15 августа 2019 | 12:54

Гонконг халқы Қытай билігіне неге наразы?

© aljazeera.com

Сынған есіктер, боялған үстелдер, шенеуніктердің жыртылған портреттері - Гонконгтағы наразылық білдірушілер ұйымдастырған бүліктен кейін парламент жұмысы кем дегенде екі аптаға тоқтап қалды. Гонконг халқы неге наразы? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісінің шолуынан оқыңыз. 

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Сынған есіктер, боялған үстелдер, шенеуніктердің жыртылған портреттері - Гонконгтағы наразылық білдірушілер ұйымдастырған бүліктен кейін парламент жұмысы кем дегенде екі аптаға тоқтап қалды. Гонконг халқы неге наразы? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісінің шолуынан оқыңыз. 

Ереуілшілердің түпкі талабы
Реклама
Реклама
 

Маусым айында Гонконгта қылмыс жасап, ұсталғандарды Қытайға жеткізу және сонда жаза тағайындауды қарастыратын заң жобасы талқылана бастаған. Қылмыскерлерді экстрадициялау туралы заң жобасы осылайша елдегі ірі қақтығыстарға себеп болды.

11 маусым күні болған шеруді ұйымдастырушылардың сөзінше, ереуілге миллионға жуық адам қатысқан. Шеру бейбіт түрде болғанымен қақтығыстар да туындап отырған.

12 маусымда заңды қабылдау бойынша қорытынды жиналыс кезінде заңнама белгісіз мерзімге шегерілді. Алайда шеруге шыққандарды бұл қанағаттандыра қоймады. Олардың ойынша, заңнаманы кез келген уақытта қайта қарастырып, қабылдап жіберуі мүмкін. Белсенділер бұл мәселені күн тәртібінен мүлдем алып тастауды талап еткен.


Tyrone Siu © REUTERS

Ал бұл заң жобасын енгізуді қолдап отырған депутаттардың пікірінше, бұл қаланы пара алушылар мен алаяқтардан қорғауға мүмкіндік береді екен. 

Наразылық неден басталды?

1997 жылы Гонконг Ұлыбританияның колониясы статусынан арылды. Сол жылдан бері Гонконгтың Қытай құрамына енуіне байланысты мерекелік шеру дәстүрге айналған. Ал биылғы бірінші маусымда  бәрі өзгеше - қаланың орталық көшелеріне, белсенділердің айтуынша, жарты миллионға жуық адам шыққан, ал полицияның хабарлауынша, 190 мың адам шыққан.

Алайда барлық адамда бірдей мерекелік көңіл-күй болмаған. Халықтың тең жартысы бағытын өзгертіп, Гонконгтың Заң шығарушы ғимаратына аттанған. Ереуілшілер қала басшысы Кэрри Ламның суретін қолдарына алып, Гонконгтың еркіндігін талап еткен

Түстен кейін шабуылдар басталған. Ереуілшілер есіктердегі қорғаныш әйнекті сындырып, ішке кіруге тырысқан. Кешкі 19:00 шамасында ереуілшілер ғимаратқа кірген. Көрші көшелерде бейбіт шеру жалғаса берген. Гонконгтың заң шығарушы ғимаратының тарихында алғаш рет қауіп-қатердің "қызыл" деңгейі белгіленді.

Парламент мүшелері жергілікті халықты сабырға шақырғанымен олар тыныштала қойған жоқ. Сағат кешкі 21:00 кезінде жағдай ушығып, ереуілшілер бақылау камераларын сындырып, есікті бұзып, ішке кірген. Ереуілдеушілер Қытай саясаткерлерінің портреттерін жыртып, отырыс залын билікті қорлап граффитимен бояп тастаған. Екі сағаттан кейін ереуілшілер ғимаратты босатты. Түн ортасында полиция адамдарды ғимараттан шығару үшін көзден жас ағызатын газ қолданған. 


Ереуілдеушілер.  © REUTERS 

Бұл жалғыз себебі емес

Гонконг тұрғындарының ашуына тиген тағы бір мәселе - қала орталығындағы Виктория шығанағы жағалауының бір бөлігінің Қытайдың Халық-азаттық армиясының қолына өтуі. Бұл - Гонконгтағы туристер ең көп баратын атақты орын. Содан бері жағалаудың жарты бөлігіне жаяу жүргіншілер өте алмай қалған. Қазір бұл жерде Қытайдың әскери кемелері орналастырылған. Ал бұл шешім гонконгтықтарға аса ұнай қоймаған. 

Соңғы болған оқиғаларға байланысты Гонконг үкіметінің рейтингі күрт төмендеп кеткен. Билік органдарының әрекеттерін халықтың 23 пайызы ғана қолдаса, 53 пайызы қарсы келіп отыр. Сондай-ақ халықтың 71 пайызы Қытай азаматтығынан "мақтаныш сезімін" сезбейді екен. Бұл көрсеткіш былтырғысымен салыстырғанда 14 пайызға жоғары. 


Қытай заңшығарушы ғимаратындағы ереуіл. © REUTERS

5 тамыз күні Гонконг халқы қайтадан ереуілге шыққан. Наразылық акциясына 500 мыңға жуық адам қатысқан. Халықаралық әуежайда 200-ге жуық рейс тоқтатылған. Гонконг әкімшілігінің басшысы Кэрри Лэм тілшілерге "қоғамдағы жағдай қауіпті және тұрақсыз" екенін мәлімдеген. 

Наразылық шеруіне шыққандар Тхиньшуйвай ауданындағы полиция бөлімшесін қоршап, полицейлерге тас лақтыра бастаған. Осылайша "ереуілшілер қоғамға үлкен қауіп төндірген" делінеді. 


Тайрон Сиу © REUTERS

Қытай билігі ереуілді "АҚШ-тың ісі" деп мәлімдеді

ҚХР сыртқы істер министрі Хуа Чуньин Гонконгтағы ереуіл Америка құрама штаттарының "туындысы" деп мәлімдеді. Министр бұл мәлімдемесін АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның наразылық акцияларын "ойға қонымды" деп бағалауынан кейін айтқан. 

"Помпео мырзаның бұл мәлімдемесіне қатысты айтатын болсам, ол өзінің лауазымына әлі үйрене қоймаған секілді. Ол әлі де өзін орталық барлау басқармасының өкілі деп есептейтін көрінеді. Мүмкін ол АҚШ-тың бұл ереуілдерге қатысы бар болғандықтан наразылық акциясын ойға қонымды деп есептейтін шығар", - деп мәлімдеді ҚХР сыртқы істер министрі Хуа Чуньин. 

Сондай-ақ министр биылғы ақпанның соңынан бастап америкалық жоғары лауазымды тұлғалар экстрадиция туралы заңға енгізуге ұсынылған түзетулерді сынға алып, оппозиция өкілдерімен кездесулер өткізе бастады деп пікір білдірді.


© REUTERS / Kim Kyung-Hoon

Қытай Ұлыбританиядан Гонконгтың "ішкі шаруасына" араласпауды талап етті

Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Доминик Рааб Гонконгтағы наразылықтар кезінде халыққа күш қолдануды сөгіп, Гонконг әкімшілігінің басшысы Кэрри Лэмді елдегі жағдайды талқылауға шақырған. 

"Ұлыбритания үкіметінің Гонконг әкімшілігі басшысына қысым көрсету мақсатында тікелей хабарласуы - үлкен қателік. Біз Ұлыбритания үкіметінен Гонконгтың ісіне, Қытайдың ішкі мәселелеріне араласпауды және Гонконгқа бағыт-бағдар бермеуді талап етеміз", - деп мәлімдеді сыртқы істер министрі Хуа Чуньин. 

Министр Ұлыбританияның Гонконгты басқаруға әкімшілік билігі жоқ екенін айтты. Сондай-ақ, министрдің айтуынша, Гонконгтың негізгі заңына сәйкес қаланың сыртқы байланыстарын Қытайдың орталық үкіметі бақылайды. 

"Бір мемлекет - екі жүйе" принципі

1997 жылы Гонконг Қытай билігінің қоластына өткеннен кейін Ұлыбританияға сөз бен баспасөз бостандығы сияқты адамның негізгі құқықтарын кем дегенде 50 жыл сақтайды деп сендірген. Қазір Гонконг Қытайда "арнайы әкімшілік аймақ" деген ерекше беделге ие. Бұл елде "бір мемлекет - екі жүйе" принципі жұмыс істейді деген сөз. Бұл жүйе ҚХР бұрынғы жетекшісі Дэн Сяопинның ұсынысы бойынша қабылданған шешім. Яғни қала автономия статусына ие. Көбіне Гонконг қорғаныс пен сыртқы саясатты қоспағанда барлық мәселені өзі шешеді. 

Бейжіңнің Гонконг саясатына араласуына қарсы наразылық акциялары 2014 жылы қыркүйегінде өткен. Бұл шеру "қолшатыр ереуілі" деген атқа ие болды. Халық белсенділері 75 күн бойы Бейжің билігінің Гонконгтағы сайлауға араласпауына қарсылық білдірген. Ереуілдеушілер желтоқсан айында бірақ тынышталды. Нәтижесінде 900-ге жуық адамды тұтқындап, бірнеше белсендіні соттап, түрмеге қамаған.

Гонконгтағы қазақстандықстандықтар

Елорда тұрғыны Әнуар Ысқақов әйелі Айнатпен және үш баласымен бірге шілденің соңында Гонконгқа демалуға кеткен. Сол жақтан әрі қарай он күнге Жапонияға барған. Ал 9 тамызда Гонконгқа оралып, Натан-роуд қаласындағы кішігірім жалдамалы пәтерге барып түнеген. Бірақ сол түні оларға полицейлер келген. Қазақстандық отбасы саяхаттарын жалғастырып, 12 тамызда Әбу-Дабиге ұшып кетпекші болған, бірақ Гонконг әуежайында болған наразылық шарасы нәтижесінде олардың жоспары өзгерген.

Қазақстандықтар күндізгі уақытта полицейлердің наразылық шарасына шыққандарды таратып жатқандарын, тіпті атыстың болғанын көргенін айтады. Сондықтан олар қаланы дұрыс аралай алмаған да екен. Осылайша 12 тамызда қазақстандық отбасы әуежайға келіп, қара түсті киім мен бетперде киген, плакатпен жүрген бір топ жастарды көрген. Полицейлер олардың барлығын таратпақшы болған.

Бірақ, Әнуардың айтуынша, ешкім олардың мазаларын алған жоқ. Керісінше оларға көмек көрсетіп, екінші терминалға жеткізген. Нәтижесінде қазақстандықтар Әбу-Дабиге ұшып кеткен.

Қазақстанның мәлімдемесі

Гонконгта болып жатқан қатығыстарға байланысты Қазақстанның Гонконгтағы Бас консулдығы біздің азаматтарға қаладағы төтенше жағдайларды ескеруді ұсынып, адам көп жиналатын жерлерде жүрмеуді сондай-ақ жиналыстар мен қақтығыстарға қатыспауды ескерткен. Сонымен қатар жергілікті билік өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдарындарынан оқиғалар туралы хабардар болып отыруын сұраған. 


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная