27 сентября 2019 | 16:39

"Әйел аю не бөрі етін жегісі келсе". Жеріктік неден пайда болады?

Киіз үйде отырған бір топ балалы әйел © А.Л.Мелков Семей, 1927 жыл

Әйел аяғы ауыр кезінде түрлі асқа жерік болады. Бұл құрсақтағы баланың белгілі бір қоректі қажет етуіне байланысты деп саналады. Тengrinews.kz тілшісі этнограф Болат Бопайұлының әйелдің жерік болуына байланысты жазған еңбектерінен мәліметтер келтіреді.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Әйел аяғы ауыр кезінде түрлі асқа жерік болады. Бұл құрсақтағы баланың белгілі бір қоректі қажет етуіне байланысты деп саналады. Тengrinews.kz тілшісі этнограф Болат Бопайұлының әйелдің жерік болуына байланысты жазған еңбектерінен мәліметтер келтіреді.

Жеріктіктің қандай түрлері болады?
Реклама
Реклама

Қазақ тәжірибесінде ауыр аяқ, екі қабат әйел ертелі-кеш әйтеуір бір тағамға жерік болады. Мәселен кейбір ана төрт-түлік малдың етіне, кейбір ана аң мен құстың етіне, кейбір ана жеміс-жидек сынды тәтті шырынды нәрселерге, көк тат тәрізді жемектіктерге, кей ана ащы бұрыш, басқа да ащы-тұщы нәрселерге, қышқыл кермек жемектіктерге, кей ана ойда жоқ қай-қайдағы қиын қиырдағы қол жетпес нәрселерге жерік болады. Кейбір аналар жыртқыш аңдар етіне, кей аналар топырақ, күл тәрізді ұсақ-түйек нәрселерге құмартады.

Жерік асын қашан бір тауып жесе, сонда жерігі қанады. Көксігі басылады. Жерік асқа ауған аңсары тоқтайды. Көңілі жай табады, бойы кеңиді. Ойы сергиді. Жайбарақаттанып қалады. Мұны қазақ "әйел жерігі", "жерік асы", "жерік немесе көксік", "көксеу" деп атайды.

Мұнда тағы бір назар аударар мәнді мәселе, кей ананың жерігі бір жолғы жерік асымен басылады. Тас түйін жерігі тоқтап қалады. Тоқырап тынады. Кей ананың жерігі екі-үш күнге созылады. Кей ананың жерігі бір жұма не бір айға жалғасады. Кей ана ұқсамаған бірнеше түрлі асқа арты-артынан жерік болады. Бірінен соң бірін жеп барып, жерігі басылады. Мұны қазақ "жұпты жерік" немесе "қайталама жерік", болмаса "созылмалы жерік" не "жарыспалы жерік" деп те атайды.

Жерік дегеніміз не?

Әйел жүкті болғаннан кейін оның құрсағындағы бөбегі суретке айналғаннан бастап ана денесіндегі дәрумендермен, қажетті қоректіктермен қоректене бастайды. Іште жатып-ақ сол қоректіктермен тоғыз ай, тоғыз күн қоректеніп өседі. Кей ананың денесіндегі керекті дәрумендер іштегі баланың өсіп жетілуіне, азықтанып, ауқаттануына жетіспейді. Не мүлде жоқ болуы да ықтимал. Жаңа ғана адам суретіне айналып келе жатқан бөбек ана денесінен таба алмаған азығын ендігі жерде сырттан іздейді. Осы кезде іштегі баланың қажет еткен дәрумендерін анасы өз денесімен қамдап бере алмайды. Бала көксігіне қарай қажетті бір асқа жерік болады. Аңсары ауады. Көксікті ас іздейді, жегісі келеді. Тоқ етерін айтқанда, жерік асы - әйелдің организмінде жоқ не мүлдем кем дәрумендер болып табылады. Мұны қазақ "ананың жерігі", "іштегі баланың көксігі" деп атайды.

Ана аю етіне жерік болса

Қазақ халқында мынадай бір ырым бар. "Екі қабат әйел не нәрсеге жерік болса кейін туылған баласының мінезі жеген жерік асына тартады" деп нанады. Егер анасы аю етіне жерік болса, туылған баласы бейне аю секілді болады. Әрқандай жұмысқа қаражон, күшті келеді. Алпамсадай үлкен, дәу азамат болып ер жетеді. Мінезі аңғал-саңғал, аңқау келеді. Жұмыс істегенде қорбаңдап, икемсіз болады. Әрекеті баяу, аяқ алысы ауыр, балпаңдап, жайбасарланып жүреді. Айтқан сөзді желкесімен тыңдайды, құлағы ауыр, мінезі сабырлы көрінеді.

Аю етінің жерігінен туылған азамат - елге еш жамандық ойламайды, қастық сайламайды. Басқалармен бәсекеге түспейді. Қызарақтап, қызғанбайды, қашанда өзіне бұйырған несібесін алып, оған қанағат етіп, жұмысты апырып-жапырып бітіріп тастайды да, қарны тойса, жұмысы бітсе, балпаң басып қасқайып кете барады. Мұндай адам біреуге жұмыс істесе, істеген жұмысынан ақы дәметпейді, сүйінші сұрамайды. Біреуге істеген ісін достық көмек, кісілік ниет, адамгершілігім деп, есептеспей жүре береді. Тіпті, азаматтығым деп те біледі.

Ана бөрі етіне жерік болса

Екі қабат әйел көкбөрінің етіне не жүрегіне жерік болса, кейін туылған баласы көкжал бөрідей қайсар, жаужүрек батыр болады. Ел қорғайтын ер, сөз бастайтын шешен, қол бастайтын көсем, көреген көзді алып азамат болады деп ырым етеді.

Анасы осындай аты шулы жыртқыш аңның етіне жерік болып туылған бала батыр болмай кім болады. Қазақ мұндай жеріктен туылған баланың бітім-пішіні ерекше болады, өңі сұсты, өткір көзді, қанжар сөзді, дөңгелек жүзді, шымыр денелі, қарымды азамат болып өседі деп нанады. Көкбөрінің бойындағы барлық қасиет балаға дариды деп сенеді. Мұндай бала киелі, иелі болады. Ел ішінде қадірлі болып өмір сүреді. Халық құрметіне бөленеді. Ер жеткенде ер жүрек батыр болады. Қарсы келген жауларын апырып-жапырып жалғыз жеңеді. Елін қорғайды, елін сақтайды. Халқына жеңістік алып береді. Жаман мінезден аулақ болады. Адал жолда жүреді. Жойқын, ер жүгін көтереді, ел қамын жейді. Сол арқылы қымбаты артып, жалпақ жұрт арасында бет-беделі өседі. Ақыл-парасатты, толғамды, иманды азамат болады.

Ана сиыр етіне жерік болса

Ауыр аяқ әйел сиыр етіне жерік болса, кейін туылған баласы сиырдай күшті болады. Зор денелі келеді, адуын азамат болып ер жетеді деп нанады. Сиыр етінің жерігінен туылған бала өңі суық, мінезі қырсық, бірақ ішкі әлеті жылы, сезімі ыстық болады. Егер мұндай адамға әлдебіреулер көңіліне қарамай қарсы келсе, ол қарсы жағын мүлде мүсіркемейді. Бұқадай бұрқырап, сиырдай шайқап, мүйізді сөзбен аямай іреп-іреп тастайды. Ол адамды екінші ары іздемейді. Тіпті, ат кекілін кесісіп, одан біржола бойын аулаққа салып, қол үзісіп кетеді. Қарсы жағы оның алдына кешірім сұрап келсе де, мінезі қатқылданып, оңай-оспақ иілмейді. Тез сына салмайды. Қатқыл келеді. Соған қарап кейбір адамдар бұларды "қырсық мінезді" деп жатады.

Ана түйе етіне жерік болса

Қазақ ана түйе етіне жерік болса, кейін туылған баласы түйедей үлкен, дәу азамат болады. Ірі мінезді келеді. Нар көңілді болып туылады деп ырым етеді. Мұндай жерік асын көксеп туылған бала ұл не қыз болсын оның қол-аяғы ұзын, дене бітімі зор, шақша басты, тана көзді, дана сөзді, жылы жүзді, нар мінезді, сырбаз, сырлы, сұлу шырайлы, маңқиған маңғаз, тоқ көңілді болады деп қарайды.

Түйе етінің жерігінен туылған бала қара жұмысқа келгенде қайыспайды, жүктің ауырын көтереді, алда жүреді. Әрекеті баяу болады. Мінез-құлқы бір қалыпты болады. Жан сарайы таза келеді. Көңіл-күйі үнемі көтеріңкі жүреді. Достыққа мықты, опадар болады. Сыр сақтауға келгенде алдына жан салмайды. Әртүрлі қиындыққа мойымай, барлық істе табанды келеді. Еш уақытта асып-саспайды, ұшып-қонбайды, жеңілтектенбейді. Алдағы болар істерді сараптал санаға салып, қорытады. Он ойлап, бір пішеді. Әр істің обал-сауабын айырады. Ақты - ақ, қараны - қара дейді. Тұтқиылдан бір істі естіп қалса, не бір ауыр жұмысты істеуге тура келсе, басқаларша байбалам салмайды, басын аулаққа салып қашқалақтамайды.

Ана қой-ешкі етіне жерік болса

Ана қой етіне жерік болса, кейін туылған баласы қойдай қоңыр мінезді, қозыдай момақан, жуас болады, жібек сөзді, қой көзді, жұқа жүзді, маржан тісті, шебер істі, мөлдір сезімді, иманнан ұят, ақылынан қуат төгіліп тұратын, жүрегі нұрлы адам болады деп ырым етеді. Өйткені, "қой Меккеден жаралған", "қой пірі - шопан ата" деп ұйғарады.

Мұндай адам жан баласына қас қылмайды. Жамандық ойламайды. Жадылық істемейді. Бәріне қарайласып, қамқоршы болып жүреді. Жүрегі жылы, сезімі ыстық келеді. Сөйлесе, бұлбұлдай сайрап кетеді. Сөз мағынасы шекердей тәтті, балдай дәмді болады. Дүйім жұртты, бір тайпа елді аузына қаратады. Көреген көзді, шешен сөзді, иманды болады. Жаны жақсылықтан нұр төгіп тұрады. Сосын байызды болады. Әлдебіреулер сияқты сыздап, шиқандай қызарып тұрмайды. Ішімдегіні тап деп томырықтанбайды. Бұлтсыз, мөлдір аспандай көңілмен, тас жарып аққан тас бұлақтай таза сезіммен жайнап жадырап, мұңсыз көзбен алдыңда тұрады.

Мұндай бала өнерлі, шебер, іскер келеді. Өзінің қызыққан нәрсесін іске асырмай тынбайды. Еңбекқор, бейнетқор, көнбіс мінезді болып келеді.

Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
news135
Отправить
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии

Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram Последние новости
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная