ПОДЕЛИТЬСЯ
03 октября 2019 | 12:44
"Министрліктің құзыры жүрмейді". Ақтоты Райымқұлова қазақ тіліндегі субтитр проблемасын атады
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Аман Тасығанның Talklike YouTube жобасында шетелдік киноларға жасалатын субтитр неліктен нашар жазылатынын түсіндірді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Аман Тасығанның Talklike YouTube жобасында шетелдік киноларға жасалатын субтитр неліктен нашар жазылатынын түсіндірді.
Министрдің айтуынша, бүгінде аударма - бизнеске айналған.
"Мысал ретінде айтайын. Ресейден келген фильм қазақша субтитрленген. Ол өте нашар аударылған, оны көрдік. Ресейге сұраныс жасасақ, "Біз Қазақстандағы аудармамен айналысуға құқығы бар компанияларға субтитр жасауға ұсыныстарымызды береміз" дейді. Қазақстандағы аудармамен шұғылданып отырған бизнес орталықтары осы жұмыспен айналысып, ресейліктерге ұсынады. Ресейліктер қазақша түсінбейді ғой. Яғни нашар субтитр туралы сұрақ сондай компанияларға қойылуы қажет. Бұған министрліктің құзыры жүрмейді", - дейді министр.
Сонымен қатар, министр театр әртістерінің жалақысын көтеру жоспарланып отырғанын айтты.
"Биыл 2 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында мәдениет саласындағы қызметкерлердің айлық ақысы өсуі керек деп бізге тапсырма берді. Министрлік тарапынан біз қазір өңірдегі мәдениет ошақтары болсын, республикалық деңгейдегі театр қызметкерлерінің айлықтарына сараптама жасап, бүгінде Қаржы министрлігіне ұсыныстарымызды бердік. Осы саладағы қызметкерлердің айлық жалақысын егер мемлекет тарапынан қолдау жасалып жатса, республикалық деңгейде 40 пайызға дейін өсетін болады, ал өңірлерде 23 пайызға дейін өседі. Бұл - өнер саласындағы оның ішінде театр әртістерінің әлеуметтік жағдайының дамуына бірден бір қадам деп ойлаймын", - дейді министр.
Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, тек театр емес, кітапхана, музей, мұрағат қызметкерлірінің жалақысын көтеру жоспарланған.
Сонымен қатар, министр бүгінде сахна әлемінде ашық киінетін әншілерге байланысты пікір білдірді.
"Жалпы өзімнің жасым мен талғамыма қарай маған мұндай нәрселер ұнамайды. Қазақтың әдет-ғұрпы мен тағылымына сай келмейтін нәрселер деп ойлаймын", - дейді Ақтоты Райымқұлова.
Ақтоты Райымқұлова бағдарлама барысында тілші "Нені жоғалтудан қорқасыз?" деген сауал қойғанда министр жақында дүниеден озған анасын еске алып, көз жасына ерік берді.
"Өзіме, жүрегіме жақын кісілерді жоғалтудан қорқамын. Содан сақтасын. Сағынып жүрмін. Анамды, әкемді, қайын атамды сағынып жүрмін. Олардың ақылдарын", - деді министр.
Айта кетейік, Ақтоты Райымқұлова 1964 жылы 2 мамырда Алматы қаласында туған. Тұрмысқа шыққан, Оспан және Әлім есімді екі ұлы бар. Биыл 17 маусымда Ақтоты Райымқұлова Қазақстанның мәдениет және спорт министрі лауазымына тағайындалды. 25 ғылыми еңбектің авторы. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгерген.
Показать комментарии
Читайте также