ПОДЕЛИТЬСЯ
04 февраля 2019 | 19:32
Судья Гауһар Әлімбековаға қатысты шығарған үкімін түсіндірді
Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының судьясы Ернар Қасымбеков әнші, композитор Гауһар Әлімбековаға қатысты шығарған үкімін түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының судьясы Ернар Қасымбеков әнші, композитор Гауһар Әлімбековаға қатысты шығарған үкімін түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Судьяның түсіндірмесін соттың баспасөз қызметінің өкілі Диас Махамбетов жариялады.
"Әлеуметтік желілерде және БАҚ-та Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының Ордабаева мен Әлімбековаға қатысты шығарған үкіміне байланысты белгілі бір резонанс туды. Осыған байланысты өз жазбамды дайындауды ұйғардым. Істі қараған судья Қасымбековпен сөйлестім. Бұл жазба осы судьяның процестік ұстанымын есепке ала отырып дайындалды және апелляциялық инстанцияның ұстанымын білдірмейді, яғни мен жұмыс істейтін Алматы қалалық сотының ұстанымы емес. Менің мақсатым - халыққа сот үкімінің логикасын түсіндіру", - деп жазды сот өкілі Facebook желісіндегі парақшасында.
"Үкімнің негізі. 30 қаңтарда Алматы қалалық Алмалы аудандық сотының үкімімен Гауһар Әлімбекова алаяқтық жасады деп танылды, яғни алдын ала келісім бойынша топ болып бөтеннің мүлкін аса ірі көлемде (ҚК-нің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы) алдау және өзгенің сеніміне кіру арқылы алып қою бойынша. Оған 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - делінген түсіндірмеде.
Ал прокурордың әншіні 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрағаны айтылады. Бостандықтан айыру шешімін шығарарда судья Қасымбековтің Әлімбекова мен Ордабаеваның жәбірленушілерге шығынды өтемегені, жәбірленуші тараптың пікірін және жасалған қылмыстың ауыр қылмыс санатына жататынына негізделгені хабарланып отыр.
Әлімбекованың бұлтартпау шарасы үкім шығарылғаннан кейін қамауға алу түріндегі шараға ауыстырылған. Жаза мерзімі 2019 жылдың 30 қаңтарынан бастап есептелген.
Сонымен қатар, Әлімбекова жәбірленуші Назароваға азаматтық шағым-талап тәртібінде 14 151 400 теңге (40 000 АҚШ доллары) сомасындағы өтемақыны өндіруге міндеттелді. Бұл соманың 1 075 000 теңгесін Әлімбекова жәбірленуші тарапқа төлеп қойған.
"Осы үкіммен Қылмыстық кодекстің осы бабымен Феруза Ордабаева да айыпты деп танылды. Рақымшылық заңына байланысты оның жазасы 3 жыл 6 айға қысқарды. Оның асырауында кәмелетке толмаған екі баласы бар. Мұның 2 жыл 7 ай мерзімі Ордабаеваға осыған ұқсас басқа қылмысы бойынша шығарылған екі үкімнің мерзімі қосылған (Жалпы 35 эпизод бар). Сотталғандар жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару мекемесінде өтейді", - делінген түсіндірмеде.
Осыдан кейін сот өкілі істің фабуласын баяндайды.
"2011 жылы Әлімбекова Ордабаеваны Назаровамен таныстырады. Осыдан кейін алдын ала келісіп алып, олар оның ақшасын алдау арқылы заңсыз иемденуді ұйғарады. Әлімбекова 2013 жылы Назарованың үйінде оған әкімдікте таныстары бар екенін және баласы Тәкеновтың атына Алматыдан үш бөлмелі пәтер әперуге көмектесе алатынын хабарлаған. Мұны ол Ордабаеваның көмегімен "Самұрық Қазына" Жылжымайтын мүлік Қоры" арқылы "Қолжетімді баспана" мемлекеттік бағдарламасымен іске асыратынын айтқан. Осы үшін Назарова Әлімбековаға 40 мың АҚШ долларын беруі керек болған, басқа ештеңе де төлемейді деп келіскен. Баспаналы болғысы келген Назарова алданып, келісім берген. Назарова Әлімбековаға жақын дос болған және сенген. 2003 жылы Тәкенов пәтер алу үшін Әлімбекованың үйінде болып, оған 14 мың АҚШ долларын берген", - дейді сот өкілі.
Осыдан кейін 2013 жылы Әлімбекова мен Тәкенов Ордабаевамен келісіп, ол өз кезегінде Тәкеновқа 684 мың теңге берген. Ол бұл ақшаны үй салушы компанияның кассасында келісімшарт жасасу үшін төлеу керек деп сендірген. Тәкенов осылай жасаған.
"Сол күні алдын ала ойластырылған жоспар бойынша, Ордабаеваның айтуымен үй салушы компания мен Тәкеновтың арасында Алматы қаласы "Ақкент" ықшамауданындағы үш бөлмелі пәтерді бөліп төлеуге сатып алу бойынша сату-сатып алу кеісімшарты жасалған. Әлімбекова Тәкеновті келісімшарт жасасуға апарған, кіреберісінде оны күтіп, әрі қарай талабы бойынша келісімшарттың көшірмесін Ордабаеваға беру үшін алып қойған. Оларға алданған Тәкенов келісімшарттың шарттарымен таныспаған. Тәкенов келісімшартқа қол қоя отырып, пәтерді сатып алдым деп ойлаған, алайда бұл пәтер бөліп төлеу арқылы сатып алуға арналған еді", - дейді Диас Махамбетов.
Сотталғандардың осы әрекеттерінен алданған Назарова 2013 жылдың қарашасында Әлімбековаға қалған 26 мың доллар ақшаны санап берген.
"Жәбірленуші Назарова мен куәгер Тәкеновтің келісім туралы көрсетпелері бірізді әрі өзара да, өзге дәлелдермен де тура келеді. Назарова соталды тексерісте де, сотта да өзін Әлімбекованың алдағанын, пәтер алып беруге уәде бергенін айтқан. Ол ақшаны басқаға емес, Әлімбековаға берген және ол Тәкеновті барлық құжатты рәсімдеуде алып жүрген. Назарова Әлімбекованың ақшаны Ордабаеваға берген-бермегенін көрмеген. Бұл сөзі Ордабаеваның соталды тергеудегі айтқан сөздерімен бірдей. Осы көрсетпелерге сәйкес, Ордабаева Әлімбековадан 40 мың доллар алған. Жәбірленушінің бұл ақшасы болғаны несие алғаны және куәгерлердің көрсетпелері арқылы дәлелденіп отыр", - делінген сот түсіндірмесінде.
Тәкенов пәтердің кілтін 2013 жылдың 4 қыркүйегінде алған. 2015 жылдың 23 қыркүйегіндегі сот шешімімен Тәкенов пәтерді бөліп төлеу бойынша келісімшарт міндеттерін орындамағаны үшін үйден шығарылған. Әлімбекова бұл жайлы Тәкеновтен естіп, 2005 жылдың тамызынан 2016 жылдың мамырына дейін ай сайын 100 мың теңге беріп отырған, жалпы сомасы 1 075 000 теңге болған. Осылайша ол мәселені шешіп беретінін және шешесіне айтпауын сұраған. Осыдан кейін Әлімбекова Тәкеновке ақша төлеп тұруды тоқтатқан, кейін ол барлығын шешесіне айтып берген.
Соттың тексерісіндегі Назарова мен Әлімбекованың арасындағы телефон арқылы болған әңгімелерінің жазбаларынан әншінің жәбірленушінің алдындағы қарызы бар екенін мойындап, қайтаруға міндеттенгені расталып отыр. Ол алған 40 мың долларды Ордабаеваға бердім деген.
"Іс бойынша жауап алу кезінде Әлімбекова келісімшарт жасасуға қатысқанын және ақша алғанын жоққа шығарып отыр. Алайда зерттелген дәлелдемелер Әлімбекованың Назарова мен Ордабаеваның таныстығындағы рөлі кездейсоқ болғанын жоққа шығарды. Сот Әлімбекованың жәбірленушіге мемлекеттік бағдарлама бойынша көрсетілген сомаға пәтер алып бере алмайтын болса да Ордабаева туралы жалған мәлімет бергенін есепке алды. Сот Әлімбекованың қолды болған ақшаны алғанын және оның Тәкеновті келісімшарт жасасуға апарғанын анықтады", - дейді сот өкілі.
"Тәкенов үйден шығарылғаннан кейін Әлімбекованың жәбірленуші алдындағы қарызын мойындағаны және оны төлеп беруге міндеттенгені есепке алынған. Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Үкімге Алматы қалалық сотының апелляциялық инстанциясында заңда бекітілген тәртіппен шағым түсіруге болады", - делінген соттың түсіндірмесінде.
Мұның алдында Әлімбекованың абақтыдан босатылғаны хабарланған еді.
"Бүгін, 2019 жылдың 4 ақпанына Алматының Алмалы аудандық соты Әлімбекованың адвокатының оны қамауда ұстау туралы бұлтарпау шарасын сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін қолхатпен босату туралы өтінішін қанағаттандырды. Сот Әлімбекованың сотқа дейінгі тексеру барысында бұлтартау шараларын бұзбағанын, тұрғылықты мекенжайы бар екенін және осыған дейін сотты болмағанын ескерді", - деп хабарлады соттың баспасөз қызметіндегілер.
Еске салайық, елімізге танымал әндердің авторы, әнші Гауһар Әлімбекова 30 қаңтарда алаяқтық үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Кейінірек әншінің адвокаты Жұмағали Зинелов істің мән-жайын айтып берген еді. Адвокат сот үкімімен келіспейтінін және таяу арада апелляциялық сотқа арыз түсіретінін мәлімдеді.
Айта кетейік, әншінің "Ақ келін", "Көктемге хат", "Жас келін", "Қыз сезімі", "Оралшы махаббат", "Ақмаралым" әндері жұртшылыққа кеңінен таралып, танымал болған. Оның әніне жазылған өлеңдерді танымал эстрада жұлдыздары орындаған.
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также