Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
17 июля 2020 14:43

ҰБТ, онлайн сабақтар, мұғалім мен оқушы байланысы. Білім беру жүйесі жаңа оқу жылына дайын ба?

Камила Долаева Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Биыл орта білім беру ұйымдары оқу жылын онлайн аяқтады. 6 сәуірден басталған әуре-сарсаңы көп IV тоқсан да түрлі өзгерістерден соң мәресіне жетті, алайда оқушылар соңғы қоңырауды көрмеді, ал түлектер асыға күткен қоштасу вальсін билей алмады. 1 қыркүйекте есігін ашатын жаңа оқу жылы да онлайн басталмақ. Не шара? Пандемия кезінде балалардың, ата-аналардың, педагогтердің денсаулығы алдыңғы орында. 


Биыл орта білім беру ұйымдары оқу жылын онлайн аяқтады. 6 сәуірден басталған әуре-сарсаңы көп IV тоқсан да түрлі өзгерістерден соң мәресіне жетті, алайда оқушылар соңғы қоңырауды көрмеді, ал түлектер асыға күткен қоштасу вальсін билей алмады. 1 қыркүйекте есігін ашатын жаңа оқу жылы да онлайн басталмақ. Не шара? Пандемия кезінде балалардың, ата-аналардың, педагогтердің денсаулығы алдыңғы орында. 

Tengrinews.kz тілшісі өткен оқу жылының қиындықтары мен кемшілігіне көз жүгіртіп, келер қыркүйекке дайындық қандай екенін, ҰБТ қалай өткенін және келер жылғы түлектерге тестілеу бойынша кеңесті ең жас "Білім беру саласының үздігі" атанған, PhD докторанты, шет мемлекеттерден тағылымдамадан өткен тарих және құқықтану пәнінің мұғалімі Дәурен Сағынғалиевтен сұрады. 

Мектептер, білім беру жүйесі қашықтан оқытуға дайын ба?

Дәурен Сағынғалиевтің айтуынша, заман қалай құбылса да, технология қанша дамыса да коммуникациялық қарым-қатынастың жөні бөлек екендігіне уақыттың өзі дәлел. Алайда білім беру жүйесі үшін дәл қазіргі жағдайда қашықтан оқыту ең дұрыс әрі әділетті шешім. Десе де, мұғалім біз кезігетін қиындықтар да аз еместігін айтты.

"Себебі, кең ауқымда қашықтан оқыту біздің елдің жағдайында бұрын-соңды болмаған үдеріс. Жағдайға тез бейімделуді талап етіп отырған қашықтан оқыту жағдайында Білім және ғылым министрлігі жауапкершіліктен қашқақтап немесе қордаланған мәселелерді өзгеге ысырып та тұрған жоқ. Биылғы оқу процесін ұйымдастыру туралы министр Асхат Аймағамбетовтің сұхбатын тыңдап, жұмыстың негізгі бағытымен таныстым. Бұл ретте министрдің жаһандық тәжірибе мен қалыптасқан қиындықтарды, сарапшылардың пікірлерін мықтап ой елегінен өткізгені сезіледі", - дейді ол.

Айтуынша, педагогтердің қашықтан оқыту жағдайында біліктілігін арттыру курстарын өткізу қажеттілігі, бастауыш сыныптарға қатысты таңдау мүмкіндігінің берілуі жалпы бағыттың дұрыс екенін көрсетеді.

"Қайткенде де, алдағы қыркүйекте қашықтан оқыту мінсіз болады деп айта алмаймыз. Негізгі міндет  - балалардың денсаулығын басты назарға ала отырып, барынша сапалы білім беруге тұтас білім саласының өкілдері болып жұмылуымыз керек-ақ", - дейді мұғалім.

Төртінші тоқсанның негізгі қиындығы

Педагогтың айтуынша, өткен төртінші тоқсанның негізгі қиындығы - біздегі білім беру жүйесінің онлайн оқытуға толық дайын еместігі. Оқу­шы мен ұстаз бір мезетте сабаққа қа­тысуы үшін Интернеттің қауқары жет­­педі. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев та үкімет отырысында айтқан еді. Пандемия цифрлық экономиканың дамуына тың серпін беріп қана қоймай, ондағы елеулі кемшіліктер мен олқылықтарды көрсетті. Мемлекет басшысы мұғалімдердің 20 пайыздан астамы үйінде толыққанды Интернет пен компьютер жоқ болғандықтан, қашықтан тиімді оқыта алмағанын және мектептердегі 400 мыңнан астам компьютердің тек 40 пайызы іске жарамды екенін баяндап, ашынған еді. Бұл - әкімдіктер мен министрлік жұмысының нәтижесі екенін де алға тартты.  

"Қашықтан оқытудың дәстүрлі, яғни мектептегі бетпе-бет білім берумен теңеспейтіндігіне іс жүзінде көз жеткіздік те. Төртінші тоқсан қорытынды әрі көптеген тақырыпты қайталауға бағытталған тоқсан болғандықтан үлкен қиындықтар туындамады. Алайда ауқымды тақырыптарды игеруде мектеп партасы мен тақтасының қажеттілігі білінді. Объектив шындықтан алыстамайтын болсақ, кезіккен кедергілерге өткен оқу жылында төтеп бердік деуге болады. Ағымдағы оқу жылының мектеп табалдырығын енді аттайтын балдырғандар мен олардың ата-анасына оңайға соқпасы анық. Өйткені, әліппені үйретудегі ұстаздың орны мен рөлін ешбір технология не өзге сала өкілі алмастыра алмайды", - деді Дәурен Сағынғалиев.

Мұғалім мен оқушы арасында күнделікті визуал контактінің маңызы қандай?

Онлайн оқу дегенде, бірден білім деңгейі төмендеп кетпей ме деген сұрақ туындайды. Оған маманның жауабы мынадай болды. 

"Мұғалім мен оқушы арасында күнделікті визуал контактінің маңызы зор. Себебі, алдыңда отырған баланың шынайы тебіренісі мен толқынысын, ұмтылысы мен ұғынғанын ғаламтор жеткізе алмайды. Білім деңгейіне келсек, бұл ретте оқушының жеке жауапкершілігі маңызды рөл атқарады. Үй жағдайында әр нәрсеге бір елеңдеп отырған баланың білім сапасы қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Бұл ретте ата-ана да баласының сабаққа ден қоюын басты назарда ұстауы тиіс. Әрбірден кейін, бала мұғалім үшін емес, өзінің келешегі үшін оқиды емес пе?!", - дейді ол.

Фото: kt.kz

Биылғы ҰБТ қалай өтті? Маманның бағалауы

Дәурен Сағынғалиевтің айтуынша, өткен ҰБТ-да тәртіп пен талап жылдағыға қарағанда күшейген. 

"Биылғы ҰБТ-ның ұйымдастырылуына маман ретінде жоғары баға беремін. Себебі, тәртіп пен талап жылдағыға қарағанда күшейді. ҰБТ-ға ұялы телефон алып кіруге ниеттенгендер бір жылға тестілеуден шеттетілді. ҰБТ-ның шынайылығын қамтамасыз ету үшін аудиторияларды онлайн бақылауға жағдай жасалды. Мұның өзі, адалдықтың арқаны ұзын дегенді айғақтайды. Өз біліміне сеніп, жыл бойы жүйелі дайындалған бала қалаған нәтижеге қол жеткізді. Ал телефонның күшіне сенгендер, өздері үшін үлкен сабақ алды деген ойдамын. Әділдіктің ала жібін аттамау керегін әрбір талапкер ұғына білуі тиіс", - деді педагог.

Өткен ҰБТ-ға дайындық қалай жүрді?

Талай талапкерге ҰБТ-да жоғары балл жинауға себепкер болған жас мұғалім мектептің, қосымша білім беру орталықтарының қызметінің тоқтауына байланысты онлайн курстан өтуге сұраныс та артқанын айтып отыр. Онлайн курстың жағымды тұстарының бірі - шалғайдағы ауыл баласы мен тәжірибелі маманның арасын жалғаса да, Дәурен Сағынғалиев ондай курс жүргізумен айналысатын әдістемесі толық пісіп-жетілмеген, жарнамаға құмар жастардың қатары да арта түскенін ескертеді. 

Педагогтың ойынша, ҰБТ-ға талапкерді дайындау құр табыс табуға емес, талапкердің нәтижесіне оңды ықпал етуге, бала алдындағы жауапкершілікті толық сезінуге, жылдармен жетілген тәжірибеге негізделуі тиіс.

"Қашықтан оқуға байланысты 11-сыныптың төртінші тоқсанынан ҰБТ-да сұрақтың болмайтыны алдын ала ескертілді. Бұл да орынды шешімдердің бірі болды. Уақыт жағынан талапкерлердің білгенін бекітуге, материалды қайталауға мүмкіндігі арта түсті", - дейді ол.

ҰБТ-дан жақсы нәтиже көрсетудің қарапайым формуласы

Дәурен Сағынғалиев ҰБТ-дан жақсы нәтиже көрсетудің қарапайым формуласы - 11-сыныптың басталғанын күтпеу, дейді. Айтуынша, неғұрлым ертерек қамданған оқушының жақсы нәтиже көрсетуге де мүмкіндігі жоғары.

"2021 жылғы талапкерге кеңесім, ең алдымен, өзіңізге қажетті ҰБТ-ға бекітілген мектеп оқулықтарын, олардың электрон нұсқасын жинақтап алыңыз. Өйткені, кітаптан тыс ҰБТ-да сұрақ болмайды және болған емес.

Екіншіден, 2017-2020 жылдар аралығындағы жылдық тестілермен жұмыстануды әдетке айналдырыңыз. Бұл Сіздің жауапкершілігіңізді, әр тақырыпқа деген назарыңызды арттыра түседі.

Үшіншіден, белгілі бір автордың әдістеме оқулығына ғана арқа сүйеп дайындалмаңыз. Оны тек көмекші деп қабылдаңыз. Мысалы, өз басым Қазақстан тарихы немесе Дүние жүзі тарихынан талапкерлерді тестілеуге дайындауда тек қана ҰБТ-ға бекітілген мектеп оқулықтарына ғана сүйенемін. Себебі, бір жылғы ҰБТ сұрақтарының келесі жылы қайталану ықтималдылығының қаншалықты төмен екендігін жыл сайын аңғарып жүрмін", - деген кеңес берді педагог. 


© Тұрар Қазанғапов

Қашықтан оқыту нені үйретті?

Мұғалім қашықтан оқыту бір жағынан кім-кімді төзімге үйретсе, екіншіден мектептегі әрбір сәттің нағыз бақыт екенін үйреткенін айтады. 

"Қашықтан оқыту күрделі жағдайдың өзінде де білім беру мен алудың үздіксіз жүзеге асуы мүмкін екендігін көрсетті. Алайда, бұл оқыту жүйесі уақытша екендігін түсіне отырып, мектептегі оқытуды тағатсыздана күтіп жүрміз. Ұғына білгенге мектеп -  ұлылық ордасы, түсіне білгенге - тәрбиенің тетігі, қадірін білгенге - қасиетті мекені. Заман қалай құбылса да, технология қанша дамыса да коммуникациялық қарым-қатынастың жөні бөлек екендігіне уақыттың өзі дәлел", - деп қорытындылады Дәурен Сағынғалиев.

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл! 

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 443.77   490.7   4.81 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети