Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
14 февраля 2020 09:28

"Сөзіне өзі жауап берсін". Депутаттар Бақытбек Смағұлдың жазбасы туралы не дейді?

Даурен Ерболат Журналист

ПОДЕЛИТЬСЯ

Бақытбек Смағұл. Фото: primeminister.kz Бақытбек Смағұл. Фото: primeminister.kz

Депутаттар Бақытбек Смағұлдың әлеуметтік желідегі жазбасына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Депутаттар Бақытбек Смағұлдың әлеуметтік желідегі жазбасына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Осыған дейін мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл әлеуметтік желіде Жамбыл облысы Қордай ауданында болған тұрғындар арасындағы қақтығыстың 10 себебін атаған. Ол үкіметтік комиссия құрамында жүріп, мәселені жете зерттеп, жұртшылықпен әңгімелесе келе, бір жарым ғасырдан артық қордаланған мәселенің беті ашылғанын жазған. Сондай-ақ депутат жазбасында дұңған балаларының бірде біреуі Қазақстанның Қарулы күштеріне әскери борышын өтемейтінін, дұңған ауылындағы мешіттердің уағызшысын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы сайламайтынын айтқан.

Алайда 31 арна Бақытбек Смағұлдың бұл айтқан деректері ресми мәліметпен сәйкеспейтінін анықтады.

Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, өткен жылы Қордай ауданынан 342 тұрғын әскери борышын өтеуге аттаныпты. Оның 35-і этникалық дүнген. Сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары басқармасы Қордай ауданына қарасты ауылдардың имамдарын өздерін тағайындайтыны жеткізді.

Осы орайда Tengrinews.kz тілшісі бұл мәселеге қатысты депутаттардың пікірін сұрап білді.

"Бақытбек Смағұлдың әлеуметтік желіде не жазғанын білмеймін. Менің ойымша, бұл мәселе бойынша депутаттың өзімен сөйлессеңіз дұрыс болар еді", - Дархан Мыңбай.

Ал депутат Кәрібай Мұсырман әріптесінің жазбасын оқығанын, бірақ мәселеге қатысты пікір білдіре алмайтынын жеткізді.

"Оның жазбасын оқыдым. Бірақ әріптесімнің пікіріне түсініктеме бермеймін. Ол әдепсіздік болады. Ол сөзіне өзі жауап береді. Сондықтан бұл мәселеге қатысты пікір айта алмаймын", - деді ол.

Ал Фахриддин Қаратаев Қордай ауданында қақтығысқа қатысты әрбір адамның жеке пікірі бар екенін, бұл мәселеге үкімет комиссияның қорытындысы шыққан соң ғана пікір білдіретінін жеткізді.

"Оның (Бақытбек Смағұлдың - автор) қандай мақсатта айтқанын білмеймін. Бұл мәселеге қатысты әркімнің өз пікірі бар. Алайда ол жақта комиссия мүшелері жұмыс істеп жатыр. Оның арасында мәжіліс депутаттары да бар. Комиссияның қорытындысы шыққан жоқ. Сондықтан кейбір мәселені көзіңмен көрмеген соң, оған зерттеу жасалмаған соң, бұл мәселеге қатысты пікір айту қиын", - деді мәжіліс депутаты.

Сонымен қатар депутат Нұрлан Әлімжанов Бақытбек Смағұлдың әлеуметтік желідегі жазбасын оқығанын, алайда ондағы ақпараттың ресми мәліметпен сәйкес келмейтінін білмепті.

"Мен Бақыт Смағұлдың әлеуметтік желідегі жазбасын алғашында тексерілген ақпарат ретінде қабылдадым. Бірақ кейбір деректердің фактіге сәйкес келмейтінін сізден біліп отырмын. Ол үшін жауап бере алмаймын. Мүмкін, ол дұрыс ақпарат алмаған шығар. Әр депутат өз сөзіне өзі жауап беруі шарт", - деді ол.

Ал сенатор Мұрат Бақтиярұлы мемлекеттік қызметкер әлеуметтік желіде жазба қалдырмас бұрын оның ресми мәліметпен сәйкес келуін тексеруі қажет екенін жеткізді.

"Қордайда болған жағдай барлығымызға үлкен сабақ болды. Қазір үкімет құрған комиссиясы онда жұмыс жасап жатыр. Менің ойымша, кез келген мәлімдемені ресми ақпаратта сүйеніп жасау керек. Онсыз болмайды", - деді сенат депутаты.

Мәселенің мән-жайын анықтау үшін депутат Бақытбек Смағұлдың жұмыс телефонына хабарластық. Телефон тұтқасын оның көмекшісі Жарқынбек Есназаров көтерді.

"Бастығым интервью беріп жатыр. Ол кісімен бүгін сөйлесе алмайсыз, ертең хабарласыңыз", - деп жауабын қысқа қайырды.

Еске салайық, 7 ақпанда Жамбыл облысы полиция департаменті Қордай ауданы Масанчи ауылында тұрғындар арасында жаппай төбелес болғанын растады. Кейін WhatsApp, Facebook желісінде "Қордайдағы видеолар" деген атаумен түрлі ролик тарады. Онда өртенген ғимаратты, қираған көліктерді байқауға болады. 

Кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қордай ауданындағы жағдайдайға қатысты пікір білдіріп, тәртіп бұзғандар жауапқа тартылатынын мәлімдеді. Сондай-ақ осы күні Масанчи ауылының маңындағы Сортөбе ауылында тұрғындар мен полиция арасында жаппай төбелес болды.

Кейін ішкі істер министрлігі Қордай ауданында болған тұрғындар арасындағы төбелестен 10 адам қаза тапқанын хабарлады. Ал кеше, 13 ақпанда қирандының астынан тағы бір адамның денесі табылған. Сондай-ақ төбелеске 300 адамның қатысқаны белгілі болған. Мемлекет басшысы Қордайдағы жағдайға кімнің кінәлі екенін айтқан болатын. Айта кетейік, Масанчи және Сортөбе ауылдары Қырғызстанмен шекара маңында орналасқан.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 448.12   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети