24 января 2020 | 15:52

"Бойыңыз ұзын, отырыңыз". Тоқаев Үкімет отырысында министр мен әкімдерге не деді?

Бүгін елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Оның барысында Президент кей шенеунікті мақтаса, кейбіріне ескерту жасады. Сондай-ақ бірнеше тапсырма берді. Tengrinews.kz тілшісі Тоқаевтың үкімет отырысында не деп айтқанына қысқаша шолу жасады.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Бүгін елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Оның барысында Президент кей шенеунікті мақтаса, кейбіріне ескерту жасады. Сондай-ақ бірнеше тапсырма берді. Tengrinews.kz тілшісі Тоқаевтың үкімет отырысында не деп айтқанына қысқаша шолу жасады.

"Шетелден әртіс алып келудің қажеті жоқ"
Реклама
Реклама

Президенттің алғашқы тапсырмаларының бірі Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына бөлінетін қаржының жұмсалуын жіті бақылау және шығынын қысқарту. Бұл тапсырманы ол Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовке айтты.

"Бұл шара ұлы тұлғаны ұлықтауға арналған. Демеушілердің қаржысына болсын көп концерт жасап, шетелден әртіс алып келудің қажеті жоқ. Менің ойымша, шараларды іскерлік форматта өткізу керек. Сіз әкімдердің арасындағы тәжірибелі мамансыз, сондықтан Абайдың 175 жылдығы аясында өтетін іс-шараларды дұрыс бақылауыңыз керек", - деді Тоқаев ШҚО әкіміне.

Президент шаралар практикалық бағытта, идеологиялық жүктеме бойынша өтуі керегін айтты.

Алматы облысы әкіміне - "Барып тексеремін"

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысының әкімі Аманжол Баталовқа сұрақтар қойып, атқарған жұмыстарын тексеретінін айтты.

"Стратегиялық тұрғыда маңызды, белсенді, нәтижелі жұмыс жүріп жатыр. Көріп отырмыз. Сұрағым бар - газдандыру. Менің мәліметтерім бойынша, бүгінде 470 елді мекеннің 30 пайызына ғана газ берілген. Проблема неде?", - деп сұрады Президент.

Облыс әкімі қазір аймақты гандандырумен айналысып жатқанын, жыл соңына дейін 1,4 миллион адамға газ жеткізетіндерін айтқан.

"Жылдың екінші жартысында облысқа ісспармен барып, тексеремін", - деп ескертті Тоқаев.

"Бұлай жұмыс істеуге болмайды"

Мемлекет басшысы министрлерге де сын айтты. Тоқаев реформаларды жүзеге асыру қарқыны баяу жүріп жатқанын ескертті. Ол мемлекеттік аппараттың шешімді баяу қабылдайтынын айтып өтті.

"Бұлай жұмыс істеуге болмайды. Реформаларды жүзеге асыру керек. Президент шенеуніктерді дұрыс әрі жылдам жұмыс істеуге мәжбүрлеп, бақылаушы ретінде жүре алмайды. Премьер-министр де мұндай қарқынмен жұмыс істемеуі қажет. Оның алдында мүлде басқа міндеттер тұр. Сол себепті мемлекеттік аппарат өз жұмысын тиімді әрі жедел атқарып отыруы керек", - деді Мемлекет басшысы.

Қымбат көлік сатып алуға мораторий

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев қымбат көлік сатып алу мен түрлі форумдар өткізуге мораторий жариялауды ұсынды.

"Қымбат көліктер мен жиһаздар алу, түрлі форумдар, семинар мен мәслихаттар өткізуге кететін шығындарға ұзақжылдық мораторий жариялауды ұсынамын. Іс-шаралар тәжірибелік және идеологиялық пайда әкелуі керек", - деді Тоқаев.

"Кредитті төлей алатын адамға беру керек"

Тоқаев Қазақстанның қаржы жүйесі қазақстандықтар көптеп несие алатындықтан дімкәс екенін мәлімдеді. Сондықтан ол кредитті төлей алатын адамға беру керек екенін айтты.

"Былтыр қиын жағдайға тап болған жарты миллионға жуық қазақстандықтың қарызы жабылды. 1,2 миллионға жуық азаматтың тұтынушылық несиелері бойынша айыппұлдары мен өсімпұлдарды есептен шығарылды", - деп мәлімдеді Президент.

Тоқаев Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігіне осы мәселенің алдын алатын шешім қабылдауға тапсырма берді.

"Кредитті төлей алатын адамға беру керек. Бізде жеке тұлғаларға берілетін несие 1,4 триллион теңгеге өсіп, жалпы 6,7 триллион теңге болған. Оның өзі қайтарыла ма, жоқ па белгісіз", - деді Президент.

Алматыдағы әуе апатынан зардап шеккендердің мәселесі

Үкімет отырысы кезінде Тоқаев таяуда болған Bek Air әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырауын да ұмытпады. Президенттің сөзінше, оған зардап шеккендерден хат келіп жатыр.

"Өкінішке қарай, таяуда Bek Air әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. Маған зардап шеккендердің хаты келіп жатыр, олар өтемақы алмаған. Адамдар ауруханада жатыр, кейбірі еңбекке жарамсыз болып қалды. Бұған байланысты не істеліп жатыр?", - деп сұрады.

Бұған премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр зардап шеккендерге өтемақы жақын арада берілетінін айтты.

"Жылдамдатуды сұраймын. Зардап шеккен адамдарға үкімет пен әкімдіктер көмектесуі керек. Бұл мәселеге әкімдердің назарын аударамын. Жақын арада бұл проблеманы шешіңіздер", - деп тапсырды Президент.

Министрлер мен әкімдерге айтылған сын

Мемлекет басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы қымбаттауына қатысты министрлер мен әкімдердің жұмыстарын сәтсіз деп бағалады.

"Мен бағаны реттеуге тапсырма бердім. Өкінішке қарай, министрлер мен әкімдер бұл істі нәтижелі аяқтай алмады. Ел экономикасына қатысты белгілі бір қиындықтар бар екенін түсінемін, бірақ жұмысты сапалы істеу керек, бастысы - менің тапсырмамды орындау қажет. Орта есеппен азық-түлік құны 10 пайызға өскен", - деді Тоқаев.

Ресейлік, қырғыз және армян көліктері туралы

Соңғы уақытта ресейлік, қырғыз және армян көліктері туралы мәселе де үкімет отырысында қаралды. Оған қатысты Тоқаев нақты шешім қабылдады.

"Бүгінде Қазақстанда уақытында тіркеуден өтпеген, Еуразиялық Экономикалық Одақ елдерінен келген көліктер мәселесі бар. Мәселен, Ресей мен Қырғызстанда қазақстандықтар көлікті сенімхат бойынша алады, яғни, іс жүзінде олар көліктің иесі. Олар көлікті Қазақстанда тіркеусіз пайдаланып жүр.

Ал Арменияда қазақстандықтар Қазақстан заңнамасын бұзып техникалық құжат рәсімдеп жатыр. Көбі елге келген көлікті тіркеуден өткізбейді. Бас прокуратураға осы мәселені шешуге тапсырма беремін. Мәселені шешу үшін Үкімет бір ай ішінде бір реттік тәртіппен 2020 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша Қазақстан азаматтарының ЕЭО-дан жеке пайдалану үшін әкелінген автокөліктерді уақытша тіркеуді қамтамасыз етуі керек", - деп мәлімдеді Президент.

"Таразда болған оқиға - масқара"

Сонымен қатар, Президент аймақ әкімдеріне 2020 жылы дәлетханалар мен бейнебақылау камераларының мәселесін шешуді тапсырды. 

"Балаларға қатысты зорлық-зомбылықты болдырмау керек. Әкімдерге биыл өңірлерді бейнебақылау жүйелерімен жабдықтауды және қарапайым мектепке дейінгі ұйымдар мен мектептерді қарапайым қажеттіліктермен 100 пайызға қамтуды тапсырамын. Таразда болған оқиға - масқара", - деді Президент.

Бұған дейін Таразда даладағы мектеп дәретханасында сабақ кезінде 12 жастағы қыз зорланған болатын. Оқиғадан кейін мектеп директоры, директордың орынбасары, мұғалім мен кезекші қызметінен кеткен. Кейін Президент Тараз әкімін де жұмыстан босатуды тапсырды.

"Отырыңыз, бойыңыз ұзын"

Отырыс барысында Тоқаев кей министрдің бойына назар аударды. Мысалы, Экология, геология және табиғи ресурс министрі Мағзұм Мырзағалиевке ведомство бағдарламасына қатысты сұрақ қойған. Президентке жауап беру үшін Мырзағалиевке орнынан тұрып, үстел микрафонына қатты иілуге тура келді. 

Сол кезде Тоқаев "Отырыңыз, бойыңыз ұзын, жауап беруіңізге қолайсыз" деді. 

Артынша Президент Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа медициналық көмек туралы сқрақ қойған. Сол сәтте бірден министрдің бойына назар аударып, "Отырып жауап беріңіз, бойыңыз ұзын" деді. 

"Енжарлық пен жігерсіздік, батылсыздық"

Отырыстың соңына қарай Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметкерлердің жұмысына қатысты пікір білдірді.

"Бізге мемлекеттік аппараттың құрылымын - оларға қойылатын міндетті анықтау керек. Мұнда реформа қажет болады. (...) Басты мәселе - мемлекеттік қызметкерлердің менталитеті мен стилі. Олар нәтиже үшін жұмыс істеуі қажет. Жауапкершілікті басқа біреудің мойнына іліп қоюға болмайды. Енжарлық пен жігерсіздік, батылсыздық. Мұндай жауапкершілігі мол жұмысқа енжар қарауға болмайды", - деді Президент шенеуніктерге.

Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
news135
Отправить
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии

Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram Последние новости
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная