1. Главная
  2. Узнай
  3. Культура
  4. Музыка

"Бір кедейі, жесірі болмаған" - Мейрамбек Бесбаев 42 500 теңге туралы11 мая 2020, 19:39

© ankui.kz © ankui.kz

Әнші, "МузАРТ" тобының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Бесбаев қазіргі қазақ қоғамы жайлы және Димаш Құдайбергенге қатысты айтқан пікіріне түсінік берді. Бұл туралы ол "Алматы" телеарнасындағы "Шынайы Ақберенмен" бағдарламасында айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 

Бағдарлама барысында әнші бұрынғы қазақ пен қазіргі қазақтардың айырмашылығы туралы ойын айтты. Ол үшін Бесбаев карантин кезінде жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік қорабын тасыған кездегі көріністі еске алды. 

"Бір үй тұр, үлкен, коттедж, есіктің алдында кейінгі маркалы машиналар. Біз сол үйдің қасына келдік, бір коробкамызды алып. Ана үйдің жағдайын көрсең жүрегің ауырады. Сосын мен ойланып қалдым, мына көрші не қарап отыр, ертең сұралмай ма бұл деп. Біз жалпы тек үкіметке қарай бермей, маңайдағы көршімізге де қарауымыз керек. Біз пейіліміз қиын болып кеткені соншалық, соңғы кездері тек мәдениеттің жоғы, рухани жұтағанымыздың кесірі деп ойлаймын", - дейді әнші. 

Әнші қазақ халқының жалқаулыққа бой алдырып бара жатқанын уайымдайтынын айтты.  

"Кезінде бір ауылды бір бай асырап жіберген. Бір кедейі, жесірі болмаған. Бір көшеде екі бай бар шығар. Сол екі бай жан-жағына қарайламаған. Менің сол жерде жүрегім ауырды. Көмекті сұрап жатқан тек қазақ. Ол бір шеті жалқаулықтан да бар ма деп ойладым. Қанымызда бар, шынымен. Алысқа кетпей-ақ қояйын, өзім жалқаумын. (...) Ең болмаса 42 мыңға да қырылып қалған басқа ұлтты көрген жоқпын. Біз әбден көкірекпен "менің елім, менің жерім, мен қазақпын, мен ұлымын" - ұлысың, әңгіме жоқ, данасың. Енді мына ХХІ ғасырда шынымен де қашанғы көкіректі ұрып отыра бересің", - дейді Бесбаев. 

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде COVID-19 вирусы жаппай таралмауы үшін 16 наурыздан бастап 15 сәуірге дейін төтенше жағдай жарияланды. Кейін 11 мамырға дейін ұзартты. Осыған байланысты індетпен күрес үшін құрылған арнайы мемлекеттік комиссия жұмыссыз қалған және бұған дейін жұмыссыз болып келген азаматтар үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төтенше жағдай кезінде 42 500 теңге төлемақы тағайындаған болатын. 

Сонымен қатар, әнші Димаш Құдайбергенге қатысты айтқан пікірін халық басқаша түсініп қалғанын айтты. 

"Бір нәрсе айтқанмын - репертуар жағынан. Рас қой, мен өзім армандадым, Димаштың репертуарындай мықты репертуар болса екен. Соған біздің мықты композиторларымыз жұмыс істесе екен. Арнайы, уақытын бөліп. Қашанғы Димаш шетелдегі мықты әндерді 10 есе, 100 есе жақсы қылып айтып береді. Шетелдің әні - шетелдің әні. Талас-таласпа. Мен соны айтып едім. Димашқа ылғи да тақымымды қысып отыратын адамдардың бірімін. Бәлкім, мен қатал шығармын, көп мақтай бермейтін шығармын. Бұл - мен оны жек көреді деген сөз емес", - дейді әнші. 

Айта кетейік, әнші бұған дейін Аман Тасығанның Talklikе бағдарламасына берген сұхбатында Димаш Құдайбергенннің репертуарына қатысты ойын айтқан болатын. 

"Димаштың диапазонына арналған әндер жазылуы керек. Оған композиторлар туылды ма, туылған жоқ па. Жалғыз Лұқпан (Лұқпан Жолдасов - автор.) шырылдап әйтеуір бірдеңелер жазады. Оның өзі маған ұнамайды, шынымды айтсам. Димаш айтатын өлеңдер емес. Өкінішке қарай, Димаш қазір шетелдің әндерін айтып жүр ғой. Репертуарына келгенде "е, шіркін, осы қазақтың әнін Димаш айтты" дегенге келтіретін бір ән таппай жүр ма деп ойлаймын. (...) Жақсы композиторлар әндерін ұсынбай жатыр ма, ол өзінде де уақыт жоқ шығар қазір", - деген еді Мейрамбек Бесбаев.