Өзбекстанда латын негіздегі өзбек әліпбиін енгізу 1920 жылдан бері жалғасып келеді. Алайда бүгінге дейін өзбек қоғамына еніп кете алмады. Кейбір салаларға енгенімен, әлі күнге БАҚ кирилл қарпін қолданады. Ғасырға жуық уақыт өтсе де, осыншалықты проблемалар шешілмей келеді. Өткен аптада көрші елде жаңа әліпби ұсынылып, қоғам талқысына салынды. Tengrinews.kz тілшісі маманнан бұл әліпбидің ерекшеліктері мен басымдықтары жайлы сұрап білді.
Өзбекстанда латын негіздегі өзбек әліпбиін енгізу 1920 жылдан бері жалғасып келеді. Алайда бүгінге дейін өзбек қоғамына еніп кете алмады. Кейбір салаларға енгенімен, әлі күнге БАҚ кирилл қарпін қолданады. Ғасырға жуық уақыт өтсе де, осыншалықты проблемалар шешілмей келеді. Өткен аптада көрші елде жаңа әліпби ұсынылып, қоғам талқысына салынды. Tengrinews.kz тілшісі маманнан бұл әліпбидің ерекшеліктері мен басымдықтары жайлы сұрап білді.
Құралай Күдеринова,А.Байтұрсынұлы атындағыТіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, профессор
|
Түркі тілдеріне зерттеу жүргізген филолог маман Құралай Күдеринова өзбек тіліне латын қарпін енгізу тарихын айтып берді.
"1993 жылдың 2 қыркүйегінде "Латын жазуына негізделген өзбек әліпбиін жария ету туралы" бұйрық шықты. Ал экономикалық шығын бюджеттік емес ұйымдарға салынды. Өзбектің алғашқы әліпбиі жақсы еді. Онда барлық түркі халықтары ымыраласып, ортақ келісілген Ыстамбұл басқосуында ұсынылған әліпби негізге алынған: Aa, Bb, Cc, Dd, Ee, Ff, Gg, Hh, Ii, Jj, Kk, Ll, Mm, Nn, Oo, Pp, Qq, Rr, Ss, Tt, Uu, Vv, Xx, Yy, Zz, Çç, Ğğ, Ɉɉ, Ññ, Öö, Şş,ʼ. Яғни 31 әріп, 1 дәйекше болды", - дейді маман.
Алайда оның айтуынша, саяси себептерге байланысты 1995 жылы әліпбиге өзгеріс енген.
"Онда бұрынғы ортақ түркі әліпбиінен бас тартып, клавиатурадағы 26 әріпті ғана пайдалану қажет деп табылды. Сөйтіп, 26 әріп, 1 дәйекшемен жазылды өзбек мәтіндері. 6 дауыстының таңбасы мыналар: а, е, і, о, u, o`. Ал үш дыбыс қосар әріппен берілді: ş таңбасы sh-пен, ç таңбасы ch-пен,ñ таңбасы ng-мен берілді. Екі дыбыс апострофпен берілді: ğ таңбасы gʻ-мен, ö таңбасы oʻ-мен. Әліпбиде өзбек тілінің өзіне тән дыбыстарының таңбасы соңына тіркелді: Aa, Bb, Dd, Ее, Ff, Hh, Ii, Jj, Kk, Ll, Mm, Nn, Oo, Pp, Qq, Rr, Ss, Tt, Uu, Vv, Xx, Zz, O`o`, G`g`, Sh sh, Ch ch, N n, ng", - дейді ол.
Сөйтіп, 1993 жылы Анкарада келісілген ортақ әліпби жобасын бірінші болып өзбек жазуы бұзған. Апостроф пен қосар таңбалар сөз тұрқын ұзартқан. Мәселен, ish (іс), uch (үш), besh (бес), shisha (шиша), shoshmoq (асығу), sharshara (сарқырама), chashma (бұлақ).
Күдеринованың айтуынша, жалпы, жазудың тілге әсер ететінінің бір айқын дәлелі өзбек жазуынан көрінеді.
"Сингармонизм заңдылығына сәйкес 8-9 дауыстының таңбасы болуы тиіс әліпбиде 5 дауыстының ғана таңбасы болды. Өйткені сингармонизм құбылысы экономикасы нашар аудандарда тұратын халық диалектісінде ғана болды да, ал абаттана бастаған қала тұрғындары тілі иран тілінің әсері басым, 6 дауыстымен айтылатын тілді - әдеби тіл етті. Сөйтіп, өзбек жазуы 1934 жылдан бастап ә, ө, ү және ы әріптерін таңбаламайды. Сол себепті бүгінде өзбек тілі-түркі тілдерінің ішінде сингармонизм құбылысын жоғалтқан чуваш тілінен кейінгі тіл", - дейді ол.
Дегенімен, оның пікірінше, 2015 жылға дейін Өзбекстанда латын жазуы толықтай енбегені, білім беру мен іс-қағаздар тілі жартылай латын жазуына өткені, баспасөз тілі әлі де кирил графикасында шығатыны, әдебиеттің 70 пайызы орыс әліпбиімен жарияланатыны өтірік емес.
"Жалпы көпшіліктің 2000 жылға дейін латын жазуын меңгеруі жоспарланған еді. Ал латынға көшудің ақырғы мерзімі 2005 жылдың 1 қыркүйегі болып белгіленгенді. Латын қаріпті кітаптар тек мемлекеттік тапсырыспен шығарылды. Қатардағы авторлар өз есебінен шығарады. Ұлттық қағаз валюта кирилмен, монета екі графикамен де жазылған. Қазіргі өзбек жазуы қай графикамен жазсаң да еріктісің дегендей", - дейді маман.
Алайда бұл еріктілік әліпбидің нашарлығынан болса керек дейді филолог.
"Оның үстіне 2017 жылдан бері өзбек әліпбиіне реформа жасау қажеттілігі жиі айтылып келеді. Міне, биыл мамыр айында бір нұсқаға тоқтаған сияқты. Оның басты ерекшелігі сол 1993 жылға нұсқасына, толықтай болмаса да қайта көшуі, мысалы, ş және ç әріпасты диакритикасымен ш және ч дыбысын таңбалады. Әліпбиге С әрпін алған. Бірақ апострофы бар oʻжәне gʻ әрпін біздің әліпбиге ұқсатып, ó және ǵ-мен таңбалаған. Дегенмен, бұл таңбаларға да ұсыныстар бар. Яғни әлі де бірауызбен осы нұсқа қолдау тауып отырмаған сыңайлы", - дейді маман.
Айта кетейік, таяуда Өзбекстанда латыннегізді жаңа өзбек әліпбиі таныстырылған еді. Әліпбиді дайындауға жауапты комиссияның мүшесі Саодат Мухамедова жаңа әліпбиге көшудің себебі деп ескі әліпбидің уақыт өте келе жаңа технология заманында көшке ілесе алмайтынын атап өткен. Алайда, бұл тек жоба ретінде ұсынылып отырған нұсқа.