Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
26 декабря 2019 17:25

"Түрме баласы" атанған Тұрар Рысқұловтың өмір жолы

ПОДЕЛИТЬСЯ

Тұрар Рысқұлов © "Хабар" телеарнасындағы "Өмір жолы" бағдарламасы Тұрар Рысқұлов © "Хабар" телеарнасындағы "Өмір жолы" бағдарламасы

26 желтоқсан - мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың туған күні. Ол 1894 жылы Жетісу облысы, Верный уезі Шығыс Талғар болысында туған. Tengrinews.kz тілшісі қайраткердің шығармашылығы мен еңбек жолын баяндайды.


26 желтоқсан - мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың туған күні. Ол 1894 жылы Жетісу облысы, Верный уезі Шығыс Талғар болысында туған. Tengrinews.kz тілшісі қайраткердің шығармашылығы мен еңбек жолын баяндайды.

Неліктен "түрме баласы" атанған?

Тұрар Рысқұловтың әкесі Рысқұл Жылқыайдарұлы XIX ғасырдың 80-жылдары патша әкімшілігінің озбырлығына шыдамай Сырдария облысының Черняев уезінен Верный уезіне қоныс аударып келеді. Жаңа елді мекенде де әділетсіздік көрген әкесі 1904 жылы желтоқсанда халыққа тізесі батқан Саймасай Үшкемпіров деген болысты атып өлтірген екен. Түрмеде жатып өш алушылардың жалғыз ұлы Тұрарға зияны тиер деп қауіптенген ол оны өзінің ұлын қасына алдыртады. "Түрме баласы" атанып кеткен Рысқұлов түрме үйлерін сыпырып, бастықтың атын айдап жүріп орыс тілін үйренген екен.


© martebe.kz

Рысқұловтың әкесі Сахалинге жер аударылып, 10 жылға сотталады. Ал Тұрар "Қырғызбаев" деген жалған фамилиямен нағашыларының қолына келіп, Меркідегі орыс-түземдік бастауыш мектепте оқыған екен. Мұндай аралас мектептер белсенді миссионерлік мақсат ұстанған. Әкесімен бірге Верный қаласының түрмесінде болған кезінде түрме бастығы Приходько жас Рысқұловты шоқындыруға әрекеттенген. Меркідегі шәкірт кезінде де осындай әрекет оның алдынан тағы да шыққан.

Оқуға арызданып жүріп әрең түскен

Тұрар Рысқұлов 1910 жылы Пішпектегі I дәрежелі ауыл шаруашылығы мектебіне қабылданып, 1914 жылы қазанда бау-бақша өсіруші мамандығы бойынша бітіріп шығады. Бұл мектепті үздік бітірген оған Самара қаласындағы орта дәрежелі ауыл шаруашылығы училищесіне түсу үшін арнайы жолдама берілген. Бірақ училище директоры "қазақ - көшпелі, оған жер өңдеуді оқудың қажеті жоқ", - деп қабылдамай қойған екен.

Сөйтіп Рысқұлов 1915 жылы Ташкенттегі мұғалімдер семинариясына түсуге тырысқанымен оны мұнда да "бұратана" деген сылтаумен қабылдамай қояды. Ақыры ол оқу министріне арыздана жүріп, арнайы рұқсатпен емтихан тапсырады да оқуға қабылданады.

Күн көру үшін оқумен қатар Ташкент қаласын маңындағы Красноводск тәжірибе алаңында бағбан болып істеген. 1916 жылы жазда ұлт-азаттық көтеріліс басталған кезде Рысқұлов оқуын тастап, Әулиеата уезіндегі Меркі ауылына аттанған. Рысқұлов Меркіге келген кезде халық ашық бас көтерулерге шығып, жер-жерде қарулы қақтығыстар өрши бастаған кезең болған.


© "Хабар" телеарнасындағы "Өмір жолы" бағдарламасы

Ол Аққөз Қосанұлы бастаған көтерілісшілердің іс-әрекетіне ұйымдық сипат беріп, саяси бағдар сілтеді. Меркідегі көтерілістің өршіген кезінде Рысқұловты патша әкімшілігі тұтқындайды, бірақ оның іс-әрекетінен кінә таба алмай босатып жіберуге мәжбүр болған. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін көктемде Рысқұлов Меркіге оралып, онда "Қазақ жастарының революциялық одағын" құрған. Сол жылы жазда Рысқұлов Ресей социал-демократиялық жұмысшы партиясы құрамына мүше болып қабылданады. 

Ашаршылықпен күрескен

1918 жылы сәуірде Әулиеата уездік кеңесінің атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланып, өз күш-жігерін ашаршылыққа ұшыраған халықты төніп тұрған ажал тырнағынан арашалап қалуға, орыс-қазақ қатынасын реттеуге жұмсады. Рысқұловтың ықпалымен Әулиеата уездік кеңесінің құрамы мен жұмыс тәсілі тез өзгере бастады.

1918 жылы 21 сәуірде уездік кеңестің мүшелігіне қазақтар арасынан депутаттар сайлау мақсатымен Әулиеата қаласында Рысқұлов ұйымдастырған қазақтардың жиыны болып өтті. Жиналыстың шешімі бойынша, Әулиеата уездік кеңесінің 26 мүшесінің 15-і жергілікті халық өкілдері болды.


© "Хабар" телеарнасындағы "Өмір жолы" бағдарламасы

Сол жылы шілдеде Әулиеата уездік кеңесінің атқару комитеті төрағасы болып сайланды. Рысқұлов бұрынғысынша негізгі күш-жігерді ашаршылықпен күрес ісіне бағыттады. Сырттан келер көмектің жоқтығы оны тек ішкі резервтерді тиімді пайдалана білуге мәжбүр еткен Рысқұлов Әулиеата қаласының 52 орыс капиталисіне ашаршылыққа ұшыраған халықтың пайдасына 3 миллион сом салық төлеттірген. 

1918 жылы қыркүйекте Рысқұлов Түркістан автономиялы Республикасының Денсаулық сақтау халық комиссары болып тағайындалды. Бұл комиссариатқа денсаулық ісімен шұғылданумен қатар аштықпен күресу міндеті де тапсырылған еді. Аштықпен күресуге Денсаулық сақтау халық комиссариатының күш-қуаты мүлдем жеткіліксіз болған екен. Сондықтан Рысқұлов аштықпен жүйелі түрде күресу үшін құрамына түрлі комиссариаттардың өкілдері кіретін арнайы ұйым құруды талап етеді. Осыған орай 1918 жылы 28 қарашада ерекше Орталық Комиссия ұйымдастырылып, оның төрағасы болып Рысқұлов тағайындалған. 

Моңғолия астанасын "Уланбатор" деп қоюды ұсынған

1924 жылы 4 ақпанда РКП(б) ОК шешіміне орай Рысқұлов Коминтерн атқару комитетінің құрамына қызметке жіберілді. Коминтерн атқару комитетінің Орталық-Шығыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып бекітілді. 1924 жылы жазда Коминтерн атқару комитетінің Моңғолиядағы өкілетті өкілі болып тағайындалды. Рысқұлов Моңғол Халық Республикасының қалыптасуына зор еңбек сіңірді. Ол Моңғолия Конституциясының жобасын әзірлеуге де атсалысты. Моңғолия астанасының атын Уланбатор (Қызылбатыр) деп қоюды ұсынған Рысқұлов болған екен. 


© "Хабар" телеарнасындағы "Өмір жолы" бағдарламасы

Ал 1926 жылы наурызда Рысқұлов Қазақстанға жіберіліп, Қазақ өлкелік БК(б)П комитетінің Баспа бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Сол жылы 19 сәуірде Рысқұлов Қазақ өлкелік БКП (б) комитеті қаулысымен "Еңбекші қазақ" газетінің жауапты редакторы болып бекітіліп, көп ұзамай 31 мамырда Бүкілодақтық орталық атқару комитетінің қаулысымен Ресей Федерациясы Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалған. Бұл қызметіне қоса Рысқұлов Түрксіб темір жолын салуда үкімет комиссиясының төрағасы болып, оны 6 жылда аяқтау орнына 3 жылда пайдалануға берді. 

Голощекиннің идеясына қарсы шыққан

Голощекиннің "Қазақстанда кіші Қазан" төңкерісін жасау идеясына ашық қарсы шыққан. Кеңестік ұжымдастыру саясатының зардаптарын жою, Қазақстандағы ашаршылықтың апатынан халықты құтқару жайында Сталинге нақты ұсыныстар жасады. Бірақ Сталин Рысқұловтан гөрі Голощекинге сенім артқан. 

Рысқұлов ашаршылық тауқыметіне ұшырағандарға жәрдем көрсетуге талпынды. 1937 жылы 21 мамырда Кисловодскіде демалыста жүрген Рысқұлов "пантүрікшіл", "халық жауы" деген айыппен тұтқынға алынып, Мәскеу түрмесінде жүрек ауруынан қайтыс болды. Рысқұловтың әйелі Әзиза да кеңестік қуғын-сүргін құрығына ілігіп, АЛЖИР-де 18 жыл айдауды бастан кешкен.


Тұрар Рысқұлов жары Әзизамен © "Хабар" телеарнасындағы "Өмір жолы" бағдарламасы

Ал ұлы Ескендір түрмеде қайтыс болған. Кейіннен Рысқұлов есімі КСРО Әскери коллегиясы Жоғарғы Сотының шешімімен 1956 жылы 8 желтоқсанда ақталды.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 448.52   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети