсырма берді

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауын жасап, бірқатар мәселе көтерді. Президент жолдау барысында үкіметке бірнеше тапсырма берді. Солардың бірі - шенеуніктер санын 25 пайызға қысқарту.

"Мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік секторын қысқарту мерзімін жылдамдатуды тапсырамын. Биыл олардың санын 10 пайызға қысқарту қажет. Келесі жылы тағы 15 пайызға қысқарту керек. Осылайша, шенеуніктерді 25 пайызға қысқарту тапсырмасын 2021 жылы шешіп боламыз. Нәтиже мен цифрландыруға байланысты тағы да қысқарту мәселесін қараймыз", - деді ол.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы алдағы қаңтардан бастап мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға өсетінін айтты. Одан бөлек, тұрғындарға зейнетақысының бір бөлігін алуға рұқсат етуге тапсырма берді.

"Менің тапсырмамның аясында тұрғындар зейнетақы жинақтарының бөлігін пайдалану мәселесі қарастырылды. Бұл - қазір өте өзекті. 2021 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бөлігін үй алу, емделу үшін пайдалана алады немесе қаржы ұйымдарының басқаруына бере алады. Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесе жыл соңына дейін тиісті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауды және дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырамын", - деді Президент жолдауында.

Президент жолдауында қандай маңызды тапсырмалар бергенін мына сілтемеден оқи аласыздар.

Жаңа оқу жылы басталды

Сонымен қатар, бүгін Қазақстанда - Білім күні. Оқушылар мен студенттер жаңа оқу маусымына кірісті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter желісіндегі парақшасында жаңа оқу жылымен құттықтады.

"Мектеп оқушылары мен студенттерді Білім күнімен құттықтаймын! Бүгін жаңа оқу жылы басталады. Сіздерге өз күш-жігерлеріңізге, талпыныстарыңызға, еңбектеріңізге сүйене отырып, болашақтағы жетістіктеріңіздің іргетасын қалау міндеті тұр", - деді Тоқаев.

Биыл пандемияға байланысты мектептерде дәстүрлі жиналыс өткен жоқ. Жаңа жылға дейін Білім және ғылым министрлігі мектептерге ешқандай іс-шара өткізбеуге кеңес берген.

БҒМ алдын ала мәліметінше, 2,6 миллион бала оқу жылын қашықтан оқыту форматында бастайды. Кезекші сыныптарда 530 мың бала, қалыпты режимде 157 мың оқушы білім алады. Оқушылар 1-тоқсанды қашықтан оқиды.

Студенттерде де осындай жағдай. Күзгі семестр қашықтан оқыту режимінде өтеді.

Карантинде тілашар жасағандар анықталды

Жаңа оқу жылына қатысты дау да басталып жатыр. Дәлірек айтқанда, Павлодарда карантин режиміне қарамастан баласының бірінші сыныпқа барғанын тойлағандар анықталды.

Павлодар облысының полиция департаментінің мәліметінше, тілашар тойы қаладағы мейрамханалардың бірінде болған.

"Дәстүрге құрмет көрсетуді ұмытпайтын азаматтар қазір бұқаралық іс-шараға тыйым салынғанын мүлде ұмытып, мейрамханада 50-ге жуық адамды жинап, өздеріне және қонақтарына қауіп төндірді" - деп мәлімдеді облыстың ДП баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, тексеру кезінде 70 қонаққа арналған үйлену тойы, басқа мейрамханада және Павлодардың екі кафесінде болған отбасылық шаралар анықталды. Барлық құқықбұзушыға қатысты материалдар жиналып, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Павлодар қаласы тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау және қауіпсіздігін бақылау департаментіне жіберілді.

"Кәсіпкерлер карантин режимі кезіндегі тыйымдарды біле тұра, әлі күнге дейін жұмысын жалғастырып жатыр. Залдарға бірнеше адамды жинай отырып басқа адамдарға қауіп төндіреді", - деді облыстың ПД жергілікті полиция қызметінің басшысы Ғалым Сарғұлов.

Алматыда 10 жолақты жол қашан ашылады?

Алматылықтар "Алтын Орда" базары маңындағы көлік кептелісіне шағымданып жатыр. Себебі онда 10 жолақты жол құрылысы жүріп жатыр. Бүгін Instagram желісіндегі Kris_p_almaty парақшасында видео жарияланды. Онда жүргізушінің көлік кептелісіне шағымданып жатқанын көруге болады.

"Үйден ертерек шығыңыздар. Кешігіп қалмау үшін сағатты таңғы 5.30-ға қойыңыздар! Жол құрылысы біткенше мұнда көлік кептелісі күн сайын болады", - дейді желі қолданушылары.


Видео кадры 

Базар маңындағы 10 жолақты жол 2017 жылдан бері салынып жатыр.

"ҚазАвтоЖол" компаниясының баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда мұнда жолды кеңейту, жаяу жүргіншілер өткелін орнату бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

"Учаскедегі коммуникация құралдарын көшіру үшін бір қосымша мердігерлік ұйым тартылды. Мұнда бір асфальт-бетон зауыты, екі бетон-араластыру қондырғысы және ұнтақтау-сұрыптау қондырғысы жұмыс істейді. Осы жылдың соңына дейін бұл жұмыстарды бітіру жоспарланып отыр", - делінген хабарламада.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 444.22   490.7   4.76 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети