ПОДЕЛИТЬСЯ
31 мая 2021 | 17:07
"Қожа Ахмет Ясауи оқыған". Көне түркі тіліне аударылған алғашқы Құран кітап шықты
Түркістанда халықаралық конференция өтіп, онда көне түркі тіліне аударылған алғашқы Құран кітап ұсынылды. Халықаралық Түркі академиясы шығарған бұл ерекше басылым біздің заманымызға жеткен Құран аудармасының ең көне және толық нұсқасы саналады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Түркістанда халықаралық конференция өтіп, онда көне түркі тіліне аударылған алғашқы Құран кітап ұсынылды. Халықаралық Түркі академиясы шығарған бұл ерекше басылым біздің заманымызға жеткен Құран аудармасының ең көне және толық нұсқасы саналады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл аударманы қайта шығарған мамандардың айтуынша, Құран аяттары мен сүрелерін хафиздер жаттап, уахи-аян хатшылары жазып алып, өзгелерге жеткізіп отырған. Аяттарды көшіріп жазуға сахабалар мен сүрелерді жатқа білетін хафиздер сүйек, тері, тақтайша тастар, құрма ағашынан жасалған тақталар, қыш тақталар, папирустар және басқа да жазуға қолайлы материалдарды қолданған.
Ал Құран кітабы көне түркі тіліне алғаш болып Қарахан мемлекеті тұсында аударылған. Оның көшірмелері біздің заманымызға дейін жетіп отыр. Ол Құран аудармасының ең көне әрі толық нұсқасы саналады.
Мың данамен шыққан кітапта Қазақстан Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның алғысөздері жазылған.
"Сонау Х ғасырда жазылып, хұснихат шеберлерінің көшіруімен бізге жеткен қасиетті Құран тәржімасының Ыстамбұл нұсқасы факсимиле ретінде басылып отыр, бұл айрықша оқиғаның әзірет Түркістанның қайта түлеуімен тұспа-тұс келуі - түбі бір түркі әлемінің рухани жақындасу мен жаңғыруының айқын айғағы", - дейді Назарбаев.
Кітап құрастырушыларының айтуынша, Құран Кәрімнің аудармасы жасалған ең көне тілдердің бірі - түркі тілі. Исламды 950 жылдары лек-легімен қабылдаған түркі халықтары қажетті аят-сүрелерді ана тіліне аударып қолдана бастаған.
"Нақты тарихи мәліметтерге сүйенсек, Құран алғаш рет түркі тіліне Х ғасырда аударылған. Бірақ ол аударманың нақты қай жылы және кім жасағаны туралы мәлімет жоқ", - дейді олар.
Қолжазбалардың ең көнесі 1333-34 жылы Шираздық Мұхаммед бин Хаж Дәулетшаһ тарапынан Елхани Абусаидтің билігі тұсында көшірілген Ыстамбұл нұсқасы деп саналады. Ол қазір Түрік және Ислам өнері музейінде сақтаулы тұр.
"Шығыс түркі тілінде жоларалық сөзбе-сөз аудару тәсілімен жасалған бұл қолжазбаның табылу тарихы туралы мәлімет аз. Кезінде бір адам оны Әйюб Сұлтан кесенесіне тарту еткен екен. 1922 жылы Қайрымдылық қорлары мекемесі Түрік және Ислам өнері музейінде тапсырған. Біздің оқырманға ұсынып отырғанымыз - осы Ыстамбұл нұсқасы", - дейді кітап құрастырушылары.
Қолжазбаның мұқабасы қоңыр былғарыдан жасалған, зерленіп, әшекейленген. Кейіннен жасыл шүберекпен қапталған. Қолжазбаның алғашқы екі парағы мен сүре атаулары жазылған беттер өрнектеліп, алтын түспен сәнделген. Құран мәтінінің тоқтап, үзіліс жасайтын тұстары, бөлімдер және паралар арасы гүлді өрнекпен беріліп, көркем безендірілген.
Бет көлемі: биіктігі - 36 см, ені - 27 см. Жолдардың ұзындығы - 14 см. Қолжазба 451 парақтан тұрады. Оның әр бетінде 9 жол арабша және әр жолдың астына түркі тілінде аудармасы берілген, жалпы 18 жолды құрайды. Беттің төменгі жағындағы бүлінген жерлері қалпына келтірілген.
"Көне түркі тіліне алғаш аударылған, кезінде Қожа Ахмет Ясауи сынды ғұламалар оқып, пайдаланған Құран кітабының толық факсимиле нұсқасы тұңғыш рет жарияланып отыр", - дейді құрастырушылар.
Сонымен қатар, қазір дүние жүзінің түкпір-түкпіріндегі музейлерде көне түркі тіліне аударылған Құранның түрлі нұсқасы сақталып тұр. Оның ішінде Британ нұсқасы, Ресейдегі "Аноним тәпсір", Өзбекстан нұсқасы бар.
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также