ПОДЕЛИТЬСЯ
31 января 2019 | 12:24
Әнші Гауһар Әлімбекованың адвокаты істің мән-жайын айтты
Алаяқтық үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылған әнші Гауһар Әлімбекованың адвокаты Жұмағали Зинелов Tengrinews.kz тілшісіне істің жай-жапсарын айтып берді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Алаяқтық үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылған әнші Гауһар Әлімбекованың адвокаты Жұмағали Зинелов Tengrinews.kz тілшісіне істің жай-жапсарын айтып берді.
Адвокат сот үкімімен келіспейтінін және таяу арада апелляциялық сотқа арыз түсіретінін мәлімдеді.
"Халық білуі үшін оқиғаның мән-жайынан бастайын. Бұл 2013 жылы болған іс. Алматы қаласындағы Райымбек даңғылының бойындағы "Ақкент" тұрғын үй кешенінде түрік компаниясы үй салған. Оны істің фигуранты Феруза Ордабаева әкімдікте істеймін әрі мемлекеттік бағдарламамен 3 бөлмелі пәтерлерді 40 мың долларға алып беремін деп, 35 адамды алдаған. Солардың ішінде әнші Гауһар Әлімбекова да бар. Ордабаева Әлімбекованың талай концерттеріне барып, сүйіп тыңдайтын жанкүйері болған, соңы таныстыққа ұласқан. Сөйтіп, екеуі құрбы болған. Әлімбекова сол алаяқ құрбысының ұсынысынан кейін үш туысының атынан үш бөлмелі 3 пәтер алған", - деп әңгімеледі ол.
Алғаннан кейін бір жылдай уақыт тұрғаннан кейін, адвокаттың сөзінше, ескі танысы, құрбысы Бақыт Назарова әншінің үйіне қонаққа келген. Осы кезде Назарова оның үйіне қызығып, өзі де сатып алғысы келеді. Осылайша, ол да Ордабаевамен танысып, үйге 40 мың доллар ақша береді. Сөйтіп, бір айдың ішінде Назарова баспаналы болады. Әнші Әлімбекова мен арызданушы Назарова екеуі бір подъезде тұрған.
Ал уақыт өте келе бұл үй негізі келісімшарт бойынша бөліп төлеуге сатып алынатын, құны әлдеқайда қымбат үй болып шығады.
"Сонда алаяқ әйел бұл екеуін бастапқы жарна ретінде 600 мың теңгесін төлеп, бір жылға үйге кіргізіп қойған да, қалған ақшасын қолды қылады. Үй алып, мәз болып жүргенде екі жылдан кейін бұларды баспана салушы компания қуып шығады. Сөйтсе, үйдің құны 37 миллион болып шығады. Үйді алған кезде алданғандар мұның бөліп төлеу арқылы сатып алынатын баспана екенін келісімшартта оқымаған. Алаяқ төлеп берген екі жыл бойы оларға ешкім тиіспеген де, осы уақыт өткеннен кейін үй салушы компания бұлардан ай сайын 250 мың теңгедей сома төлеп тұру керек дейді. Алданғандар осы кезде ғана есін жиып, алаяқтың құрбаны болғанын түсінеді. Сөйтіп, Әлімбекова да, оның құрбысы Назарова да, олармен бірге осылайша үйлі болған тағы 35 адам далада қалады", - дейді адвокат.
Осыдан кейін, Зинеловтың айтуынша, зардап шеккендер алаяқты іздеп, сотқа арыз жаза бастайды. Бұл кезде әнші Гауһар Әлімбекова шығармашылық адамы болғандықтан шаруасы көбейіп, арыз жазбай қалған.
"Яғни бұл істе әншінің өзі зардап шегіп отыр және бір емес, үш бірдей үйдің ақшасынан айырылып отыр. Арада уақыт өткенде, 2016 жылы Алматы қаласының Алмалы аудандық соты қылмыстық істің басты фигуранты Феруза Ордабаеваны соттап, оны 7 жылға бас бостандығынан айырады", - дейді адвокат.
2017 жылдың соңына дейін ақшасын әншіден күткен Бақыт Назарова шыдамы таусылып, Гауһар Әлімбекованың үстінен арыз түсіреді. Бұл сот ісі бойынша отырыс өтіп қойған болса да, жаңа зардап шегуші пайда болғандықтан, іс қайта көтеріліп, енді Феруза Ордабаевамен бірге сот алдына Әлімбекова да келеді. Мемлекеттік айыптаушы Әлімбекованы Ордабаевамен бірге алаяқтық жасады деп, яғни жәбірленуші Назарованы Ордабаевамен таныстырды және жолықтырды деп, Қылмыстық кодекстің 190-бабы, яғни "Алаяқтық" бойынша айыпты деп тануды, сөйтіп, сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұрайды. Бұл не деген сұмдық? Бірде бір тиын пайда көрген жоқ, жақсылық жасайын деп таныстырғаны үшін істі болуы керек пе?", - деп наразылығын білдірді адвокат.
Назарованың араз-талабы бойынша сот кеше, 2019 жылдың 30 қантар күні істің екі фигурантына қатысты үкім шығарады. Ол үкім бойынша, Феруза Ордабаева Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағында көрсетілген қылмысты жасауда кінәлі деп танылып, оған 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалған. ҚР "Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" 2016 жылғы 13 желтоқсандағы Заңынын 4-бабының 1-тармағы 2-тармақшасының жартысына дейін қысқартылып, оған түпкілікті түрде 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалған. Ал Гауһар Әлімбекова сот үкімімен алты жылға бас бостандығынан айырылған.
Осылайша, адвокаттың айтуынша, бұл істе үкім өте жылдам әрі мән-жайын анықтамай жатып шығарылған. "Мен айыптау актісі қате шығарылған деп есептеймін. Гауһар Әлімбекованың бұл істе кінәсі, пайда көргені, арам пиғылы болғаны бірде-бір эпизодта дәлелденбеген деп есептеймін. Оның үстіне өзі алдағысы келген адамға өзімен көрші үйді алып бере ме? Бұл логикаға жатпайды ғой", - деп қорытындылады адвокат сөзін.
Еске салайық, елімізге танымал әндердің авторы, әнші Гауһар Әлімбекова 30 қаңтарда алаяқтық үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Айта кетейік, әншінің "Ақ келін", "Көктемге хат", "Жас келін", "Қыз сезімі", "Оралшы махаббат", "Ақмаралым" әндері жұртшылыққа кеңінен таралып, танымал болған. Оның әніне жазылған өлеңдерді танымал эстрада жұлдыздары орындаған.
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также