Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
11 июля 2019 08:00

Теріс бата деген не және оны қазақ қандай жағдайда айтқан?

Камила Долаева Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақ халқы үлкеннен алған батаның құндылығына көп көңіл бөлген. Жолға шыққанда, жауға шапқанда, кез келген бастама алдында ақсақалдан бата алып кететін. Балалар "өркенің өссін" деген батаға марқайып қалады. Алайда көңілін әбден қалдырған ұл-қыздарына әкесі теріс батасын берді дегенді де естіген шығарсыз? Этнограф Болат Бопайұлы Tengrinews.kz тілшісіне қазақтың ежелгі ғұрпы - теріс батаны түсіндірді. 


Қазақ халқы үлкеннен алған батаның құндылығына көп көңіл бөлген. Жолға шыққанда, жауға шапқанда, кез келген бастама алдында ақсақалдан бата алып кететін. Балалар "өркенің өссін" деген батаға марқайып қалады. Алайда көңілін әбден қалдырған ұл-қыздарына әкесі теріс батасын берді дегенді де естіген шығарсыз? Этнограф Болат Бопайұлы Tengrinews.kz тілшісіне қазақтың ежелгі ғұрпы - теріс батаны түсіндірді. 

Этнограф Болат Бопайұлының айтуынша, теріс бата - қарғыстың бір түрі. Бірақ екеуінің айырмасы бар.  

"Қарғыс ызаланғанда, біреумен қатты ұрысып, өштескенде айтылады. Мысалы, "аспаннан қурай түссін, желкеңді турай түссін, әке-шешең аңырап қалсын, ақ лағың далада маңырап қалсын" дейді. Қарғыс адамға, төрт түлік малға, табиғатқа, жерге, айуанға, ауа райына да айтыла береді. Мысалы: қан жауғыр, ызыңдаған күнің құрысын, жылқыға - талағың түссін, қойға - топалаң келсін, ешкіге - кемелек келсін, түйеге - шелегің түссін дейді. Ал теріс бата жолың болмасын, жамандық бассын деп тек адамға қаратылып айтылады", - дейді этограф.  

Қазақта батаға қатысты "Баталы ұл арымас, батасыз қыз жарымас", "Батамен ел көгереді, жаңбырмен жер көгереді", "Бата түбі - май, қарғыс түбі - қан" деген мақалдар бар. Болат Бопайұлының айтуынша, бұл мақалдардың бірі жамандықтан жирендіру арқылы жақсылыққа үйретсе, тағы бірі үлгі өнегеге шақырады. 

"Жете бергенде желкең үзілсін, отыра бергенде орның ойылсын, орта жолда атың өлсін, тістей бергенде тісің үгілсін" деген сөздер қарғысқа жатады. Қарғысты кезінде жаугершілік заманда өте ызаланған, долыланған, ашынған, қорланған, адамдар айтқан. Жетім мен жесірдің қарғысы жаман дейді. Қарғыс беталды қолданылмайды", - дейді ол. 

Филология ғылымдарының кандидаты Ақеділ Тойшанұлының Mazhab.kz сайтында шыққан мақаласына сүйенсек, Алаш қозғалысының қайраткері Халел Досмұхамедұлы - қарғыс туралы жазған алғашқы адамдардың бірі. Ол "Бата мен алғысқа қарама-қарсы түр - қарғыс. Қарғысты дұшпанына, әкесі ­ ­­- көңілі әбден қалған ұлы мен қызына, молла - діннен безгендерге, ру басы - жаугершілік кезінде елін сатқандарға және басқаларға береді" деген екен. 

Оның айтуынша, қарғыстың екі түрлі болады: ашық және астарлы қарғыс. Ашық қарғыста сөздің ызыты, айбаты бірден айқын сезіледі. Оған Құнанбайдың айтқан қарғыс батасын жатқызуға болады. 

"Қызарып атқан таңда, мына зауал таңда… Айттым аталық қарғысымды. Менен туған арам қан, бәдбәхіт нәсілдерім мына екеуі. Жаратқан ием, я кәрім алла, менің қолымнан өлтіртпедің. Бендең болған бар тілегім. Ақ тілегім со болсын. Ал мына екеуін! Жібер өзіңнің ақ бұйрықты ажалыңды. Уын, зәрін өзгеге жаймай тұрғанда, жой көздерін, жоғалғырдардың!" - делінген шығармада. 

Ал, астарлы қарғыстың мәтіні батаға ұқсаса да, оны айтушы кекету әдісін шебер пайдаланып, арғы ойын жымысқылықпен тұспалдап жеткізеді. Мысалы: "Ұлың - ұрымға, Қызың қырымға кетсін".

Айта кетейік, теріс батаны халқымыз қарғыстың қатты, жазаның өте ауыр түрі деп санаған. Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" роман-эпопеясында "Құнанбай қос қолын созып, алақанын сырт қаратып тұр. Бұл теріс батаның, қарғыс батаның белгісі" деген жолдар бар. Сонда Құнанбай немересі Әмірдің сал-серілік құрғанын жаратпай, Абай олардың ортасына түскенде оны да ұнатпай, екеуіне теріс батасын бергелі жатқанда Нұрғаным мен Ізғұтты, "Я, құдай, қабыл етпе!", "Жаратқан, елең алма! Не сұмдық! Қарғыс айтқалы жатыр ғой, өз балаларына!" деп үркіп, шуласқан еді. 

Бұл қысқаша үзіндіден халқымыз жұрттың қарғысына ілігіп, теріс бата алудан сақтанғанын байқауға болады. Мәдениеттанушылардың айтуынша, қазақ қоғамында батаның бұл түрі сирек айтылған және оның нақты мәтіні жоқ. Себебі қазақтар бұл ғұрыпқа оң қарамағаны белгілі және оның киесінен қорыққан. 

Сондай-ақ қазақ әдебиетінде теріс батаның жарқын көрінісін "Қыз Жібек пен Төлеген" жырында, Ілияс Есенберлиннің "Алмас қылыш" және Сәбит Мұқанұлының "Өмір мектебі" кітабынан байқауға болады. 

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 444.26   490.7   4.83 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети