Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
15 июля 2019 18:44

"Шала-ла". Желіде аз уақытта хит болған әнді айтқан зағип жігіт кім?

ПОДЕЛИТЬСЯ

© Tengrinews.kz коллажы © Tengrinews.kz коллажы

Қытайда тұратын этникалық қазақ жігіті ауылда отырып айтқан әні түсірілген видеосы әлеуметтік желілерде әбден хит болды. Tengrinews.kz тілшісі видеодағы әнші жігіт жайлы мәлімет іздеді.


Қытайда тұратын этникалық қазақ жігіті ауылда отырып айтқан әні түсірілген видеосы әлеуметтік желілерде әбден хит болды. Tengrinews.kz тілшісі видеодағы әнші жігіт жайлы мәлімет іздеді.

Айта кетейік, роликтегі жігіттің есімі - Жұмабек Мұқиятұлы. Айтқан әнінің аты - "Шала-ла". Әнін қазақстандық белгілі композитор Жарылқасын Дәулет жазған, ал сөзі ақын Еркебұлан Кенехандыкі. Әннің орындаушысы - жас әнші Асылжан Түзелбек.

Астана қаласының тұрғыны Мерей Мәжит тілшімізге Жұмабек Мұқиятұлы жайлы әңгімелеп берді. Оның айтуынша, Жұмабек Қытай халық республикасы, Алтай аймағы, Буыршын ауданы, Оймақ ауылында қарапайым малшы отбасында дүниеге келген. Жұмабектің өз әні, өз күйлері бар.

Мерей Мәжит,

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны

        

"Бұл жігіт кішкентайынан көзі көрмейді, бесікте жатқан кезінен ата-анасы музыка шықса ұйып тыңдайтын қасиетін байқапты. Музыка қойылмаса жылайды екен. Сондықтан әкесі оны радио қойып өсірген. Сондықтан оның музыкаға қабілеті жақсы дамыған. Әкесі 4-5 жасында домбыра жасатып беріпті. Домбырасын өзі тыңқылдатып, тартып жүріп өзі-ақ үйреніп алған. Фортепианодада ойнайды", - дейді Мерей Мәжит.


Жұмабек Мұқиятұлы. © Мерей Мәжит

Оның айтуынша, зағип жігіт көзінің көрмейтініне және кейбір саусақтарының дұрыс істемеуіне қарамастан, Қазақстанда болған жаңалықтар мен әндерден хабары бар.

"Әсіресе күй тартқанда да бұл бала кейбір оқу оқығандардан артық білетін тұстары бар. Әншілікпен қатар күйшілік өнерді де жақсы меңгерген бала. Өзім жолым түсіп, Қытайға барғанымда осы баламен 3-4 ай бірге жүрдім. Қандай ән болса да, домбыра ойнауы да әдемі. Оның басқан аккордтарын кез келген адам баса алмайды. Ән айтқанда домбырамен жалғыз адам емес, құдды бір оркестр сүйемелдеп тұрғандай. Оны өздеріңіз де байқаған шығарсыздар", - дейді Мерей.


Жұмабек Мұқиятұлы. © Мерей Мәжит

Қазіргі уақытта сол Оймақ ауылында екен. Жұмабек Мұқиятұлы Қытайдағы "Күміс көмей" ән байқауына қатысқан. Түрлі мәдени шараларға да қатысып тұратын оны Мерей Мәжит Қазақстанға әкеліп, концерттерге қатыстыру ойы да болғанын айтып отыр.

"Алайда мүмкіндігім болмай жатыр. Көмек көрсете аламын дейтіндер болса, хабарласып, елге алдыртсақ, халықпен жүздестірсек деген ойым бар. Бұл жігітпен бағдарламаға бірге қатысқанымызда жүргізушінің "көзіңіз көрсе, бірінші кімді көргіңіз келеді?" деген сұрағына "Мен анамды көргім келеді, анамның дидары қандай екенін білгім келеді" деп жауап берген еді. Өмірге деген құлшынысы өте мықты", - дейді ол.

Жұмабек Мұқиятұлы мен Мерей Мәжиттің орындауындағы күй:

Хит болған әннің сөзін жазған ақын Еркебұлан Кенехан да Жұмабек Мұқиятұлы жайлы пікірін айтты. 

"Желінің бүгінгі "хиты" осы болды ма, қалай? Әнді шебер орындайды екен, домбырада шебер ойнайды екен! Қандас бауырымызға Алланың нұры жаусын! Бір-екі жыл бұрын @zharylkasyn_daulet аға екеуміз бұл әнді @tuzelbekasylzhan ініміздің орындауына арнап жазып едік. Тиісінше, Асылжан да әнді жеріне жеткізіп, керемет орындаған болатын. Бірақ атамекеннен шалғайдағы бір қазақ орындап, ол осылай таралып кетер деп кім ойлаған", - деп жазған ақын әннің өлеңін толық жазды: 

Гүліндей дала, қырмызы,
Қарайсың қаланың қызы.
Сенбісің бұл әсем кештің,
Шолпандай дара жұлдызы.

Қатырып билей алмаймын,
Шақырып, сүйрей алмаймын.
Көп қыздың бірі ме десем,
Ешкімге теңей алмаймын.

Ауылдан келдім қалаға жаңа,
Биімді көрсең шала ла ла ла.
Бөктерден үзген долана,
Билеуге сізбен бола ма?
Биіме менің қарама,
Биімнің аты - шалала.

Бекерге басыпты күмән,
Арылдым жасықтығымнан.
Үйрендім дұрыс билеуді,
Мен саған ғашықтығымнан.

Сен әлі сүйіп жүрегің,
Сезесің күйімді менің.
Бәрінен артық көресің,
Шалала биімді менің.

Асылжан Түзелбектің орындауындағы ән:

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 448.12   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети