Аты қандай, заты қандай: Петропавл мен Қостанай атаулары қайдан шыққан?

22 Қараша, 13:20
5
Аты қандай, заты қандай: Петропавл мен Қостанай атаулары қайдан шыққан? -

Солтүстік Қазақстан облысындағы Петропавл қаласы мен Қостанай облысындағы Қостанай қаласының атаулары қайдан шыққанын білесіз бе? Тengrinews.kz тілшісі "Аты қандай, заты қандай" айдарында осы қалалардың атауының шығу тарихы мен аңызын жинады.

Петропавл - Қызылжар?

Еліміздің солтүстігінде орналасқан қала атауы Петропавл болғанымен қазақша қолданылып жүрген атауы - "Қызылжар". Бiлiм беру iсiнiң үздiгi, ұстаз Боранбай Мәженов Түркістан газетіндегі мақаласында осы жерде мекен еткен қазақтар бұл қаланы әуелден Қызылжар деп атаған деген дерек келтіреді. Себебi, қала Есiл өзенiнiң биiк жар қабағына орналасқан екен.


© Петропавловск.news

Жар қабақтың топырағы қызыл болған. Көктем сайын Есiлдiң суы тасығанда, лайланып, қызыл-қоңыр түске боялады екен.

Қаланың іргесі 1752 жылы патшалық Ресейдің қазақ жерін отарлау саясатында әскери бекініс ретінде қаланған. Алғашында әскери форпост, кейіннен сібір татарларының қаласы атанып, Ресейдің Солтүстік және Орталық Қазақстанды отарлау кезіндегі негізгі тірек бекетіне айналды. 1838 жылы Есіл округінің, 1868 жылы Ақмола облысының құрамына еніп, уездік қалаға айналды.

Боранбай Мәженов қаланың пайда болғаны жайлы мынадай аңыз келтіреді:

Қаланың қазiргi атауы туралы қазақтар арасындағы аңыз бойынша ол заманда орыстар қазақ даласына баса-көктеп кiрiп, ойына келгенiн iстеп, қоныстана бастаған кезi болса керек. Орта жүз сұлтаны, Атығай-Қарауылдың ханы Абылай орыстарға соғыс ашарын да, ашпасын да бiлмей дал болып жүрген тұсы. Орыс әскерi, батыстан бекiнiс орнатып, күн санап iшкерiге қарай сұғына енiп келе жатты.


Жәрмеңке © mypiter.kz

Жаздың жайма шуақ күндерiнiң бiрiнде қазақтардан жер сұрап ағайынды екi орыс балықшы келедi. Бiрi - Петр, екiншiсi - Павл. Олар ханнан Есiл өзенiнiң ой жақ бетiне қос өгiздiң терiсiндей аумақтағы жер бөлiп беруiн өтiнедi. Хан келiсiмiн бередi де, өтiнiш иелерiн малы да, жерi де көп Атығайдың атақты байы Дәулеткелдiге жiбередi.

Жер таңдалғаннан кейiн ағайындылар екi өгiздiң терiсiн жiңiшке таспа қылып тiледi. Жiңiшке ұзын қылдай жiптердi бiр бiрiне жалғастырып байлайды. Ұзыннан ұзақ бау жасап, алған жерлерiне белгi қояды. Сөйтiп, ой қалада орналасқан қоршауға ағайынды орыстар алдымен әскер әкелiп бекiнiс, кейiн сол алаңға шiркеу салған деседi. Қала ағайындылардың атымен Петропавл қаласы атанған екен. Аңыз осылай дейдi.


Қақпа © mypiter.kz

Бүгінде Петропавлда 218 мың адам тұрады. Ресми мәлімет бойынша, халқының 60 пайызы орыстар. Петропавл - Қазақстандағы ірі өнеркәсіп орталықтарының бірі. Себебі қалада 174 кәсіпорын жұмыс істейді.

Қалада жалпы бiлiм беретiн 47 күндiзгi мектеп, 10 колледж және 3 жоғары оқу орны бар.

Қостанай қаласының алғашқы атауы - "Николаевка"

Қостанай - Қостанай облысының әкімшілік, экономикалық және мәдени орталығы. Қазақстандағы ірі темір, әуе және автомобиль жолдары тораптарының бірі. Қаладағы тұрғын саны - 213 мыңға жуық.

Қаланың іргесін 1897 жылы Ресей патшасының жарлығына байланысты қазақтың жергілікті руларынан тартып алынған "Қостанай" атты қоныста Еділ бойы мен Орынбор губерниясынан көшіп келген орыс шаруалары қалаған.


© kostanay.kostanay.gov.kz

Алғашқыда "Николаевка" деп аталды. 1893 жылы Қазақстанның құрамында болған бұрынғы Торғай облысында жаңадан енген уездік аумақтық-әкімшілік бөлінісіне сәйкес оған "Қостанай" атауы берілді де, Қостанай уезінің орталығына айналды.

Қала атауы туралы аңыз

Қала атауының шығуы жайлы түрлі әңгіме көп. Солардың бірі - Тобыл жағалауында Қос және Тана есімді егіз қыздар туралы хикая.

Бұл жайлы ақын Асылбек Шаяхмет "Пирамида" атты кітабында былай деп жазған:

"Қостанай ежелден қалыптасқан жер атауы, Алайда, осы Қостанай атының қашан, қалай қойылғаны туралы алып қашпа әңгіме көп те, жүйеге түсірілген зерттеу жоқтың қасы.

Осыған орай, әсіресе, орыс тілінде сөйлейтін ағайындар, білместіктің кесірінен Қостанай атын орыстың "кусты", яғни бұта сөзімен де шатыстырады, немесе толып жатқан ақылға қонбайтын дәлелдер айтады. "Танай деген кісі болған екен, соның Тобыл жағасында жыртық қосы болған екен. Қостанай - Танайдың қосы деген сөз болу керек" деген аңыз да бар", - деген ақын кітабында. 


Аңыз кейіпкерлері қос Тана © kostanay.kostanay.gov.kz

Ал тағы бір аңыз бойынша, жазушы Ақселеу Сейдімбеков өзінің "Күмбір-күмбір күмбездер" атты кітабының 1985 жылғы "Жалын" баспасынан жарық көрген орыс тіліндегі нұсқасында Асан қайғы есімін осы өңірмен байланыстыра қарайды. Торғайдың шығыс бөлігінде орналасқан Ұлытаудың басында Асан қайғының бәйбішесі Тана жерленген. Оның басындағы ескерткішті халық Ақ-мешіт деп атайды. Қостанай қаласының аталуын да осы Тана-әженің құрметіне қойылған Тана және Танай деген есімге ие болған егіз қыздардың есімімен байланысты деген болжам бар.

Оқи отырыңыз:

Аты қандай, заты қандай: Леңгір мен Қазығұрт атаулары қайдан шыққан?

"Өз өлімін дәл болжаған". Құлсары мен Баршатас атаулары қайдан шыққан?

Аты қандай, заты қандай: Баянауыл мен Алмасай атаулары қайдан шыққан?

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (5)
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц