29 марта 2020 | 19:25

"Жағдай күрделі". Министр қазақстандықтарды алаңдатқан 7 сұраққа жауап берді

Рахила Тлеуова Корреспондент
Дәурен Абаев. Фото: Тұрар Қазанғапов

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Қазақстанда коронавирустан өлім көрсеткіші қандай екенін айтып, қазақстандықтарды толғандырған сұрақтарға жауап берді. Бұл туралы Хабар24 телеарнасының тікелей эфиріндегі брифинг кезінде айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Қазақстанда коронавирустан өлім көрсеткіші қандай екенін айтып, қазақстандықтарды толғандырған сұрақтарға жауап берді. Бұл туралы Хабар24 телеарнасының тікелей эфиріндегі брифинг кезінде айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Абаевтың ескертуі

Реклама
Реклама

Министр бүгінде Нью-Йоркте әр 17 минут сайын бір адам қайтыс болатынын ескертіп, қазақстандықтарды тағы да үйде отыруға шақырды.

"Карантин режимін бұзған біраз оқиғаны анықтап жатырмыз. Алайда, халықтың басым көпшілігі дәрігерлер кеңесіне құлақ асып, үйде қалып жатыр. Біздің мақсат - үрей туғызу емес, қорқыту емес. Алайда, карантин тәртібін сақтаудың өте маңызды екенін тағы да естеріңізге саламыз. Жағдай күрделі. Бірақ, ағайын, денсаулықтан қымбат не бар. Вирустың әлемде қалай өршіп жатқанын көріп отырған шығарсыздар. Мысалы, Нью-Йоркте коронавирустан әр 17 минут сайын бір адам қайтыс болып жатыр. Ауырғандардың жалпы саны - әлемде 600 мыңнан асты. Өлім көрсеткіші - 4,6 пайыз. Бұл жоғары көрсеткіш деп есептеледі", - деді Абаев.

"Дәрігерлердің жұмысын тексергісі келген"

Сондай-ақ, министр төтенше жағдай тәртібін бұзған 124 факт анықталып, 56 адам қамауға алынғанын атап өтті. Абаев дәрігерлерді себепсіз шақырған азаматтың әрекетін айтып, медицина қызметкерлердің жұмысына кедергі келтірмеуді ескертті.

"Бізде соңғы тәулікте төтенше жағдай тәртібін бұзғаны үшін 124 адам әкімшілік жауапқа тартылды. Олардың ішінде 56 адам қамауға алынды. Заңсыз жоғары бағада сатылып жатқан 40 мың маска мен 2 мың литрден астам антисептик табылды. Тәртіп бұзғандардың арасынан бір адамның әрекетін атап өткіміз келеді. Ол Damumed порталында өзінде коронавирус белгісі бар деп көрсеткен. Бірақ жедел жәрдем дәрігерлері ол адамнан ешбір ауру белгісін таппаған. Кейіннен анықталған, ол азамат жүйенің, дәрігерлердің жұмысын тексергісі келіпті. Әйтпесе, еш жері ауырмаған, шетелге шықпаған, ауырған адамдармен байланыста болмаған. Бұл әрекеті үшін оған айыппұл тағылды. Сондықтан, ағайын, түсінейік. Дәрігерлеріміз, онсыз да, ұйықтамай, үйіне қайтпай, бар жанын салып жұмыс істеп жатыр. Олардың әр минуты бағалы, әр секунды санаулы", - деді ол.

Қордан бөлінетін қаражат

Содан соң министр Ұлттық қордан кризиске қарсы шаралар үшін 1 триллион 825 миллиард теңге бөлінетінін айтты. Бұған дейін Дәурен Абаев брифингтердің бірінде "Ұлттық қордан қаржы алынбайды, қажеттілік жоқ" деген болатын.

"Кризиске қарсы шараларға тоқтап өтсем. Оның жалпы көлемі елімізде 4 триллион теңгеден асатынын білесіздер. Бұл шығын республикалық бюджеттен 2,1 триллион теңге мөлшерінде және инфрақұрылымдық облигациялар есебінен қаражат тартумен қамтамасыз етіледі. Мұнымен бірге, Ұлттық қордан 1 триллион 825 миллиард теңге кепілдік трансфер жасалады. Коронавирусқа байланысты алғашқы брифингтер кезінде мен Ұлттық қордан қаржы алынбайды деген болатынмын. Бұл - менің тарапымнан кеткен қате. Бұл үшін сіздерден кешірім сұраймын", - деді ведомство басшысы.

Төлем кімдерге жасалады?

Қазір халықтың ең өзекті мәселесі - уақытша не мүлдем жұмыссыз қалғандардың әлеуметтік төлемі. Осы орайда мемлекеттік комиссия әлеуметтік төлем алушылардың санатын ұлғайтып, өтініш беру тәртібін жеңілдеткен және өтінішті қарау мерзімін 7 күннен 3 күнге дейін қысқартқан.

"Жақсы жаңалықтар да бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік төлем алатын тұлғалардың тізімін ұлғайтты және оны беру тәртібін жеңілдетті. Біріншіден, төлем алатындардың санаты кеңейді. Бұрын айына 42500 теңге төлем алатындардың қатарына тұлғалардың жаңа санаты қосылды. Бұл жұмысты орындау және қызмет көрсету саласындағы азаматтық-құқықтық шарт бойынша табыс табатын тұлғалар. Сондай-ақ карантин енгізілген елді мекендердегі ірі бизнестің жұмысшыларына әлеуметтік төлем жүргізіледі. Екіншіден, төтенше жағдаймен байланысты табысынан айырылып қалғанын растайтын құжат қажет емес. Бұрын жұмыс берушілер өз қызметкерлері үшін өтініш білдіретін, жеке кәсіпкерлер өздері үшін өтініш жазатын", - деді Абаев.

Сонымен қатар, оның айтуынша, жаңа ережеге сәйкес, енді жұмыс берушілер әлеуметтік төлем алу үшін тек қызметкерлердің тізімін береді. Жеке кәсіпкерлер, дербес кәсіпкерлер, азаматтық-құқықтық сипаттағы жұмысшылар жеке деректерін ғана көрсетіп, өтініш білдіреді екен.

"Сондай-ақ, қызметкерлер жұмыс берушіні күтпей-ақ өтініш жаза алады. Бірақ мұндай кезде ол өзінің жұмыссыз қалғанын растайтын құжаттар ұсыну керек. Құжаттар электрон түрде тапсырылады. Үшіншіден, әлеуметтік сақтандыруға жасалған төлемнің мерзімі қысқарды. Бұрын соңғы 12 айдың кем дегенде 3 айында әлеуметтік төлем есептелу керек болатын. Енді тек соңғы 12 айда бір рет әлеуметтік төлем жасалған болса да жеткілікті. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем алғысы келетін жандарға әлеуметтік төлем және зейнетақы қорына ақша салынғаны туралы анықтама керек емес. Мұны "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорация автомат түрде тексереді. Төртіншіден, әлеуметтік төлемге берілген өтінішті қару мерзімі 7 күннен 3 күнге қысқарды", - деді Дәурен Абаев.

Маска тапшылығы бар ма?

Министр күніне 1 миллионға жуық маска тігіліп жатқанын, сондай-ақ алыпсатарлардың кесірінен маска халыққа тиісті дәрежеде жетпей қалуы мүмкін екенін атап өтті.

"Маскаға байланысты... Қазір бір күнде миллионға жуық (773 мың - авт.) маска шығарылып жатыр. Оның 70 пайызын тігін компаниялары, 30 пайызын фармацевтикалық компаниялар тігіп жатыр. Әдейі алыпсатарлық әрекеттер жасалмаса, маска тапшылығы болмауы керек. Оған өндіріс қуаты толықтай жетеді", - деді ол.

Адамдардың иммунитеті күресуге қабілетті ме?

Қазір желіде коронавирус жаңа инфекция емес, адамдардың иммунитеті күресуге қабілетті деген ақпарат тарап жатыр. Министр мұның жалған мәлімет екенін және COVID-19 коронавирустық инфекцияның жаңа түрі екенін айтты.

"Бізден бір ақпаратқа комментарий беруді сұрап жатыр. Қазір "коронавирус жаңа ауру емес. Ол 1965 жылы анықталған және адамдардың 70 пайызында оған қарсы иммунитеті бар" деген ақпарат таралып жатыр. Бұл жерде ескеретін мәселе бар. Дәрігерлер мен мамандар мені толықтырады деп ойлаймын. Коронавирус - ол вирус тұқымдасы. Оған 40-тан астам вирус кіреді. Атепитиялық пневмония - бұл да коронавирус. Таяу Шығыс респираторлық синдромы - ол да коронавирустың бір түрі. Шынында да, 1965 жылы осындай вирустың алғашқы түрі табылған. Бірақ COVID-19 емес. Сондықтан қазір коронавирустан қорықпай, жұмысқа шығуға болады деп айту - бұл іріткі салу. Сондықтан адамдарда COVID-19 вирусына қарсы ешқандай иммунитет жоқ. сенбесеңіздер, Италия тұрғындарынан сұрауға болады деп ойлаймын. Сондықтан санитарлық талаптарды сақтап, үйде отыру керек", - деді ол.

Сонымен қатар, Дәурен Абаев Алматы облысында тұратын медицина қызметкерлерінің Алматы қаласындағы жатақханаларда орналасқанын және бүгінде 4 мыңнан астам дәрігер сол жатақханаларда тұрып жатқанын айтты.

"Алматы облысында медициналық мекемелерде жұмыс істейтін барлық қызметкер студенттердің жатақханасында тұрып жатыр. Егер қажет болса, мекеме басшысы қалалық әкімдікке өтініш білдіреді. Қазір облыста тұратын 4 мыңнан астам дәрігер қаладағы жатақханаларға орналастырылған. Ертең мемлекеттік комиссия президенттің тапсырмасы аясында дәрігерлерге қосымша қолдау шаралары туралы хабарлайды деп ойлаймын", - деді ведомство басшысы.

Дезинфекция қауіпті ме?

Желіде Алматы қаласында құстардың қырылып қалғаны және иттердің жатқаны түсірілген видео тарады. Осы орайда тұрғындар арасында мұны коронавирусқа қарсы дезинфекцияның салдарынан болуы мүмкін деген болжамдар айтылды. Алайда министрдің айтуынша, Алматы қаласында қолданылып жатқан дезинфекциялық құралдардың адам мен жануарлардың өміріне ешқандай қаупі жоқ.

"Келесі сұрақ - дезинфекция. Ол қаншалықты адамдарға немесе адамдарға қауіпті? Алматы қаласының дезинфекциялау орталығы заманауи құралдарды пайдаланады. Олар қауіптілігі жағынан 4-класқа жатады. Яғни, қауіпсіздігі төмен. Олар адамның және жануарлардың денсаулығына қауіпті емес. Барлық ерітінді нұсқаулық бойынша әзірленеді. Тек рұқсат етілген препараттар қолданылады. Үйден 5 сағат бойы шықпау туралы ескертуді де нұсқаулыққа сәйкес орындау керек", - деді ол.

ТҚО-лар жабылды ма?

Бұдан соң министр Нұр-Сұлтан қаласындағы тазалық қызметі мен көлік жуу орындарының қызметіне тоқталды. Коммуналдық қызмет бұрынғы режимде жұмыс істеп жатыр, ал көлік жуу бекіттері карантин кезінде жабық болатынын тағы да ескертті.

"Карантин режимі кезінде елордадағы коммуналдық қызметі штаттық кесте бойынша жұмыс істеп жатыр. Ешқандай қысқарту не жұмысты тоқтату болған жоқ. нақты мәселе бойынша І-komek сервисіне хабарласу керек. Көлік жуу орындары мен техникалық қызмет көрсету орталықтарын (СТО - авт.) тізімнен алып тастаған жоқпыз. Біріншіден, бұлар адам өміріне алғашқы кезектегі қажетті нысандар емес. Дәріхана не азық-түлік дүкені емес. Көлік жуу орындарынсыз карантинді өткізуге болады. өз өміріңізді қауіпке төндірудің қажеті жоқ, - деді ол.

Сондай-ақ, министрдің айтуынша, Қазақстанда "үй жануарлары коронавирус жұқтырған жоқ".

Брифинг соңында министр БАҚ үшін күніне 3 онлайн-брифинг жүйелі түрде өтетінін атап өтті.

"Ертеңнен бастап күніне 3 рет жүйелі түрде брифинг өтеді. Министрлік, әкімдік, ұлттық компаниялар ең өзекті мәселелер бойынша өткізеді. Бұл мемлекеттік комиссияның экономикалық шараларды қабылдауы, жергілікті әкімдіктердің шұғыл шаралары туралы болады", - деді Дәурен Абаев.

Айта кетейік, қазіргі уақытта елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырған 271 адам анықталды. 18 адам емделіп шықты, 1 адам қайтыс болды.

Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
news135
Отправить
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии

Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram Последние новости
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная