ОЦЕНИТЕ ДЕПУТАТОВ МАЖИЛИСА
05 марта 2021 | 11:27

"Ұзақбай Құлымбетовтің мемлекеттік қызметі архив деректерінде" атты кітап жарық көрді

viewings icon comments icon

ПОДЕЛИТЬСЯ

whatsapp button telegram button facebook button
Фото: "Массагет" Фото: "Массагет"

Алматы қаласы Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтында Қазақстанның көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Ұзақбай Желдірбайұлы Құлымбетовтің туғанына 130 жыл толуына орай "Ұзақбай Құлымбетовтің мемлекеттік қызметі архив деректерінде" атты кітаптың тұсаукесері өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Massaget.kz порталына сілтеме жасап.  

whatsapp button telegram button facebook button copyLink button
Иконка комментария блок соц сети

Алматы қаласы Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтында Қазақстанның көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Ұзақбай Желдірбайұлы Құлымбетовтің туғанына 130 жыл толуына орай "Ұзақбай Құлымбетовтің мемлекеттік қызметі архив деректерінде" атты кітаптың тұсаукесері өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Massaget.kz порталына сілтеме жасап.  

Жинақты Тарих және этнология институты мен Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік архиві бірлесіп дайындады. Аталмыш тұсаукесерге карантин талаптарын сақтай отырып Институт қызметкерлері, отандық ғалымдар, қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері, магистранттар мен докторанттар, мемлекет қайраткерінің қызы Орынша Қарабалина-Қазыбаева және басқа өңірлерден ғалымдар онлайн түрде қатысты.  

1937-1938 жылдардың зобалаңы қазақтың талай боздақтарының ғұмырын қиды. Кейбір деректерге сүйенсек, сол кезеңде елімізде 25 мыңнан аса адам атылған. Сол арыстардың бірі - Ұзақбай Құлымбетов еді.

Ол 1937 жылы қыркүйекте қамауға алынып, 1938 жылдың 22 наурызында (47 жасында) 18 наркоммен бірге "халық жауы" деген жалған жаламен атылды. Ұзақбай Құлымбетов 1958 жылы ақталды. Ұрпақтары 20 жыл бойы "халық жауының" балалары болып, елдің қарғысына ұшырап өмір сүрді.

1991 жылы Қазақстанның тәуелсіздігін жариялау қарсаңында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен Ұзақбай Құлымбетовтің 100 жылдық мерейтойы Алматы, Ақтөбе, туған жері - Ырғыз ауданында кеңінен аталып өтілді. Осы мерейтой кезінде тұлғаның өмір жолы жайлы мақалалар мен естеліктер, ғылыми баяндамалар жасалды. Ал, 125 жылдығына орай көрнекті мемлекет қайраткерінің өмірі жайлы жинақ жарыққа шыққан еді. 

Енді, міне, Қазақ елі үшін талмай еңбек еткен Ұзақбай Құлымбетовтың архивтегі құжаттары жинақ болып жарыққа шықты. Бұл кітап ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы репрессия кезінде саяси тұтқын ретінде атылып кеткен арыстарымызды зерттеймін деген тарихшылар үшін құнды кітап.

Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, т.ғ.д., профессор Қабылдинов Зиябек Ермұханұлы тұсаукесерді кіріспе сөзбен ашып, көрнекті мемлекет қайраткерінің өміріне тоқталды.

"Ұзақбай Құлымбетов жай ғана саяси мемлекет қайраткері емес, ол ұлты үшін аянбай еңбек еткен біртуар тұлға. Ұзақбай Құлымбетов қызметтік жолын алдымен мектепте мұғалімдіктен бастады. Бұл ісі үлкен саяси қайраткер болғанда көп көмегін тигізді. Ұстаз болған адам кейін мемлекеттік үлкен жұмыстар атқарғанда іс-әрекеттері ерекше болады. Одан бөлек Ұзақбай атамыз екі тілде бірдей жазды, сөйледі. Қазақ тарихындағы ауыр кезең 30-жылдардың екінші жартысында КазЦик-тің төрағасы болды. Ашаршылықпен күресті. 

Нұр-Сұлтан қаласындағы мұрағатта жұмыс істеген кезде көптеген құжаттарды кездестірдік. Сол құжаттарда Ақмола уезіндегі 1921-1922 жылдардағы ашаршылықты жоюға Құлымбетовтың аянбай еңбек еткенін көреміз. Талай қазақтың жетім қалған балалрына қамқор болып, олар үшін интернаттар ашқан. Кириллицаға көшер кезде латын қарпінің жақсы, түркі халықтарына бейім екенін айтқанын құжаттардан кездестірдік. Қазақстан тереториясында Карлаг пен АЛЖИР-ді салуға да қарсы болған. Бір сөзбен айтқанда, Ұзақбай Құлымбетов қазақтың біртуар азаматы, өзінің халқына адал беріліп, ұлтының мүддесін қорғаған ірі тұлға", - деді  Тарих және этнология институтының директоры, т.ғ.д., профессор Қабылдинов Зиябек Ермұханұлы.

Осыдан соң Орынша Қарабалина-Қазыбаева және ғалымдар тобы кітаптың тұсауын кесті. Қазақстан Республикасы мемлекеттік архив директорының орынбасары Марзия Ғаниқызы осы кітаптың жинақ болып шығуына мемлелекеттік архив қызметкері Қаратаева Гүлнардың еңбегі зор екенін атап өтті.

"Аталмыш кітапты құрастыру кезінде архивтегі құпия құжаттардан көптеген тың деректер енгізілді. Бұл жинақ  мың данамен жарыққа шықты. Оған 503 архив құжаттары енді. Кеңес Одағы кезінде архив саласы НКВД құрамында болды. Ол кезде НКВД қызметкерлері кейбір құжаттарды жойып отырған. Бірақ, оның барлығын жою мүмкін болмады. Кеңес өкіметінің сол кездегі жағдайы көптеген архив құжаттарында хатталып қалды. Соның негізінде Ұзақбай Құлымбетовтың өміріне қатысты деректерді, құжаттарды осы архив құжаттарынан алдық. Мұны дайындау үшін бір жылдан аса уақыт кетті", - деді Қазақстан Республикасы мемлекеттік архив директорының орынбасары Марзия Ғаниқызы.

Бұдан бөлек көптеген ғалым, ғалым докторы офлайн, онлайн түрде Ұзақбай Құлымбетовтің өмірі мен қызметіне қатысты баяндамалар жасады. 

Іс-шара соңында сөз алған ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ардагер ұстаз, Орынша Қарабалина-Қазыбаева жиналған ғалымдарға, осы кітаптың жарыққа шығуына атсалысқан мамандарға алғысын білдірді.

"Құлымбетов үлкен тұлға. Бірақ осы уақытқа дейін оның жақсы жағын көрмеді. Оны ұжымдастыру кезінде зорлық жасады деп келді. Ұжымдастыру кезінде зорлық жасаған, қателікке жол берген Құлымбетов емес, Голощекин ғой. Голощекинге айтып отырған Сталин. Құлымбетов әділ адам, батыл адам болған. Қазақ ұлтының мүддесі үшін соларға қарсы шыққан. Ұжымдастыру бізде зорлықпен, дайындықсыз жүргізілді. Сталиннің оң қолы - Голощекин мемлекетті басқарды. Ол қазақтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, тұрмысын білмейтін адам. Осындай адамды қазаққа басшы етіп жіберді.

Голошекиннің үлкен қателік жібергенін 1933 жылы шілде айындағы VI пленумда Құлымбетов: "Голощекиннің республиканы басқару әдісі дұрыс болмады. Республиканың негізгі күн көріс кәсібі – мал шаруашылығы. Оны Голощекин мойындамады, ескермеді және түсінбеді. Сондықтан ұжымдастыру кезінде ауылшаруашылығымен айналысқан адамдарды қалай ұжымдастырса, колхоздостыруды соның әдісін мал шаруашылығымен айналысатын адамдарға қолданды" дейді.

"Негізгі қателік Голошекиннен кетті" деп алғаш болып батыл айтқан Құлымбетов! Ең алдымен Қазақстанның өндірісін жинақтаған Құлымбетов! Неге соларды айтпаймыз?! 1925 жылы ол былай айтады:

"Дұрысында біздің орталықтан (Мәскеу) алғанымыздан бергеніміз көп. Шындап келгенде орталықтан алмауға да, бермеуге де тұрамыз. Оған орталық тұра алар ма екен? Тұра алмайтын болса, бізге қаржы берсін!" - деген Құлымбетовтің сөздері оның батылдығын, ержүректілігін, шындықты тура айтатын азамат екенін білдірмей ме? Осының өзі ерлік емес пе? 

Москвада ВСНХ жиынында Құлымбетов: "В свое время на союзном совещании при ВСНХ Союза, под председательством товарища Дзержинского, я выступил очень резко и мое резкое выступление было напечатано в "Экономической газете". И когда Президиум ВСНХ РСФСР потребовал, чтобы я взял обратно свои слова, Дзержинский сказал: "Кулымбетов слова обратно не возьмет, вы докажите это извращение только делом", - дейді. Осы сөзінің өзіне бола Құлымбетовпен мақтануға болады ғой.

Ұзақбай Құлымбетов республикадағы өнеркәсіптің және ауыл шаруашылығының қалыптасуына, мәдениетіміздің өрлеуіне білімін де ақылын да күшін де жұмсады. Сөйтіп, қазақ мемлекетінің негізін қалады деп айтуға болады. Ол Қазақ КСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы тұсында Қазақ Автономиялық Республикасы Одақтық Республика мәртебесін алды. Қазақ КСР-нің жаңа Конституциясын бекітті. Құлымбетов пленум, конференция, сьездерде жасаған баяндамаларында, мақалаларында Екібастұз, Атбасар комбинаттарын қалпына келтіріп, Жетіқара, Аққарға, Бозбие алтын кеніштерін қазақ еліне қайтару туралы мәселелерді батыл түрде көтерген. "КАРЛАГ", "АЛЖИР" өлім лагерлерінің қазақ жерінде қоныс тепкеніне де қарсы болды.

Міне осындай халық үшін  соңғы демі шыққанша қызмет еткен мемлекет қайраткері өз бағасын ала алмай отыр. 

Құлымбетов Ұзақбай Қызылордадан Алматыға астананы ауыстыру кезінде комиссияның алғашқы төрағасы болды. 1927 жыл 3 наурызда Құлымбетов бастаған комиссия мүшелерінің отырысы өтті. Сол кезде Алматы территориясын батысқа қарай ұлғайту, үкімет үйлерін салу, кірпіш, нан, ағаш өңдеу зауыттарын салу туралы, электр энергиясын беретін 300 Кв-тық станциялар, су желісін, құбырлар тарту туралы көптеген мәселелер комитет мүшелеріне жүктелді. Ташкенттегі пединститутты Алматыға көшіру мәселесі көтерілді. Келесі жылы ол оқу орны Алматыға көшірілді. Қазіргі Өнер академиясының ғимараты Құлымбетов салдырған үкімет үйі болды. Алматыдағы Ботаника бағын аштырды. Ұзақбай Құлымбетовтың Алматының ел астанасы болуына, оның рухани-мәдени орын болып қалыптасуына көп үлес қосқан. Сондықтан Құлымбетовке Алматыда мүсін орнатылуы керек. Қазақ-британ техникалық университетінің артындағы аллеяда  (Қазыбек би мен Әйтеке би көшесінің арасында) 11 адамға бюст қойылған. Олардың қатарында: В.Куйбышов, М.Фрунзе, Д.Фурманов тағы басқалардың мүсіндері тұр. Сол жерге Құлымбетовтың ескерткіші орнатылуы керек", - деді Орынша Қарабалина-Қазыбаева.

Ұсынылып отырған "Ұзақбай Құлымбетовтің мемлекеттік қызметі архив деректерінде" атты жинақта деректік негізде кеңес билігі кезеңінде республика басшылығында болған белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Желдірбайұлы Кұлымбетовтың өмірі мен қызметі баяндалады. Жинаққа архив құжаттары Ұзақбай Құлымбетовтің қатардағы мектеп мұғалімінен бастап, Қазақстанның жоғары басшылық қызметінде атқарған еңбек жолын сипаттайтын құнды деректер енген.

Редакция алқасы мен құрыстырушылардың сөзінше, қазақ тарихына және оның көрнекті тұлғаларының өмірі мен қызметіне қызығушылық танытушы оқырмандар жинаққа еңген құжаттардан өздерін толғандыратын талай сұрақтарға жауап таба алады.

Жинақ мемлекеттік қызметкерлерге, зерттеушілерге, оқытушыларға, докторанттар мен магистранттарға, сондай-ақ Қазақстан тарихына қызығушы жалпы оқырмандар қауымына арналған.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram Последние новости
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Лого TengriAuto мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню
Открыть TengriNews Открыть TengriLife Открыть TengriSport Открыть TengriTravel Открыть TengriGuide Открыть TengriEdu Открыть TengriAuto

Курс валют

 524  course up  545.51  course down  5.07  course down

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети
Иконка Instagram footer Иконка Telegram footer Иконка Vkontakte footer Иконка Facebook footer Иконка Twitter footer Иконка Youtube footer Иконка TikTok footer Иконка WhatsApp footer