19 января 2021 | 15:00

Ақын Үмбетәлі Кәрібаевтың төте жазумен шыққан кітабы табылды

Рахила Тлеуова Корреспондент

Жамбыл Жабаевтың шәкірті, ақын Үмбетәлі Кәрібаевтың төте жазумен жазған кітабы табылды. Кітап өте ескі, сыртқы мұқабасы жыртылған, бірінші бетінде Үмбетәлінің бұрын еш жерде жарияланбаған суреті бар. Tengrinews.kz тілшісіне Үмбетәлі Кәрібаев атындағы әдеби-мемориалдық музейдің ғылыми қызметкері Меруерт Әбішева құнды еңбекті қалай тапқанын айтып берді.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Жамбыл Жабаевтың шәкірті, ақын Үмбетәлі Кәрібаевтың төте жазумен жазған кітабы табылды. Кітап өте ескі, сыртқы мұқабасы жыртылған, бірінші бетінде Үмбетәлінің бұрын еш жерде жарияланбаған суреті бар. Tengrinews.kz тілшісіне Үмбетәлі Кәрібаев атындағы әдеби-мемориалдық музейдің ғылыми қызметкері Меруерт Әбішева құнды еңбекті қалай тапқанын айтып берді.

Үмбетәлі Кәрібаев әдеби-мемориалды музейінің ғылыми қызметкері Меруерт Әбішева ақынның еңбектері мен өмірбаянын зерттейді. Арнайы монография жазып жатыр.

Реклама
Реклама

Ғылыми-монографиялық еңбек

2016 жылдан бастап осы музейде қызмет етемін. Мен ғылыми қызметкер болғандықтан, көбінесе зерттеу жұмыстарымен айналысамын, архивтерде жүремін. Үмібетәлі Кәрібаевтың шығармашылығы жөнінде ғылыми-монографиялық жұмыс жазу барысында ізденіс жүргіземін. Көп жерге барып, ізденемін. Облыстық, аудандық музей, архивтерге бардым. Қырғызстандағы Шыңғыс Айтматов атындағы әдеби-ғылыми институтқа бардым. Ол жаққа да материалдарға тапсырыс беріп кеттім. Жалпы Үмбетәлі Кәрібаев барған жердің бәріне барып, мәлімет жинау жоспарда бар. Қытай, Құлжаға баруымыз керек. Карантинге байланысты шыға алмай қалдық. Ташкент музейін қарау керек. Ол жақта да көп архив бар. Мұның бәрі енді болашақтың еншісінде болып тұр.

"Қызық жағдай болды"

"Бір күні қызық жағдай болды. Осындай ізденіс үстінде жүргенде Алматыдағы Қазақ ғылым академиясының кітапханасында отыр едім. Үмбетәлі Кәрібаев туралы жиналған жазбаларда қарап отырған кезде бір ата отыр екен. Көзілдірік таққан қария. Кітапхана қызметкерлерімен сөйлесіп, зерттеу жұмысыма мәлімет жинап жүргенімді көріп, менің кім екенімді, қайдан екенімді сұрады. Сосын Жамбыл ауданынан келгенімді, Үмбетәлі Кәрібаевпен рулас, ұрпағы екенімді және монография жазып жатқанымды айттым. Ал ол кісі өзінде Үмбетәлі Кәрібаев туралы материал көп екенін айтты. Өз телефонын беріп, Үмбетәлінің Қытайда төте жазумен шыққан кітабы бар екенін жеткізді.

"Жақсы сорпа ішкім келіп тұр"

Маған сол кітапты беруге уәде етті және аты-жөнін ешкімге айтпауымды өтінді. Көктем болып қалған кез еді. "Жақсы сорпа ішкім келіп жүр, бір қойдың етін алып келсеңші" деді. Содан кейін кітапханада тағы бір рет жолыққанда көп материал алып келді. Кітапты берді. Мен де қойын сойып, ауылдан құрт-ірімшік апарып бердім. 

"Кітапты баяғыда бір жерден ұрлап алып едім"

"Бұл кітапты баяғыда бір жерден ұрлап алып едім. Аты-жөнімді айтпай-ақ қояйыншы" деп күлді. Сөйтіп аты-жөнін айтқан жоқ. Мен де қолқа сала алмадым, сұрамадым. Мұндай құнды жәдігерді алып тұрып, сұрауға ыңғайсыздандым. Содан кейін кітапты үйге алып келдім. Жеке архивімнің бәрін музейге алып келдім. Музей директоры Әуелбек Ысқақов та қуанды. Онда Үмбетәлі Кәрібаевтың еш жерде жарияланбаған суреті бар екен. Өзінің кітаптарына қосылмаған "Алатау" әні, "Қойшы" деген поэмасының араб тілінде жазылған нұсқасы бар екен. 


Фото: Қазақстанның тұлғалық музейлерінің қауымдастығы

"Үмбетәлі Кәрібаевты танисыз ба?"

Бір күні кітапханда сыртында Үмбетәлі Кәрібаевтың суреті бар құжатты түктеп тұрсам, бір жігіт "Үмбетәлі Кәрібаевты танисыз ба?" деп сұрады. Ол жігіт Қытайдан келген қазақ екен. Қазақ ұлттық университетінде тарихтан мұғалім екен. Өзінің атасы Үмбетәлімен дос болыпты. Көп мәлімет барын айтты. Сондықтан адам ізденсе, алдына мақсат қойса, Алла тағала алдынан шығарады ғой. Тура сондай өзімнің алдымнан тың деректер шығып жатса қуанамын. 

"Қандай жаңалық болатынын сол кезде көреміз"

Өзім төте жазуды оқи аламын. Қазір кітапты толық шифрлап үлгермедік. Оған біраз уақыт керек. Алдағы уақытта кітапты түгел компьютерге түсіреміз. Содан кейін жарияланбаған, кітабына қосылмаған немесе кейбір өлеңінің шумағы түсіп қалған шығар - соның бәрін бұрынғы шыққан еңбектерімен салыстырып көреміз. Алдағы уақытта тағы қандай жаңалық болатынын сол кезде көреміз. 

Үмбетәлі Кәрібаев 1889 жылы қазіргі Алматы облысы Жамбыл ауданы Үмбетәлі Кәрібаев ауылында дүниеге келген. 1969 жылы өмірден озған. Ақын, Қазақ КСР-інің халық ақыны (1961). Шапырашты тайпасының Айқым руынан.

Жасынан домбыра тартып, өлең-жыр шығарған. Ауылда оқып, хат таныған. Бақтыбай мен Тезек, Жамбыл мен Құлмамбет айтыстарын, "Мың бір түн", "Тотынама" дастандарын жатқа айтып, ел арасына таратты. Орынбай, Иса, Кенен Әзірбаев, Саяділ, Есдәулет, Қалқа, Жақсыбай, т.б. белгілі халық ақындарымен айтысқан.

Қырғыз жыршылары Оспанқұл, Жаманқұлдармен шығармашылық байланыста болды. Шығыс әдебиетінің мазмұнында "Үш өнерпаз", "Патша мен ұрылар", тарихи сюжетке құрылған "Кемпірбай мен Қисық батыр", бүгінгі өмірге байланысты "Марқа", "Мәлікбек" дастандарын шығарды.

1916 жылғы Жетісудағы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысып, оны жырға қосты. Үмбетәлі шығармалары "Өлеңдер мен дастандар" (1938), "Өлеңдер" (1951), "Өлеңдер мен толғаулар" (1958) деген атпен жарияланды. 1962 жылы таңдамалы шығармалары жарық көрді.

Үмбетәліге Алматы облысында ауыл аты берілген және аудан ортасында ақынға арналған әдеби-мемориалды музей ашылған.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
news135
Отправить
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии

Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram Последние новости
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная