ПОДЕЛИТЬСЯ
14 мая 2019 | 23:43
Балаға қалай мектеп таңдау керек: Басты талаптар
Ата-ана баласын мектепке беруде барынша жақын, берер білімі жоғары мекеме іздейді. Tengrinews.kz тілшісі педагогтардан ата-анаға баласына мектеп таңдауда қандай шарттар мен талаптарға қарау керек екенін сұрап білді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Ата-ана баласын мектепке беруде барынша жақын, берер білімі жоғары мекеме іздейді. Tengrinews.kz тілшісі педагогтардан ата-анаға баласына мектеп таңдауда қандай шарттар мен талаптарға қарау керек екенін сұрап білді.
40 жыл еңбек өтілі бар алматылық мұғалім Жанар Масаеваның айтуынша, ата-ана баласын білім беру мекемесіне бергенде бірінші кезекте мектептің алыс-жақынына қарайтыны өтірік емес.
Ата-аналар бірінші өзін ойлайды"Мектептің орналасуына қарай таңдау ата-анаға тиімді. Бұл ата-ананың жұмыс уақытына және жол қауіпсіздігіне байланысты жасайтын таңдауы. Қазіргі уақытта ата-аналар жеке жүргізуші жалдайды. Ал жүргізушіге 5 оқушы апарған тиімді. Сондықтан көршілерімен бірігіп бір жүргізуші жалдайтын да ата-аналар бар. Оқу орнын таңдағанда тағы бір қарастыратын шарт - мектептің материалдық базасына қарау керек. Мұғалімдердің іс-тәжірибесіне қарау керек", - деп кеңес берді ұстаз.
Жанар Масаева№174 мектеп гимназияның мұғалімі
Сондай-ақ, мұғалім қазіргі мемлекеттік және жекеменшік мектептердің білім деңгейін саралап көрді. Оның пікірінше, жекеменшік мектептерде сапалы білім беруге жағдай кең.
"Мемлекеттік мектепте оқушы саны 26 немесе 36, ал стандарт бойынша 22 оқушы болу қарастырылған. Ал жекеменшік мектептерде əр сыныпта ең көбі 6 немесе 4 оқушыдан. Бұл əр оқушымен жеке жұмыс жүргізуге өте қолайлы. Əрі үй тапсырмасы да мектепте түсіндіріліп орындалады. Бұл мемлекеттік мектептерде сапа жоқ деген сөз емес. Жұмыс жүргізуде оқушыны жан-жақты дамытуға тиімді уақыт кезеңі ғана. Мемлекеттік мектептерде де білім сапасы жекеменшік мектептерден кем түспейді. Сапа көрсеткіші де жоғары", - дейді ұстаз.
Тәрбиенің ошағы болуы керекМұқағали Мақатаев атындағы №140 мектептің мұғалімі Сафура Темурбаеваның айтуынша, дәл қазіргі уақытта ата-аналарға мектеп таңдауда қателеспегені абзал. Осы себептен де ұстаз ата-ана ретінде өз баласын мектебінің жақын орналасуына қарағамағанын айтады.
"Олай дейтін себебім, сананы тұрмыс билеген заманда бала көп жағдайда ата-ананың қарауынсыз қалып жатады. Себебі күйбең тіршілікпен баланы асырау мақсатында көбі таңнан қара кешке дейін кәсіппен, жұмысымен айналысып, бала-шаға мен отбасының қамымен жұмыс барысында жүреді. Осы сәтте баланың 7-8 сағаттық тұрағына айналатын - мектеп баланың адам болып қалыптасуына жайлы орын болуы керек. Мен педагог емес, ата-ана ретінде айтар болсам, өз балам оқитын мектепті үйіме жақындығына қарай таңдаған жоқпын. Баламның ұлттық менталитеттен алшақ қалмауы үшін ұлттық тәрбиенің иісі аңқып тұрған мектепке беруге тырыстым. Мектеп - білім ордасы ғана емес, тәрбиенің ошағы болса дедім. Мұғалімдерінің кәсіби шебер, өз ісін жетік білетін мамандар болуын да ескердім", - дейді ол.
Сондай-ақ, ол мұғалімдерінің тәжірибелі, жас маман екеніне емес, кәсіби шеберлігіне қарағанын айтады.
"Мектеппен қоса құзыретті мұғалім таңдауға тырыстым. Бір мектепті екіншісінен жоғары қоя алмаймын. Десек те, бұл жерде бірінші кезекте мектептің, ондағы мұғалімдердің сол білім ордасына баласын беріп отырған ата-ананың көзқарасына, қалауына ұнамды болуы шарт деп есептеймін. Баласының мінез-құлқына, қалыптасуына, дұрыс азамат болып шығуына әсер ететіндей ортаны іздеуі шарт. Әрине, осы талаптарға сай мектеп үйіне жақын маңнан табылып жатса, бұл баланың қауіпсіздігі үшін өте дұрыс болар еді", - дейді Сафура Темурбаева.
Вальдорф педагогикасы мен Монтессори жүйесіМұғалім балаға мектеп таңдауда ондағы білім беру стандартқа сай беріліп қана қоймай, түрлі жаңаша әдіс-тәсілдер арқылы берілуіне назар аудару керек екенін айтады. Маман осы ретте Вальдорф педагогикасы мен Монтессори жүйесі секілді оқыту әдістеріне тоқталды.
"Қазір білім беру жүйесіне толассыз жаңа теxнологиялар мен әдістер еніп жатыр. Ұстаз үшін жаңалықтың көшінен қалмау аса маңызды. Білім беру саласына келіп жатқан технологиялар,әдістер мен жүйелерді толыққаны іске қоспасақ та, элементтерін алудың пайдасы зор, себебі оның әрбірі құнды. Әдетте Штайнер әдісі, ал ғылымда Вальдорф педагогикасы деп аталатын жүйе бойынша баланың интеллектуалдық дамуынан бұрын, жаны мен тәнінің үйлесімді дамуын, яғни рухани дамуын жоғары қояды. Баланың сезімтал ақпарат арқылы табиғи жолмен әлемді тануына мүмкіндік жасау керек дейді. Бұл педагогиканың негізінде баланың ойлауына күш түсірмеу дұрыс деп есептеледі. Бала қоршаған ортаны өзінің өмірлік тәжірибесі арқылы танып, рухани ақыл-ойының әбден толысқан кезінде өз қалауымен іске асырып, өзі қолдана алатын кезге жету керек деп есептеледі. Бір сөзбен айтқанда, бала кез келген іске мейіріммен, сүйіспеншілікпен қарауы керек делінеді", - деп түсіндірді Сафура Сәлімбайқызы.
© pixabay.com
"Ал Монтессори жүйесі - баланың өз бетімен жұмыс істеуіне жол ашу. Бұл жүйе бойынша баланың интеллектуалдық қабілетін дамыту басты назарда болады және өзін-өзі тәрбиелеу мен өзіне баға беру маңызды деп есептеледі. Баланың кез келген жаттығуды я тапсырманы орындауында өзін-өзі жетілдіруі ескеріледі. Яғни баланы өз қызығушылығы, құштарлығы, мүмкіндіктері бойынша дамытып оқыту алғашқы орынға шығады. Мұндай жүйе бойынша оқытылған балалар шығармашыл болады, эссе жазуға бейім тұлға болып қалыптасады", - дейді ол.
Мәселе жекеменшік я мемлекеттік болуында емесАл мемлекеттік және жекеменшік мектептерді салыстырған ұстаз бірінің екіншісінен кем я артық емес екеніне тоқталды.
"Екеуі де бүгінгі заманның талабына қажет дер едім. Себебі, мәселен, жекеменшік мектептерде белгілі бір пән, ағылшын немесе физика, математика, кейбірінде музыкаға басымдық беріп тереңдете оқытылатын болса, жалпы білім беретін мемлекеттік мектептерде нақты бекітілген стандарт бойынша сабақ өтеді. Жалпы екі түрі де білім беру стандартын орындауға тырысады. Бір айта кетерлігі, мектеп таңдауды бірінші сыныпта ғана емес, барлық сыныпта да жекеменшік мектептен мемлекеттік мекемеге немесе керісінше ауысып, баласының білімін әрқалай шыңдауына ата-ананың әрдайым мүмкіндігі бар", - дейді мұғалім.
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также