Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
29 ноября 2021 13:17

"32 мутацияны біріктірген". Омикрон штамы туралы не белгілі?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото ©REUTERS Фото ©REUTERS

Қазір дүние жүзінде коронавирустың жаңа штамы тарап жатыр. Бұл басқаларынан қауіптірек. Таяуда оған ДДСҰ "омикрон" деген атау берді. Tengrinews.kz тілшісі мамандар сөзін келтіріп, бұл штамм қаншалықты қауіпті екенін жазды.  


Қазір дүние жүзінде коронавирустың жаңа штамы тарап жатыр. Бұл басқаларынан қауіптірек. Таяуда оған ДДСҰ "омикрон" деген атау берді. Tengrinews.kz тілшісі мамандар сөзін келтіріп, бұл штамм қаншалықты қауіпті екенін жазды.  

"32 мутацияны біріктірген"

Алғашқылардың бірі болып ол туралы Daily Mail газеті 24 қарашада жазған. Басылым сол кезде Ботсвана, ОАР мен Гонконгте коронавирустың жаңа штамы табылғанын, ол бұрынғылардан, тіпті, "дельтадан" да қауіпті екенін хабарлаған. 

Ұлыбританиялық вирусологтардың пікірінше, жаңа штамм көптеген мутацияға ұшырауына байланысты адамға өте қауіпті. Лондондық Импер колледжінің өкілі Том Пикоктың айтуынша, басында B.1.1.529 деп аталған штамм "қорқынышты" 32 мутацияны біріктірген, соның комбинациясынан кейін бұл штамм адамға көбірек тарайды. Оған вакцина да қауқарсыз. Бұл нұсқа антиденеден "айналып өте" алады. 

© Reuters

Мамандар В.1.1.529 иммундық жүйесі әлсіреген адамда, мысалы, АҚТҚ немесе ЖҚТБ-мен ауыратын науқаста пайда болуы мүмкін деп болжады.

"Омикронның" симптомдары қандай?

Оңтүстік Африка Республикасының дәрігері Анжелик Күтзее коронавирустың "омикрон" деген жаңа штамын жұқтырған науқастар туралы алғаш болып хабарлаған. Ол The Telegraph басылымына ауру симптомдары туралы айтып берді.

ОАР медициналық қауымдастығының жетекшісі жаңа штамм белгілері бастапқы кезеңде коронавирустың әдеттегі белгілерінен өзгеше және жеңіл болып көрінетінін атап өтті.

Дәрігердің айтуынша, патоген қайтадан мутацияға ұшырады деген күдік COVID-19-дың ерекше белгілері бар науқастардың ауруханаға жиі түсуіне байланысты пайда болған. Сонымен, науқастардың арасында қатты шаршау сезіміне шағымданған жастар, сондай-ақ жүрек соғу жылдамдығы мен жоғары температурасы бар алты жасар балада жаңа симптомдар байқалған. Алайда пациенттердің ешқайсында дәм мен иіс жоғалмапты.

© Reuters

Оның сөзінше, он шақты адамнан коронавирустың жаңа штамы тест арқылы анықталған. Бұл негізінен қатты шаршауға шағымданған сау ер адамдар. Олардың жартысына жуығы вакцина салдырмаған.

Дәрігер вакцина салдырмаған азаматтарда, сондай-ақ қарттар мен созылмалы аурулары бар адамдарда ауруды өткеру ауыр болатынын айтып ескертті.

Жаңа штамм жастар арасында қарқынды тарап жатыр

Газета.ru мәліметінше, ОАР дәрігерлері коронавирустың "омикрон" штамы жастар арасында жылдам тарап жатқанына алаңдаулы. 

Соуэто қалалық аурухананың реанимация бөлімінің басшысы Рудо Мативаның айтуынша, ауруханаларға 20-30 жас аралығындағы жастар орташа ауыр жағдайда түсіп жатыр, алайда олардың кейбіріне қарқынды терапия қажет.

"Шамамен 65 пайызы вакцина алмаған, ал қалғандарының көбі тек бірінші дозаны салдырған", - деді ол.

© Reuters

Вирус жұқтыру өсімі жалғасса, елдің медициналық мекемелері толып кету қаупі бар. Матива жағымсыз сценарий орындалса "дельта" штамына ұқсас жағдай туындайтынын ескертті, сондықтан қарқынды терапия үшін көбірек төсек-орын дайындау керегін айтты. 

"Короновирустан айыққандарға "омикрон" штамының қаупі жоғары"

РИА Новости мәліметінше, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұрын короновируспен ауырған адамдарда "омикрон" штамын жұқтыру қаупі жоғары екенін ескертті.

ДДСҰ нақты ақпарат алдағы күндері нақтыланатынын айтты. Ұйым қазіргі уақытта қолданылатын ПТР тестілері инфекцияның жаңа штамын анықтай алатынын растады.

Бұған дейін ДДСҰ "омикрон" штамының жеткілікті деңгейде зерттелмегенін, ол "дельта" штамынан қауіпті болуы мүмкін деген қорытынды жасауға әлі ерте екенін ескерткен. Сонымен бірге, ДДСҰ вакцина өлім-жітім мен аурудың азаюына айтарлықтай ықпал ететінін еске салған болатын.

© Reuters

Жаңа штамм - жаңа шектеулер

Бүгінде түрлі ел жаңа штамнан қауіптеніп, шектеу жариялап жатыр. "Омикрон" Еуропаның бірнеше елінде - Германия, Чехия, Италия, Ұлыбритания, Нидерланды және Бельгияда, сонымен қатар, Аустралияда анықталды. 

Ұлыбритания мен Израиль халықаралық рейстерге шектеу жасады. Deutsche Welle мәліметінше, Израильде 26 қарашада Африкадан келген жолаушыдан "омикрон" штамы табылды. Енді бұл ел өз тұрғындарына Африка оңтүстігіне баруға тыйым салды. Бұл ел шетелдіктер үшін шекарасын жауып тастады. 

Үш күн бұрын Нью-Йорк губернаторы Кэти Хочул "омикронға" байланысты өңірде төтенше жағдай режимін жариялаған. Ал РИА Новости мәліметінше, АҚШ президенті Джо Байден бүгіннен бастап Африканың сегіз елімен әуе қатынасына шектеу қойылатынын айтқан.

© Reuters

Түркия билігі бес елмен әуе қатынасын жауып тастады: 26 қарашадан бастап, коронавирустың жаңа штамының таралуына байланысты Ботсвана, Оңтүстік Африка Республикасы, Мозамбик, Намибия және Зимбабведен келетін азаматтарға республикаға кіруге тыйым салынды.

The Japan Times басылымының мәліметінше, Жапонияның Ұлттық жұқпалы аурулар институты (NIID) коронавирустың жаңа "омикрон" штамына байланысты қауіп деңгейін көтерді. Жаңа штамға ең жоғарғы қауіп деңгейі берілді. 

РИА Новости мәліметінше, сенатор Владимир Круглыйдың айтуынша, Ресейге де "омикрон" штамы келген. Бірақ бұл туралы әлі ресми хабарланбады. 

"Дельта" секілді жұқпалы, Эбола секілді қауіпті"

Бүкіләлемдік медицина қауымдастығының (WMA) төрағасы Франк Ульрих Монтгомеридің айтуынша, жаңа штамм адамзатқа өте қауіпті. 

"Бұл штамм "дельта" секілді жұқпалы, Эбола секілді қауіпті болады деп алаңдаймын", - деді ол Funke-ге берген сұхбатында. 

Оның сөзінше, бүгінде "омикрон" туралы мәлімет аз, бір белгілісі - ол өте жылдам тарап жатыр. 

ДДСҰ-ның өзі бұл штамды зерттеуге бірнеше апта қажет дейді. Әзірше бұл вирус туралы ештеңе шешіп айтпауды ескертті. Қазір бұл штамм басталған Африкада эпидемиологиялық зерттеу жүріп жатыр. 

Как вам дизайн сайта Tengri News?
Пройти опрос
Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 449.3   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети