1. Главная
  2. Узнай
  3. Новости
  4. Новости Казахстана

"Ғашықтан оқу", "Кредит бар...андай-мындай" - сөзден сүрінген шенеуніктер14 августа 2020, 16:39

Соңғы аптада жаңадан тағайындалған Алматы облысының бас санитар дәрігері Ерғали Сыдымановтың талдықорғандық кәсіпкерлермен кездесіп, олармен дөрекі сөйлеуі қызу талқыға түсті. Желі қолданушылары шенеуніктің бұл қылығына наразы болған. Жалпы елімізде сөзден сүрінген шенеуніктер аз емес. Биылдың өзінде желідегілердің талқысына түскендер жетерлік. Tengrinews.kz солардың бірнешеуі туралы баяндайды.  

Коронавирус "наконец-то" анықталуы мүмкін - Жандарбек Бекшин

Қазіргі Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин бұл сөзді Қазақстанның бас мемлекеттік санитары лауазымы кезінде айтып, желіні күлкіге қарық қылған.

"Біздің болжам бойынша, коронавирус елімізде 11-16 (наурыз - авт.) арасында "наконец-то" анықталуы мүмкін. Бірақ ол тек болжам. Плюс-минус бірнеше апта... Бізде коронавирус анықталған сәтте арнайы шара қолданамыз", - деген еді Бекшин.

Жандарбек Бекшин бұл болжам ғалымдардың математикалық модельдеу негізінде жасалғанын айтты.

"Олар арнайы формула жасайды. Болжамды солар жасайды", - деп түсіндірген еді ол.

Желі қолданушылары сол кездегі бас мемлекеттік санитар дәрігердің "наконец-то" дегеніне қарап, ол коронавирусты асыға күтіп жүрген болар деген ойда болды. Осыған байланысты желіде түрлі мем пайда болды.

 

"Коронавирус "наконец-то" келуі мүмкін". Сіз кімсіз, Бекшин мырза?

Ғашықтан оқу - Гүлнар Айтқұлова

Биыл Қазақстандағы мектеп оқушылары коронавирус пандемиясына байланысты 6 сәуірден бастап қашықтан оқуға көшті. Елімізде мектептегі оқудың мұндай форматы алғаш рет қолданылды. Биылғы оқу жылын қазақстандық оқушылар қашықтан оқу арқылы аяқтады. Жаңа оқу жылының бірінші тоқсанында да мектеп оқушылары қашықтан оқиды.

18 наурызда Алматы қаласы білім басқармасының басшысының орынбасары Гүлнар Айтқұлова қашықтан оқу форматын түсіндіремін деп сөзден сүрінген болатын. Ол қашықтан оқу форматы дегенді "ғашықтық оқу" деп түсіндірген болатын. 

"Және де, егер де осы карантин жалғасқан кезде, және де 5 сәуірде каникул аяқталған кезде оқушылар ғашықтық оқуға ауысады. Осыған байланысты қазіргі таңда Алматы қаласы Білім басқармасы министрлікпен бірігіп, дайындық жұмыстарын жасап жатыр. Ғашықтық оқуға балаларды қалай ұйымдастырып оқытуға байланысты. Және де колледж студенттері 16 наурыздан бастап ғашықтық оқуда. Оларға арнайы бағдарламамен, арнайы тестпен, арнайы электрондық форматта ғашықтық оқу ұйымдастырылды", - деді тікелей эфирде Алматы қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары.

Шенеуніктің бұл баяндамасын біраз басылым сынға алған болатын.

Кредит бар...андай мындай - Ерғали Сыдыманов

Соңғы аптада желіде Алматы облысының бас санитар дәрігері қызу талқыға түсті. Өзінің алғашқы жұмыс күні Талдықорғандағы жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, олармен дөрекі сөйлескен шенеуніктің әрекетін желі қолданушылары жақтырмады.

"Халықпен тілдесудегі ең үлкен минус! Не мәдениет жоқ, қыз балаға СЕН деп сөйлеп тұр. Ойын да дұрыс жеткізе алмайды. Ондай адамдарды қалай қызметке алады? "Басымды қатырма" дегенді қалай түсінуге болады?", "Мемлекеттік қызметкердің этикеті қайда? Мәдениетті сөйлей де алмай тұр ғой! Бірінші рет осындай қызмет атқарса түсінуге болады. Андай мындай, туда сюда. Көшеден келген адам сияқты", - деп наразы болды желі қолданушылары.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ТАЛДЫКОРГАНЕЦ (@taldykorganec.insta)

Видео желіде тарап кеткеннен кейін оған ҚР денсаулық сақтау министрі Алексей Цой назар аударып, қызметтік тергеу жүргізуге тапсырма берді. Артынша видеоға қатысты Бас санитар дәрігердің өзі де пікір білдірді.

Оның айтуынша, бұл оқиға 12 тамызда болған. Сауда үйінің сатушылары облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне алдына жиналған. Олар Ерғали Сыдымановтан азық-түлік сатпайтын дүкендердің жұмыс істеуіне рұқсат беруін сұраған. Себебі, өңірде 3 тамыздан бастап, мұндай дүкендердің жұмыс істеуіне тыйым салыныпты. Ал желідегі видео, Ерғали Сыдымановтың айтуынша, монтаждалған.

"Маған белгісіз себептерге байланысты видеоға монтаж жасалған. Әңгіменің мазмұны өзгерген. Кейбір сөздер сүйектен өткен шығар, бірақ мен кәсіпкерлерге олардың жұмысы уақытша неге тоқтағанын түсіндіруге тырыстым. Видеода болған оқиғаның жағымды жағы көрсетілмеген. Кәсіпкерлермен жақсы сөйлестік. Нәтижесінде олар карантиннің аяқталуын күтетін болды. Бірақ бұл сәт видеода жоқ", - деді Алматы облысының бас санитар дәрігері.

Алматы облысының бас санитар дәрігері көпшілік алдында кешірім сұрады

Дегенмен, бұл оқиға да желі қолданушыларының назарынан тыс қалмады. Әлеуметтік желіде осыған қатысты түрлі мем пайда болды.

© Facebook / Насима Корганбекова