1. Главная
  2. Узнай
  3. Новости
  4. Новости Казахстана

Алексей Цой "белгісіз пневмонияға" қатысты пікір білдірді

Фото: petropavltv.kz Фото: petropavltv.kz

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстандағы "белгісіз пневмонияға" қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Біз алдын ала жүргізілген клиникалық зерттеуді қарадық. Олар бұл ("белгісіз" - авт. еск.) пневмонияның коронавирус пневмониясы екенін көрсетті. Әрине, олар коронавирус-сынамасында теріс нәтиже көрсетеді. Бірақ тереңінен қарасаң, олар коронавирус ("пневмониясы" - автор) екені нақтыланып отыр. Бірақ барлығы емес", - деді министр орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, "белгісіз пневмонияны" коронавирус инфекциясы сияқты емдейді.

"Сондықтан симптомы коронавирусқа ұқсас пневмонияны емдеу коронавирус инфекциясын емдегенмен бірдей. Біздің емханаларда, стационарларда ондай науқастар жатыр. Олар коронавирус жұқтырған, ПТР оң нәтиже көрсеткен науқастар сияқты тиісті көмекті алып жатыр", - деді Алексей Цой.

Министр мұнда мәселе белгісіз вирус туралы болып отырмағанын атап өтті.

"Әрине, пневмонияның жартысының табиғаты басқа. Ол вирустық болып саналады. Бұл вирустар осыған дейін де Қазақстанда болған: бактериалды, саңырауқұлақты. Біз коронавирус пневмониясының жаңа толқыны туралы айтып отырмыз. Мұндай жағдай бізде ғана емес, көрші елдерде де байқалып отыр. Вирусты кейбір кездері тест көрсетпейді. Ауру пневмониядан басталып, нақтыланған коронавирус инфекциясымен аяқталады. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арнайы код енгізді. Яғни, адамдар шатаспас үшін арнайы категорияны ензігіп отыр", - деп түйіндеді сөзін ол.

Сондай-ақ, үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов елімізде коронавирус өсімі төмендегенін, отбасылық жиындарға жиі бармауға кеңес беріп, карантиннің ұзартылуына байланысты қазақстандықтар қосымша өтемақы алатынын айтқан болатын.

Айта кетейік, осыған дейін денсаулық сақтау министрі Қазақсанда коронавирус пен пневмония статистикасы біріктірілетінін мәлімдеген еді

Еске салайық, жақында Қытайдың кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстанда коронавирустан да қауіпті белгісіз пневмония анықталғаны туралы ақпарат тараған еді. Кейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бұл мәселе жөнінде Қытай елшісімен сөйлескен. Нәтижесінде Қытай елшілігі өз мәлімдемесін түзеткен. Бұл туралы сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев айтқан болатын.

Елімізде 87 664 адам COVID-19 жұқтырған. 57 815 науқас аурудан айыққан, 793 адам қайтыс болған.

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар.Telegramжелісінде бізге жазыл!