1. Главная
  2. Посмотри
Реклама
Реклама

Сүйек үстінде жүрміз. Мұнда зәре-құтыңды қашыратын оқиға болған

Алматыда саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған екі ескерткіш бар. Бірі Боралдай, екіншісі Жаңалық аулында. Екі жақта да кезінде атылған репрессия

Алматыда саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған екі ескерткіш бар. Бірі Боралдай, екіншісі Жаңалық аулында. Екі жақта да кезінде атылған репрессия құрбандарын осы маңдарға әкеліп, көмген. Қазірге дейін бұл жерлерде адам сүйегі табылып жатады. Tengrinews.kz тілшісі Боралдай мен Жаңалыққа барып, сол зұлмат заманның естелігіне айналған жерлерден фоторепортаж дайындады. 

Боралдайда орналасқан ескерткішті "Қандысай" деп атайды. Кезінде 19 "наркомды" бір түнде атып, осы Боралдайдағы сайға әкеліп көмген екен. Бірақ бұл еш құжатта көрсетілмеген. Бүгінгі ұрпаққа ол сол мәйіттерді тасыған шопырдың аузынан жеткен. Тарих ғылымдарының докторы Бейбіт Қойшыбаев "Қандысайдың" тарихын  айтып берді. 

"Ол кезде Алматы облыстық партия комитеті мен қалалық комитетін Шақпақ Артықбаев деген кісі басқарған. Бірде оның шопыры 2-3 күн жұмысқа келмеген. Кейін шопыры Артықбаевқа келіп, түнімен сайға қапшықтар тасығанын, ішінде адамдар барын көріп қалғанын айтады. Сөйтіп, екеуі өтірік іссапар жазып, сол сайға барады да, Шақпақ Артықбаев сол жерге белгі қойып кетеді. Артынша, Артықбаевтың өзі қуғын-сүргінге түсіп, 18 жылға сотталып кетеді", - дейді Қойшыбаев. 

Кейін Артықбаев түрмеден шығып, 80-жылдардың аяғында сол кездегі репрессия құрбандарының ұрпағына осы сай туралы айтып берген.

Тарихшы Бекарыстан Мырзабайдың айтуынша, шопыр мәйіт тасыған сол түні Алматыда 19 адам атылған. Бұл ақпарат келесі күні "Социалды Алматы" газетіне шыққан. Сол газетте "Ұзақбай Құлымбетов бастаған национал-фашистерге халықтың әділ үкімі - ату жазасы орындалды" деп жазылған. 19 адамның тізімі де берілген. Ішінде Құлымбетовтен бөлек, Темірбек Жүргенов, Нығмет Сырғабеков, Жанайдар Сәдуақасов және тағы басқалары болыпты. 

1993 жылы сол сайға ескерткіш қойылған. Бұл жерге бірінші рет барғаныңызда бірден тауып алу қиын. Жолда көзге түсетін ешқандай белгі жоқ. Біз де алғаш барғанымызда адасып қалған едік. 

Ескерткіш саяжай үйлерінің ортасында орналасқан. Жақындап бармасаңыз, нақты қай ескерткіш екенін білу қиын. 

Ішке кіргеніңізде бірден көзге "1937-1950" деген жазу түседі. Сол қанды жылдардың белгісі секілді қызыл түспен жазылған.  

Бұл ескерткіштің орнатылғанына 30 жылға жуықтаған. 

Біз барғанда ескерткіш пен оның маңына жөндеу жұмыстары жүріп жатыр екен. Жұмысшылар ескерткішті қайта баяп, әрлеп жатыр.  

 

Ескерткіштің сыры кетсе де сыны, кетпеген. Жанынан қарасаңыз, адамдар қолын көтеріп, ескерткішті ұстап тұрғандай. Сол замандағы зиялылар бүтін бір халық тұтастығын ұстап тұрғандай көрінеді.     

Боралдайда тұратын жұрт үшін бұл - ең көрнекті жер. Олар үшін парк секілді. Аналар балаларымен серуендейді, кешқұрым үлкендер осында жиналып, шүйіркелеседі. Саяжайға қатысты жиналыстың бәрі осында болады екен.

Бір шеті балалардың ойын алаңына айналған. Доп теуіп, қуаласпақ ойнап жүрген балалар жетерлік. 

Ал түнге таман бұл жер жастар бас қосатын орынға айналады екен. Мұнда қоқыс тазалайтын жұмысшылардың айтуынша, күнде ескерткіш аумағынан ішімдіктер, шемішкі қабықтары, түрлі тәттілердің қабы табылады екен. 

"Мысалы бүгін ертеңгісін келіп бүкіл қоқысты жинап кетеміз, ертеңіне келгенімізде дәл сондай қоқыс қайта жатады. Кейде толған қоқыс пакеттері жатады, тұрғындар жәшікке апаруға ерінетін сияқты", - дейді жұмысшылар. 

Ескерткіш аумағының жан-жағында осындай тесік-қуыс көп. Тұрғындар қолдан жол жасап алған. Көше қиып өту үшін өте ыңғайлы жер екен. Біз барғанымызда да ескерткіштің өзіне емес, келесі көшеге өтіп кету үшін келгендер болды. 

"Бұл ескерткішке 31 мамырда көп адам келе бермейді. Тек бірен-саран адам келіп, гүл қойып кетеді. Көбіне жақын маңдағы аудандардан келеді", - дейді тұрғындар. 

Бұған себеп Саяси қуғын-сүргін құрбандары күнінде көп адам Жаңалық аулына барады. Мұнда құрбандарға арналған музей бар, ескерткіш те орнатылған. 

Жаңалықтағы Саяси-қуғын сүргін құрбандарына арналған музейдің директоры Мейіржан Мұсабаевтың айтуынша, 1980-жылдардың соңына қарай осы маңда бір адам үй салып жатып, адам сүйектерін тауып алған. Кейін сол маңның басқа жерлерінен де сүйектер шыға бастапты. Содан бері бұл жер зерттеліп, репрессия құрбандарының көбі осы жерге көмілгені анықталған. 

Жалпы, Алматы облысында репрессия құрбандары көп. Бүгінде сол құрбандарға арналған осындай ескерткіш бар. 

"1937-1938 жылдары Алматыдағы жертөлелерде күніне 20-30 адам атылған. Сосын олардың бәрін бір жерге әкеліп тастай берген. Мысалы, 163 адамның денесі 2х3 метрден табылды, бәрін бір-бірінің үстіне лақтыра берген", - дейді музей директоры. 

Бұрын осында тұрған қариялардың сөзін жұрт әлі айтып жүр. Үлкендердің сөзінше, сол жылдары осында күндіз тракторлар келіп, ор қазыпты. Ал түнде машинаның, атылған оқ даусы естіліп, ал таңертең сол ор көміліп тұрады екен. 

Бұл үлкен аумақта қуғын-сүргін құрбандары қайта жерленген. Айналасы қоршалған. 

Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин секілді қазақ зиялылары осында көмілген. 

Кейбірі осылай өз атасына арнайы ескерткіш те орнатқан. Бұған тыйым салынбайды екен. 

Бұл - Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей. 2018 жылы ашылған. Біз жұмыс күні барсақ та, музейге келген адам қарасы көп. 

Мұндағы иллюстрацияларды көрсеңіз, көзіңізге жас келуі мүмкін. Бұл жерде қуғынға ұшырап, баласынан айырылған әйел бейнеленген. 

Ал бұл көріністен жаға ұстайсыз. Мейіржан Мұсабаевтың сөзінше, ату жазасына кесілгендердің көбін осылай өлтірген. 

"Ату жазасына кесілді деген жарлық шыққан соң, НКВД қызметкері оны басқа бөлмеге алып барғандай болады. Сол кезде есік артында тұрған басқа қызметкер оның артынан атып тастайды екен. Себебі табылған денелердің көбінде оқ шүйкесіне тигені анықталды", - дейді ол.

Ал бұл репрессия құрбандарының заттары. Бәрі 80-жылдары үй салу кезінде табылған. Сол жағындағысы атылған оқ гильзалары. Ал оң жағында теріден жасалған аяқ киім қалдықтары. 

Құрбандардың киіміндегі ілгектер, тиындар табылған. Сол зұлмат заманның куәгері болып тұрғандай. 

Бұл жазу машинкалары, шам пен темекі сауыты. Бәрі де 1930-жылдары қолданылған. Нақты кімдікі екені белгісіз. 

Бұл ұзын-сонар тақталарда Алматы облысында қуғынға ұшыраған барлық адамның аты-жөні жазылған. Тізімде 4 125 адамның аты бар.  

Зұлмат заманның ызғары әлі білініп жатыр. Зиялылардың отбасы да ұзақ жылдар бойы қуғынға ұшыраған. Қазіргі уақытта бұл жерде құрылыс болса, жер қазылса тағы да сүйектер шығуы мүмкін. Таяуда ғана өңірде абаттандыру кезінде төрт адамның сүйегі табылыпты. Әлі табылмай, жер қойнауында жатқан сүйектер көп, дейді Мейіржан Мұсабаев.

Бұл естеліктің бәрін, бұл тарихты 31 мамырда ғана еске алмай, телегей теңіздей тарихымызды біле жүрсек, сезінсек, шіркін. Сондықтан бұл жазбамызға "сүйек үстінде жүрміз" деп тақырып қоюды жөн көрдік.

Қандысай. Айтылмаған ақиқаттың беті қалай ашылды

Қандысайдың құпиясы немесе 19 комиссардың бірі Ұзақбай Құлымбетов қазаққа қандай еңбек сіңірді?

Реклама
Реклама