1. Главная
  2. Узнай
  3. Новости
  4. Новости Казахстана

Семей тұрғыны COVID-19 жұқтырғандарды құтқаратын құрылғы жасады

Семейлік Азат Сәрпеков жақында коронавирустан айықты. Ол - Семей қаласындағы Электротехникалық колледжінің директоры. Емделіп жатқан кезінде ол дәрігерлердің ауыр баллондарды тасып, қиналғанын көрген. Содан оған өзгеше бір ой келген. Азат Сәрпеков Tengrinews.kz тілшісіне науқастарға көмектесе алатын құрылғы туралы айтып берді. 

"Шынын айтқанда, мен коронавирустың ауыр түрімен ауырдым. 20 күн ауырдым. Қазір көп адам халық емін қолданып, қателесіп жатыр. Алғашқы төрт күнде менде 39-40 градусқа дейін қызуым көтерілді. Орнымнан тұра алмадым. Сосын бірден дәрігерлерге хабарласып, ПТР-тестін тапсырып, жұқпалы аурулар емханасына жаттым. Үшінші күні иіс және дәм сезу жоғалды. Екінші күнде денем сырқырады. Сондай-ақ басым жарылып кететіндей ауырды. Дәрігерлердің арқасында аман қалдым. Дәрігерлер әр науқастың жанына 65 келі баллонды қолмен таситын. Соны көріп, ауруханадан шыққаннан кейін оларды тасығанға жеңіл болсын деп арба жасап бердім. Одан кейін әкім оттегіні орталықтандырып берді", - дейді Азат.    

Енді ол COVID-19 жұқтырған науқастарға емдеуде қолдануға болатын арнайы құрылғы жасап берген. 

"Бұл халық арасында кең таралған "Боброво" аппараты. Медицинада бұл құрылғының адам ағзасына атқаратын үлесі зор. Қазір ауруханада жатқандардың 80 пайызы оттегімен тыныс алады. Егер адам өзі ғана дем алатын болса, ол ағзаны кептіріп жібереді. Бұл керісінше өлімге әкеп соғады. Сондықтан оны біріншіден, ылғалдандырады. Екіншіден, бұл аппараттың жүйесі оттегін су арқылы адамға тазартып береді. Құрылғы Семейге қажет болды. Қазіргі таңда қаладағы 20-дан аса ауруханаға осы құрылғыны жасап бердік. Қажет болса басқа да аудандарға жасап береміз", - дейді Азат. 

Аппараттың негізгі қызметі - науқастың тыныс алуын реттеу. 

"Адамның мұрнына, тыныс алу жүйесіне келеді. Сол екі ортасын тазартып, реттеп, ылғалдандырады. Мен енді коронавирустан емдеуде нақты қанша пайызға көмектесетінін айта алмаймын. Негізгі бұл да бір себепкер дүние ғой. Бұл аппарат болмаса, қаншама адам дем ала алмай, қайтыс болып кетіп жатыр", - дейді Азат.   

Азат Сәрпековтің айтуынша, бұл жасанды тыныс алдыру аппаратының баламасы емес. Негізі бұл құрылғысыз жасанды тыныс алдыру аппараты жұмыс істемейді. Себебі ол жерде де оттегі беріледі. Ал оттегі осы аппаратсыз берілмейді. "Боброво" оттегімен тыныс алатын әр науқасқа қажет екен. 

Азат Қазақстанның басқа қалаларынан да ұсыныс түссе тегін көмектесетінін айтады. 

"Әрине, ол жағынан ешқандай проблема жоқ. Бізден бүгін Қарағанды қаласынан 15 дана жасап беруімізді сұрады. Бір құрылғыны жасауға шамамен бір сағат уақыт кетеді. Біз өзіміздің шамамыз келгенше күнделікті 15 данадан жасап жатырмыз. Себебі өндіріс емеспіз, оқу орнында жасалып жатыр. Негізгі мақсатымыз - тегін көмектесу. Көмегіміз тисін деген ниетпен сондай жұмыс істеп жатырмыз", - дейді ол.